Титке арналған хат


1

1 Құдайдың қызметшісі әрі Иса Мәсіхтің елшісі Пауылдан дұғай сәлем. Құдай таңдап алғандарын Мәсіхке сендіріп, Өзіне ұнамды өмір туралы шындықты білуге жетелеу үшін мені тағайындап, жіберді. 2 Осы сенім мен білім мәңгілік өмірге деген үмітімізге негізделген. Жалған сөйлемейтін Құдай бізге сол өмірді әуел бастан-ақ уәде етіп, 3 Өзі белгілеген уақытында хабарын уағыздатып, паш еткізді. Соны уағыздау Құтқарушымыз Құдайдың бұйрығымен маған да аманатталды. 4 Менімен бірге бір сенімдегі шынайы балам іспетті Титке Құдай Әке мен Құтқарушымыз Иса Мәсіх рақымын жаудырып, тыныштық сыйлай көрсін! 5 Мен сені Критте аяқталмай қалған істерді реттеп, әрбір қаладағы қауымға жетекшілер тағайындау үшін қалдырған едім. Менің нұсқауларымды ұмытпа: 6 жетекші ешбір кінәратсыз, әйеліне адал, ал балаларының сенуші болуы қажет. Жұрт оларға мінез-құлықтары жаман, ешкімге мойынсұнбайды деп айып тақпауға тиіс. 7 Себебі қауым басқарушысына Құдайдың жұмысына жетекшілік ету сеніп тапсырылады, сондықтан ол мінсіз болып, менмен, ашушаң, арақ-шарапқа салынған, ұрыншақ, пайдакүнем болмауы керек. 8 Керісінше, ол қонақжай, ізгілік атаулыны сүйетін, байсалды, әділ, пәк таза әрі ұстамды болуға міндетті. 9 Сондай-ақ, ол басқаларды дұрыс ілімге үйретіп, соған еруге жігерлендіріп, Ізгі хабардың қарсыластарын теріске шығара алуы үшін ілімімізге сәйкес шынайы хабарды берік ұстануға тиіс. 10 Өйткені бағынбайтындар, бос сөйлеушілер және алдаушылар көп, әсіресе яһуди дәстүрлерін ұстанушылар арасында. 11 Мұндайлардың ауыздарын жабу қажет, себебі олар оқытпауға тиісті нәрселерді арам пайдалары үшін насихаттап, кейбір отбасыларын түгелдей тура жолдан адастырады. 12 Криттіктердің біреуі, өздерінің пайғамбары: «Криттіктер — әрдайым өтірікшілер, зиянды хайуандар, еріншек мешкейлер», — деген. 13 Бұл — шынайы куәлік. Сол себептен де оларға мықтап ескерт: дұрыс сенімді ұстанып, 14 яһуди аңыздарына, шындықтан адасқан адамдардың ережелеріне ден қоймасын! 15 Көңілі тазаларға бәрі де таза, ал күнәға былғанып, сенбейтіндер үшін еш нәрсе де таза емес, олар ақыл-естері де, ар-ұждандары да арамданғандар. 16 Құдайды білеміз десе де, мұнысын іс-әрекеттерімен жоққа шығарады; олар — жек көрінішті, ешкімге бағынбайтын, ешқандай игі істер жасауға жарамсыз жандар.



2

1 Ал сен дұрыс ілімге сай келетінді үйретуің керек. 2 Егде тартқан ер адамдар қырағы, байыпты әрі байсалды, олардың сенімі, сүйіспеншілігі және шыдамдылығы шынайы да берік болуға тиіс. 3 Сол сияқты, егде әйелдердің жүріс-тұрыстары Құдайға бағышталған әйелдерге лайықты болуы қажет: олар ешкімге жала жаппай, арақ-шарапқа салынбай, қайта, басқаларды жақсылыққа үйрететін болсын. 4 Егде әйелдер қыз-келіншектерді күйеулері мен балаларын сүйіп, 5 байсалды, кіршіксіз таза, үй шаруасына ұқыпты әрі мейірімді болып, күйеулеріне мойынсұнуға жігерлендіріп үйретсін. Осылайша олар Құдай сөзінің жамандалуына жол бермесін. 6 Осы секілді, жігіттерді де байсалды болуға шақыр. 7 Өзің барлық істе де ізгіліктің үлгісі, тәлім беруде адал және байыпты бол. 8 Айтқан сөзің айыпталмайтындай дұрыс бола берсін, сонда қарсыластарымыздың бізді жамандайтын еш нәрселері болмай, ұятқа қалады. 9 Басыбайлы қызметшілер қожайындарына барлық істе де мойынсұнып, көңілдерінен шығуға ұмтылсын. Оларға қарсы сөйлемей, 10 ұрлық жасамай, әрдайым шын көңілмен адал болулары керек; осылайша Құтқарушымыз Құдайдың ілімін көркейтсін. 11 Өйткені Құдайдың бүкіл адамзатқа құтқарылуды ұсынатын рақымы анық білінді. 12 Ол бізді Оған ұнамсыз қылықтар мен күнәкар дүниелік құмарлықтардан бас тартып, қазіргі заманда байыпты, әділ және Құдайға ұнамды өмір сүруге бағыттайды. 13 Себебі біз керемет үмітіміздің іске асуын күтудеміз: ұлы Құдайымыз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіх зор салтанатпен көрінетін болады. 14 Ол бізді бүкіл жамандық атаулыдан азат етіп, тазартып, Өзінің меншікті, игі істерге ынталы халқы ету үшін жанын қиып, құрбан болды. 15 Бұларды қауымдарға барлық беделіңмен айтып беріп, насихаттап, елемейтіндерді әшкереле. Ешқайсысы сені менсінбей жүрмесін.



3

1 Үкімет пен жергілікті әкімшілік өкілдеріне мойынсұнып, олардың еркін орындап, жақсылық атаулыны жасауға дайын болу қажеттігін сенушілердің естеріне салып отыр. 2 Сонымен қатар, олар ешкімді қаралап, жанжал туғызбай, жұрттың бәріне бірдей мейірімділік пен ілтипаттылық танытуға тиіс. 3 Бір кезде біз де түйсіксіз болып, тіл алмай, азғырылып, түрлі құмарлықтар мен ләззаттың құлы болдық. Өмірімізді қара ниеттілікпен, күншілдікпен өткізіп, басқаларға жексұрын болып, бір-бірімізді де жек көрдік. 4 Алайда Құтқарушы Құдайымыз Өзінің қайырымын және адамзатқа деген зор сүйіспеншілігін айқын көрсеткенде 5 бізді құтқарды. Ол бізді жасаған әділ істерімізге бола емес, Өзінің мейіріміне бола күнәдан жуып тазартып, Киелі Рухы арқылы рухани қайта туғызып жаңартты. 6 Құдай бізді Өзінің Киелі Рухына Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің арқасында молынан кенелтті. 7 Осылай біз Құдайдың рақымымен ақталдық, Оның сыйлайтын игіліктерінен үлестерімізді алып, мәңгілік өмірден үміттіміз. 8 Бұл айтқандарым нағыз шындық. Құдайға сенгендердің өздерін жақсылық жасауға арнаулары үшін бұларды баса айтуыңды қалаймын. Олар адамдарға ізгілікті де пайдалы. 9 Мәнсіз айтыстар мен ата-тек туралы бос әңгімелерге, жіктелу мен Таурат заңы туралы дау-тартыстарға жол берме! Олар пайдасыз, құр бекершілік. 10 Қате ілім таратып, жік салатын әркімге бір-екі рет ескерту жасап, тыңдамаса байланыстарыңды үзіңдер. 11 Әбден бүлінген мұндайдың күнә жасай беріп, өз үкімін өзі шығаратынын білесің. 12 Мен Артема не Түхікті саған жіберген бойда кешікпей-ақ Никополға тез жетуге тырыс, сол жақта қыстап шығуға бел будым. 13 Заң қызметкері Зенаның және Аполлостың ешбір тапшылық көрмеулері үшін сапарларына қамқорлық жаса. 14 Біздің адамдарымыз өнімсіз өмір сүрмей, мұқтаждардың қажеттерін қамтамасыз етулері үшін игі істермен айналысуға үйренсін. 15 Қасымдағылардың бәрі де саған сәлем айтуда. Ортақ сенімде бізді сүйетіндерге сәлемімізді жеткіз. Лайым Құдай барлығыңа да рақымын жаудыра көрсін! (Аумин.)



AMAZING GRACE BIBLE INSTITUTE