Елшілердің істері11 Қымбатты Теофил! Бірінші кітабымда мен Исаның қызметіне кіріскен уақытынан бастап, 2 көкке көтерілген күніне дейінгі аралықта не істеп, не үйреткені туралы түгел баяндадым. Ол көкке көтеріліп кетпес бұрын Өзінің таңдап алған елшілеріне Киелі Рухтың жетелеуімен нұсқауларын берді. 3 Иса азапталып өлгеннен кейін оларға көптеген сенімді дәлелдер арқылы Өзінің тірі екенін ашық көрсетті: қырық күн бойы Ол елшілеріне көрініп, Құдайдың Патшалығы туралы тәлім беріп жүрді. 4 Бірде Иса елшілерімен дастарқан басында жиналған кезде оларға былай деп бұйырды: — Иерусалимнен кетпей, Әкенің өз уәдесін орындауын тосыңдар! Мен сендерге сол туралы айтқан едім ғой. 5 Жақияның шомылдыру рәсімі сумен болатын, ал енді біраз күнде сендер Киелі Рухпен шомылдырыласыңдар. — 6 Сондықтан елшілер Исаның қасында болғанда Одан: — Иеміз, Исраил елінің патшалығын осы кезде қайта орнатасыз ба? — деп сұрады. 7 Иса оларға былай деп жауап қайтарды: — Әкем өз еркімен белгілеп қойған мерзімдер мен кездерді білу сендерге бұйырмаған. 8 Бірақ Киелі Рух өздеріңе қонғанда Оның құдіретін қабылдайсыңдар. Содан сендер Иерусалимде, бүкіл Яһудея мен Самария аймақтарында және жердің шетіне дейін Маған куә боласыңдар. 9 Иса осылай деді де, олардың көзінше жоғары көтеріліп кетіп, бір бұлт Оны көзден таса қылды. 10 Олар аспанға қадала қарап тұрған кезде, кенеттен ақ киімді екі жігіт қастарында пайда болды да, оларға тіл қатып: 11 «Уа, ғалилеялықтар! Неменеге бұл жерде аспанға қарап тұрсыңдар? Жаңа қастарыңнан көкке көтеріліп, Құдай қабылдаған Иса көз алдарыңнан көкке қалай кетсе, тура солай қайтып келеді», — деді. 12 Содан кейін елшілер бір шақырым жердегі Зәйтүн тауы деген төбеден Иерусалимге қайта оралды. 13 Қалаға кіргеннен кейін олар өздері қонып жүрген жоғарғы бөлмеге көтерілді. Бұлар Петір мен Жохан, Жақып пен Әндір, Філіп пен Тома, Барталмай мен Матай, Әлпей ұлы Жақып пен Діншіл Шимон және Жақып ұлы Яһуда болатын. 14 Олар бірнеше әйелдермен, Исаның шешесі Мәриям және Оның інілерімен бірге ниеттес көңілмен осы жерде ұдайы Құдайға сиынып мінажат ететін. 15 Сол күндердің бірінде Петір жиналған жүз жиырмадай бауырластарының ортасында тұрып, былай деді: 16 — Бауырлар! Исаны тұтқындағандарға жол көрсетуші болған Яһуда туралы Киелі жазбалардағы сөз орындалуға тиісті еді. Киелі Рух мұны ежелде Дәуіт пайғамбар арқылы алдын ала айтқан болатын. 17 Яһуда да біз сияқты елші болып, қызметке бірге тағайындалған еді. 18 Бірақ ол қылмыс жасап, соның ақысына бір танап жер сатып алды; кейін сол жерінде етпетінен құлап, қарны жарылып, ішектері ақтарылып, өлді. — 19 Бұл оқиға Иерусалим тұрғындарының бәріне мәлім болды. Сондықтан олар сатып алынған осы жерді өз тілдерінде «Хакелдама», яғни «Қанды жер» деп атады. 20 Ал Забур жырларында мына тәрізді сөздер жазылған: «Тұрған мекені қаңырап бос қалсын, сонда тұратын ешкім де болмасын!» және «Міндетін оның басқа біреу алсын!» 21 Сондықтан Иеміз Исаның қайта тірілгеніне куә болып жүрген бізге тағы бір кісі қосылуға тиісті. Бұл — Иеміз бізбен бірге тұрған кезде әрдайым қасымызда жүрген, 22 атап айтқанда, Жақия пайғамбар адамдарды теріс жолдан қайтуға шақырып, шомылдыру рәсімінен өткізген кезден бастап, Иса бізден кетіп, Оны көкте Құдай қабылдап алған мезгілге дейін бізбен бірге болған азаматтардың біреуі болуы керек. 23 Сонымен олар екі жігітті: қосымша аты Иуст Барсаба болған Жүсіпті және Матияны ұсынып, 24 былай деп Құдайға сиынды: «Уа, Жаратқан Ие, Сен барлық адамдардың көңіліндегісін білесің. Сен осы елшілік қызметті мойнына алуға мына екеуінің қайсысын таңдап алғаныңды білдіре көрші. 25 Себебі Яһуда бұл қызметтен безіп, өзіне лайықты жеріне кетті». 26 Олар екеуіне жеребе салғанда, жеребе Матияға түсті. Осылайша ол он бір елшінің қатарына қосылды.21 Алғашқы өнім мейрамы келгенде, сенушілердің бәрі бірге болды. 2 Сонда кенеттен көктен бір қатты жел соққандай шу естіліп, олар отырған бүкіл үйді алып кетті. 3 Сенушілерге жалындай жалаңдаған тілдер көрінді де, бөлініп-бөлініп әрқайсысының үстіне бір-бірден қонды. 4 Бәрі Киелі Рухқа кенеліп, Оның өздеріне берген дарынына қарай бөтен тілдерде сөйлей бастады. 5 Сол кезде Иерусалимде дүниенің төрт бұрышындағы әр елден келген, Құдайды қастерлейтін яһудилер тұратын. 6 Осы шу естілгенде көптеген халық сол жерге жиналып, аңтарылып тұрып қалды. Себебі олардың әрбіреуі тыңдағанда сенушілердің мұның өз тілінде сөйлеп тұрғанын естіді. 7 Халық қатты таңғалып: «Мына сөйлеп жатқандардың бәрі ғалилеялықтар емес пе? — десті. 8 — Бұл қалайша болып тұр: біз әрқайсымыз бұлардың өз тілдерімізде сөйлегенін естіп тұрмыз?! 9 Арамызда парттар, мидиялықтар және еламдықтар бар, Месопотамия, Яһудея және Қападоқияда, Понтус пен Азия, 10 Фрүгия мен Памфүлия аймақтарында, Мысырда және Либияның Күренеге жақын өлкелерінде тұратындар бар; арамызда Римнен келген қонақтар — яһудилер және яһуди дініне кіргендер, сондай-ақ, 11 криттіктер мен арабтар да бар. Бірақ әрқайсымыз мына кісілердің Құдайдың ұлы істерін өз тілдерімізде жариялап жатқанын естіп тұрмыз!» 12 Бәрі аң-таң болып не істерін білмей, бір-бірінен: «Бұл нені білдіреді екен?» — деп сұрасты. 13 Ал кейбіреулері мысқылдап: «Сірә, олар тәтті шарапқа тойып алған шығар», — деді. 14 Сонда Петір өзге он бір елшімен бірге орнынан тұрып, қатты дауыспен халыққа былай деп сөйлеп кетті: — Уа, халайық, яһудилер және Иерусалимде тұрып жатқан сендердің барлығың! Сендерге мұның мәнісін түсіндірейін, сөзіме құлақ түріңдер! 15 Бұлар сендер ойлағандай ішіп алған емес, қазір уақыт таңертеңгі тоғыз ғой. 16 Қайта, ежелде Жоел пайғамбар айтқан мына тәрізді сөздер енді орындалып жатыр: 17 Осы заманның аяғында Мен өз Рухымды бүкіл адамзаттың үстіне құямын, — дейді Құдай. — Ұл-қыздарың пайғамбарлық сөз айтады, жас жігіттерің аян, қарттарың түс көреді. 18 Сол күндері Мен тіпті құл-күңдерімнің үстіне Киелі Рухымды төгемін. Сонда олар да пайғамбарлық сөз айтады. 19 Мен аспанның биігінде кереметтер жасаймын әрі төменде, жер бетінде, ғажап істер істеймін: қан, от және бұрқыраған түтін пайда болады. 20 Жаратқан Иенің ұлы да салтанатты (соты) күні келердің алдында күн — қара түнек, ай — қан қызыл болады. 21 Ал Иеміздің атын атап Оған сиынған әркім құтқарылады. 22 Уа, исраилдіктер, мына сөзді тыңдаңдар: Құдай сендердің көз алдарыңда назареттік Исаға зор құдіретпен кереметтер жасатқан еді. Ол солар арқылы Өзінің Исаны жібергендігіне куәлік берді. Құдай бұларды Иса арқылы араларыңда істеді, соны өздерің білесіңдер. 23 Ал Иса Құдайдың еркімен және алдын ала білуімен құрбан етілді: сендер Оны Құдайға мойынсұнбаған шетелдіктердің қолымен айқышқа шегелетіп өлтірттіңдер! 24 Бірақ Құдай Исаны өлім тұзағынан босатып, тірілтіп алды. Өйткені Оның өлім құрсауында қалуы мүмкін емес болатын. 25 Дәуіт пайғамбар Ол туралы былай деген: «Ықылас-ниетім әрдайым Иемде, Оң жағымда Ол Маған жар боп келеді: Жағдайым шайқалмайды ешбір кезде. 26 Содан жүрегім шаттыққа толады, Мәз-мейрам боп тілімнен бал тамады, Саған сенгенімнен тәнім тыншиды. 27 Сен жанымды о дүниеге қимайсың, Қасиетті Адамыңның тәнін шірітпейсің. 28 Шын өмір жолын Маған көрсетесің, Көз алдыңда қуанышқа бөлейсің». 29 Ағайындар, мен сендерге бабамыз Дәуіт туралы еш қаймықпай ашық айта аламын: ол дүние салып, мәйіті қабірге қойылды. Оның қабірі біздің елімізде күні бүгінге дейін сақталып келеді. 30 Ал Дәуіт пайғамбар болды және оның тағына бір Ұрпағын отырғызуға Құдайдың өзіне ант еткенін білді. 31 Сондықтан Дәуіт келешекке көз жіберіп, (өз Ұрпағы) Мәсіхтің қайта тірілуі туралы алдын ала айтқан болатын: Мәсіхтің жаны о дүниеге қиылмады, әрі Оның тәні шіріп кетпеді! 32 Осы Исаны Құдай қайта тірілтіп алды, біз бәріміз соған куәміз! 33 Иса Құдайдың құдіретімен көкке көтеріліп, Әкеден уәделі Киелі Рухты алған соң, Оны біздің үстімізге құйып сыйлады. Мұны өздерің естіп және көріп тұрсыңдар. 34 Себебі Дәуіттің өзі көкке көтеріліп кеткен жоқ. Алайда ол (Забурда) былай деген ғой: 35 «Жаратқан Ие менің Иеме былай деп айтқан: Мен жауларыңды табаныңның астына салып бергенімше отыр оң жағымда». 36 Сондықтан бүкіл Исраил халқы мынаны анық білсін: Құдай сендер айқышқа шегелеткен осы Исаны «Иеміз» және «Мәсіх» етіп тағайындады! 37 Халық мұны естігенде жүректері қарс айырылып, опық жеді. Олар Петір мен басқа елшілерден: — Ағайындар-ау, біз енді не істеуіміз керек? — деп сұрады. 38 Петір оларға былай деп жауап берді: — Әрқайсың күнәларыңның кешірілуі үшін теріс жолдан қайтып, Иса Мәсіхтің атымен шомылдыру рәсімінен өтіңдер! Сонда сендер Құдайдың сыйын — Оның Киелі Рухын қабылдайсыңдар. 39 Себебі бұл уәде сендерге, балаларыңа және алыстағылардың бәріне: Құдайымыз — Жаратқан Ие шақыратын барлығына да арналған. — 40 Петір тағы көптеген сөздермен оларға: — Мына азғын ұрпақтың арасынан шығып, (Құдайдың қаһарынан) құтқарылыңдар! — деп жалына ескертті. 41 Петірдің сөзін қабылдағандар шомылдыру рәсімінен өтті. Осылайша бұл күні қауымға үш мыңдай адам қосылды. 42 Сенушілер елшілердің беріп жүрген тәлімін, өзара қарым-қатынастарын, нан үзу рәсімін және Құдайға сиынуды берік ұстанып, жалғастыра берді. 43 Елдің бәрін үрей биледі, себебі елшілер арқылы Құдайдың құдіретін көрсеткен көптеген керемет істер болып жатты. 44 Мәсіхке сенушілердің барлығы біртұтас қауым болып, заттарын ортақ ұстады; 45 иеліктеріндегі жер танаптары мен дүние-мүліктерін сатып, содан түскен қаржыдан әркімге керегінше беріп отырды. 46 Олар күн сайын ғибадатханада ниеттес көңілмен бірге болды; сонымен қатар өз үйлерінде де бас қосып, нан үзу рәсімін орындап, ақпейілмен қуана бірге тамақ ішіп отырды, 47 әрі Құдайды мадақтап дәріптеді. Бүкіл халық оларды ұнатты, ал Иеміз күн сайын тағы басқа адамдарды құтқарып, қауымына қосып отырды.31 Осы күндердің бірінде Петір мен Жохан күндізгі сағат үште, яғни Құдайға сиынатын мезгілде, ғибадатханаға өрлеп бара жатты. 2 Кісілер тумысынан сал болып туған бір ер адамды күн сайын ғибадатхананың «Көрікті қақпасының» қасына көтеріп алып келіп, отырғызып қоятын. Сол жерде ол ғибадатхана ауласына енгендерден қайыр сұрайтын. 3 Кіріп келе жатқан Петір мен Жоханды көргенде, әлгі сал адам олардан қайыр сұрады. 4 Бұлар оған көз салып, Петір: «Бізге қара!» — деді. 5 Сал адам екеуіне қадала қарап, бір нәрсе берер деп үміттеніп қалды. 6 Бірақ Петір: «Менде күміс пен алтын жоқ. Дегенмен саған барымды беремін: назареттік Исаның атынан айтамын: орныңнан тұрып, жүріп кет!» — деді де, 7 оны оң қолынан ұстап демеді. Сол сәтте-ақ оның аяғы мен тізесіне күш бітіп, 8 ол ұшып тұрып, жүріп кетті. Содан әлгі адам екі елшімен бірге ғибадатхана ауласына кіріп, әрі-бері жүріп, секіріп, Құдайды мадақтаумен болды. 9 Күллі жұрт оның жүріп кеткенін және Құдайды мадақтағанын көрді. 10 Олар бұның ғибадатхананың «Көрікті қақпасының» жанында отырып, қайыр сұрайтын сал кісі екенін танып, онымен болған оқиғаға таңғалып, қатты абыржыды. 11 Әлгі кісі Петір мен Жоханнан екі елі ажырамай қойды. Аң-таң болған бүкіл жұрт солардың қасына, ғибадатхананың Сүлеймен атындағы бағаналы ғимаратына жиналды. 12 Мұны көрген Петір халыққа арнап былай сөз сөйледі: — Уа, исраилдіктер, сендер бұған неменеге таңғалып тұрсыңдар? Мынаның жүріп кетуіне өз күшімізбен немесе құдайшылдығымызбен себепші болғандай бізге неге қарай қалдыңдар? 13 Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайы, яғни біздің ата-бабаларымыздың сиынған Құдайы, Өзінің Қызметшісі Исаны ұлылыққа бөледі. Соны Пилат босатып жібермекші болған еді. Бірақ сендер опасыздық жасап, Пилаттың алдында Одан танып бас тарттыңдар. 14 Қасиетті және әділ Кісіден бас тартып, бір қанішердің босатылуын талап еттіңдер; 15 ал шынайы өмірдің Бастауын өлтірттіңдер! Бірақ та Құдай Оны өлімнен қайта тірілтіп алды, бұған біз куәміз! 16 Ал енді, өздерің танып, көріп жүрген мына кісіге Исаның құдіреті күш-қуат беріп сауықтырды. Өйткені Оның есіміне сендік. Иә, Иса берген сенім сендердің көз алдарыңда оның денсаулығын түгелімен қалпына келтірді. 17 Ағайындар, сендер де, басшыларың да білместік істегендеріңді білемін. 18 Ал Құдай барлық пайғамбарлардың аузымен Өзі жіберетін Құтқарушы Мәсіх сондай азаптар шегеді деп алдын ала жариялатқан хабарларын осылайша жүзеге асырды. 19 Сондықтан теріс жолдан қайтыңдар! Сонда Құдай Ие күнәларыңды кешіріп, 20 сендерге рухтарыңды жаңғыртатын мезгілді сыйлайды, әрі өздерің үшін алдын ала тағайындаған Құтқарушы Мәсіх — Исаны жібереді. 21 Барлық нәрсе қалпына келетін уақытқа дейін Құдай Мәсіхті Өзіне қайтарып алды. Сол күндерді Құдай қасиетті пайғамбарларының аузымен баяғыда-ақ жариялап қойған болатын. 22 Мұса ата-бабаларымызға былай деген еді ғой: «Құдай Иелерің сендерге мен сияқты бір Пайғамбарды бауырларыңның арасынан шығарады. Соның айтқандарының бәрін тыңдаңдар! 23 Осы Пайғамбардың айтқандарын тыңдамайтын әрбір адам халқының ішінен аластатылсын». 24 Самуилден бастап одан кейінгі барлық пайғамбарлар да осы күндері болған оқиғаларды алдын ала айтып кеткен. 25 Сендер пайғамбарлардың ұрпағысыңдар, Құдайдың ата-бабаларыңмен жасаған Келісімін мұра етесіңдер. Ол Ыбырайымға: «Сенің ұрпағың арқылы жер бетіндегі барлық ұлттарға ақ батам қонатын болады» деген еді ғой. 26 Сондықтан Құдай Өзінің Қызметшісін өлімнен тірілтіп алып, әрқайсыңды зұлымдықтарыңнан қайтарып, жарылқау мақсатында Оны ең алдымен сендерге жіберді.41 Петір мен Жохан жиналған жұртқа әлі де сөйлеп тұрған кезде оларға діни қызметкерлер, ғибадатхана сақшыларының басшысы және өзге саддукейлер де келді. 2 Олар екеуінің халыққа тәлім беріп, «Иса өлімнен қайта тірілді» деп жариялап жүргендеріне наразы болды. 3 Содан олар Петір мен Жоханды тұтқындап, келесі күнгі таңертеңге дейін түрмеде ұстады. Себебі мезгіл кеш болып қалған еді. 4 Петірдің уағызын тыңдағандардың көбі сенімді қабылдап, қауымдағы ер адамдардың саны бес мың шамасында болды. 5 Келесі күні таңертең яһудилердің басшылары, рубасылары және дін мұғалімдері Иерусалимде жиналды. 6 Бас діни қызметкер Ханна әрі Қаяфа, Жохан, Ескендір және басты діни қызметкер әулетінің тағы басқа кісілері де түгел сол жерде болды. 7 Олар екі елшіні ортаға шығарып: — Сендер мұны қандай күшпен, кімнің атынан істедіңдер? — деген сұрақ қойды. 8 Киелі Рухқа ерекше кенелген Петір оларға былай жауап берді: — Халықты басқарушылар мен рубасылары! 9 Біз бүгін: «Ол кім арқылы сауықты?» деп, ауруға жасаған жақсылығымыз үшін тергелмек болып жатырмыз. 10 Ендеше бәріңіз де біліп алыңыздар, бүкіл Исраил халқына да мәлім болсын: сіздер айқышқа шегелетіп өлтірткен, ал Құдай өлімнен қайта тірілткен назареттік Иса Мәсіхтің атынан мына кісі сауығып, қарсы алдарыңызда тұр. 11 Иса — құрылысшылар, яғни сіздер, менсінбей бас тартқан Тас. Ол «енді үйдің басты іргетасына айналды!» 12 Исадан басқа ешкім де бізді (Құдайдың қаһарынан) құтқара алмайды! Аспан астында бізді құтқаратын басқа ешкімнің есімі адамдарға бұйырылмаған! 13 Кеңес мүшелері Петір мен Жоханның батылдығын көріп, олардың арнайы діни даярлықтан өтпеген қарапайым адамдар екенін байқағанда таңғалды. Сондай-ақ, олар екеуінің Исаның шәкірті болғанын білді. 14 Алайда қастарында тұрған сауыққан кісіні көріп, қарсы ештеңе айта алмады. 15 Оларға: «Жоғарғы кеңестен шығыңдар!» — деп бұйырды да, өзара ақылдасып: 16 «Мына кісілерге не істесек екен? Олар арқылы бір кереметтің жасалғаны анық, бұл Иерусалимде тұрып жатқандардың бәріне белгілі, онымен таласа алмаймыз. 17 Дегенмен бұл іс халыққа одан бетер тарап кетпес үшін, бұдан былай сол Есімді атап ешкімге сөйлемеңдер, олай етпеген күнде жазаға тартамыз деп қатаң тыйым салайық», — десті. 18 Әлгілерді шақырып алып, оларға: — Исаның атымен ешқандай уағыз айтпаңдар да, тәлім бермеңдер де! — деп тыйым салды. 19 Бірақ Петір мен Жохан оларға: — Құдайды емес, сіздерді тыңдау Оның алдында жөн болар ма екен? Мұны өздеріңіз ойлап көріңіздерші! 20 Ал біз көріп-естігендеріміз туралы үнсіз қала алмаймыз, — деп жауап берді. 21 Жоғарғы кеңес болған оқиғаға бола Құдайды дәріптеп жүрген халықты ескеріп, екі елшіні жазалаудың ретін таппай, оларды қорқыта түсіп, жөндеріне жіберді. 22 Себебі көп жылғы ауруынан сауығып, кереметті басынан кешірген кісінің жасы қырықтан асып кеткен еді. 23 Өздерін босатқаннан кейін Петір мен Жохан қауымдастарына барып, басты діни қызметкерлер мен рубасыларының өздеріне айтқандарын түгел баяндап берді. 24 Сенушілер осыны естігенде ниеттес көңілмен Құдайға сиынып, дауыстап былай деді: — Уа, Әлемнің Әміршісі, көк пен жерді, теңізді және олардағы нәрселердің бәрін жаратқан Сенсің! 25 Өзіңнің қызметшің — арғы атамыз Дәуіттің аузымен Киелі Рух арқылы былай дедің: «Неге халықтар жатыр ашуланып, Ұлттар іске аспайтын жоспарлар құрып? 26 Жаратқан мен Оның қойған Патшасына Әлемнің патшалары қарсы тұрып, Әкімдер кеңесіп жатыр бірігіп». 27 Рас, осы қалада Ирод пен Понти Пилат Өзіңе бағынбаған ұлттармен және Исраилдің руларымен бірігіп, Өзің Патша етіп тағайындаған қасиетті Қызметшің Исаға қарсы одақтасты. 28 Алайда олардың іске асырғаны — Сенің құдіретті еркің алдын ала белгілеген жоспарың ғана. 29 Ал енді, уа, Иеміз, олардың қоқан-лоқысын көріп, құлдарыңа Сенің сөзіңді зор батылдықпен уағыздайтын күш бере гөр! 30 Қолыңды созып ауруларды сауықтыра гөр, қасиетті Қызметшің Исаның атынан кереметтер мен ғажап істер жасап құдіретіңді көрсете гөр! 31 Олар сиынып болғаннан кейін өздері жиналып отырған жер қозғалып кетті. Бәрі Киелі Рухқа кенеліп, Құдай сөзін батылдықпен уағыздады. 32 Сенушілердің қауымы ой-ниеттері бірдей шын жүректен ынтымақтас болды. Ешкім қолындағы мал-мүлкін өз меншігім демей, олар барлығымен бөлісті. 33 Елшілер Иеміз Исаның қайта тірілгендігі туралы зор жігермен куәлік берді. Осылайша олардың бәріне Құдайдың мол рақымы жауды. 34 Араларында жоқшылық көрген ешкім болған жоқ. Себебі жері немесе үйлері барлар керек болғанда меншіктерін сатып, ақша түсіріп, 35 оны елшілердің алдына әкеліп қойып отырды. Осыдан әркімге керегінше берілді. 36 Мысалы, Леуі руынан шыққан кипрлік Жүсіп есімді адам болды. Елшілер оған Барнаба — аударғанда Жігерлендіруші деген қосымша ат берген еді. 37 Барнаба өзінің меншікті егістік жерін сатып, түскен ақшаны алып келіп, елшілердің алдына қойды.51 Анани есімді кісі мен әйелі Зәпира да бір меншікті жер танабын сатты. 2 Бірақ Анани түскен ақшаның бір бөлігін жасырып алып қалып, тек қалғанын ғана елшілердің алдына апарып қойды. Бұл туралы әйелі де хабардар болды. 3 Сонда Петір Ананиға былай деді: «Анани, неге жүрегіңе шайтанды ұялатып, Киелі Рухты алдап, жеріңнен түскен ақшаның бір бөлігін жасырып алып қалдың? 4 Ол сенің меншігің болып қалмайтын ба еді? Сатқаннан кейін де түскен ақшаға еркін ие болатын едің ғой. Неліктен жүрегіңде осылай істеуге шешім қабылдадың? Сен тек адамды емес, Құдайды да алдамақ болдың». 5 Анани осы сөздерді естісімен құлап түсіп, жан тапсырды. Мұны естігендердің бәрін қатты үрей биледі. 6 Жас жігіттер орындарынан тұрып, Ананидың мәйітін кебінге орап, алып шығып, қабірге қойды. 7 Шамасы үш сағат өткенде оның әйелі сол үйге кірді. Ол не болғанын әлі білмейтін еді. 8 Петір одан: — Айтшы, сендер жерді осы бағаға саттыңдар ма? — деп сұрады. Әйел: — Иә, сол бағаға, — деп жауап берді. 9 Сонда Петір: — Қалайша сендер Жаратқан Иенің Рухын алдауға бола ма деп сынауға келістіңдер? Міне, күйеуіңнің мәйітін қабірге қойғандар есіктен кіріп келе жатыр. Олар сені де алып шығады, — деді. 10 Әйел лезде-ақ Петірдің алдына құлап түсіп, жан тапсырды. Ішке кірген жас жігіттер оның өліп қалғанын көріп, алып шығып, күйеуінің қасына қойды. 11 Бүкіл сенушілер қауымын және мұны естіген басқалардың бәрін де қатты үрей биледі. 12 Ал Иеміз елшілері арқылы ел ішінде көп кереметтер істеп, құдіретін көрсетті. Сенушілердің барлығы ниеттес көңілмен ғибадатхананың Сүлеймен атындағы бағаналы ғимаратында жиналып жүрді. 13 Бөтендерден ешкімнің де оларды мазалауға батылы бармады, ал халық бұларды дәріптеп мақтады. 14 Барған сайын көптеген кісілер: еркектер де, әйелдер де Иемізге сенім артып, Оның қауымына қосылып жатты. 15 Жандарынан өткенде Петірдің, тым болмаса, көлеңкесі түссін деп жұрт ауру адамдарды көшеге шығарып, төсеніштер мен зембілдерге жатқызып қойды. 16 Иерусалимнің маңайындағы қалалардан да халық ағылып, науқастары мен жын қинаған кісілерін алып келді. Солардың бәрі сауығып кетті. 17 Сол кезде бас діни қызметкер мен оның жақтастарының бәрі, яғни саддукейлер тобының мүшелері, елшілерді қызғаныштан көре алмай, іштері күйді. 18 Оларды тұтқындатып, мемлекеттік түрмеге қаматты. 19 Ал Жаратқан Иенің бір періштесі түнде түрменің қақпаларын ашып, оларды шығарды да: 20 «Ғибадатханаға барып, халыққа осы Жаңа өмір жайлы Ізгі хабарды түгел жариялаңдар!» — деді. 21 Елшілер оның айтқанына құлақ асып, таң ата ғибадатханаға барып, халыққа тәлім берді. Осы екі арада жақтастарын ертіп келген бас діни қызметкер Жоғарғы кеңесті, яғни Исраилдің басшыларының бүкіл мәжілісін, жинап алды. Содан олар елшілерді алып келуге түрмеге адамдарын жіберді. 22 Қызметшілер оларды түрмеден таппай, қайта оралды. 23 «Біз түрменің мұқият бекітілгенін, күзетшілердің қақпалардың алдында тұрғанын анықтадық. Бірақ ашқанда ішінен ешкімді таппадық», — деп баяндады. 24 Ғибадатхана сақшыларының бастығы және басты діни қызметкерлер мұны естігенде оның немен аяқталарын білмей, аң-таң болды. 25 Ал біреу келіп: «Сіздер түрмеге жапқан кісілер ғибадатханада халыққа тәлім беріп тұр!» — деп мәлімдеді. 26 Сақшылардың бастығы қасындағы адамдарымен сол жерге барып, елшілерді алып келді. Бірақ зорлық болған жоқ, себебі олар тас лақтырып өлтірер деп халықтан қорықты. 27 Келіп, Жоғарғы кеңестің алдында тұрған елшілерді бас діни қызметкер тергеуге алды. 28 — Біз сендерге сол Адамның атынан тәлім беруге қатаң тыйым салған жоқпыз ба? Алайда сендер ілімдеріңді бүкіл Иерусалимге таратыпсыңдар. Осылайша сол Адамның қанын біздің мойнымызға артпақсыңдар, — деді ол. 29 Петір мен өзге елшілер былай деп жауап берді: — Адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдау керек қой! 30 Ата-бабаларымыздың сиынатын Құдайы сіздер ағашқа іліп өлтірген Исаны қайта тірілтіп алды. 31 Құдай Оны көкке көтеріп, Көсем және Құтқарушы ретінде Өзінің оң жағындағы ең құрметті орынға көтеріп жайғастырды. Осылай Ол Исраилдің бетін теріс жолдан қайтарып, күнәларын кешірмек. 32 Біз де, Киелі Рух та бұл оқиғаларға куәміз. Құдай осы Киелі Рухын Өзіне бой ұсынғандарға сыйға береді. 33 Жоғарғы кеңес осыны естігенде жүректері қарс айырылды. Олар қатты ашуланып, елшілерді өлтіретін ойлары болды. 34 Алайда араларындағы Гамалиел есімді бір парызшыл адам орнынан тұрды. Ол бүкіл халық сыйлаған заң мұғалімі болатын. Гамалиел елшілерді біраз уақытқа ғимараттан шығаруға бұйырып, 35 сөз сөйлей бастады: — Қадірлі исраилдіктер, елдестерім! Мына кісілерге не істегілерің келетінін жақсылап ойланыңыздаршы! 36 Өздеріңіз білетіндей, біраз жыл бұрын Теуда ел алдына шығып, өзін ұлы көсеммін деп жариялап, оған төрт жүзге жуық адам қосылды. Бірақ ол өлтіріліп, оған ергендер шашырап, жоқ болып кетті. 37 Одан кейін халық санағы кезінде ғалилеялық Яһуда ел алдына шығып, соңынан көп халық ертіп, көтеріліске шығарды. Оның да көзі құртылып, оған ергендер қуылып, тарап кетті. 38 Ал енді сіздерге айтатыным мынау: бұл кісілерге тимеңіздер, босатып жіберіңіздер. Себебі егер бұл әрекет адам бастаған іс болса, ол өзінен-өзі құриды, 39 бірақ Құдайдан болса, оны құрта алмайсыздар, тіпті Құдайға қарсы күресетін боласыздар. Гамалиелдің сөзі қошталды. 40 Содан олар елшілерді шақыртып, қамшылап соқтырды. Оларға бұдан былай Исаның атынан уағыз айтуға қатты тыйым салып, босатып жіберді. 41 Жоғарғы кеңестен шыққан елшілер Иеміз Исаның аты үшін қорлық көруге лайық деп саналғандарына қуанды. 42 Олар күн сайын ғибадатханада және үйлерде тәлім беріп, Исаның Мәсіх екендігін уағыздауларын тоқтатқан жоқ.61 Мәсіхтің жолын қуушы шәкірттерінің саны өсіп келе жатқан осы күндері грекше сөйлейтін шетелдік яһудилер еврейше сөйлейтін жергіліктілермен ренжісіп қалды. Себебі күнделікті тамақпен қамтамасыз еткен кезде шетелдіктердің жесірлері ескерілмей қалып жүрген еді. 2 Сонда он екі елші шәкірттердің бәрін жинап алып, оларға былай деді: «Егер біз Құдайдың сөзін уағыздау қызметіне салғырт қарап, дастарқан қамын ойласақ, бұл дұрыс болмас. 3 Бауырластар, сондықтан орталарыңнан абыройлы әрі Киелі Рух пен даналыққа бөленген жеті ер адамды таңдап алыңдар! Оларға осы міндетті жүктемекпіз. 4 Ал біз Құдайға сиынып, Оның сөзін уағыздап, тәлім беру қызметімізді жалғастыра берейік». 5 Бұл ұсыныс бүкіл қауымнан қолдау тапты. Олар Құдайға жан-тәнімен сенетін, Оның Киелі Рухына бөленген Степан есімді кісіні, сонымен қатар Філіп, Прохор, Нықанор, Тимон, Пәрмен және Нықоланы таңдап алды; Нықола Антақиядан келген, яһуди дініне кірген жат ұлттық болатын. 6 Оларды елшілердің алдына алып келді де, Құдайға сиынып, үстеріне қолдарын қойып баталарын берді. 7 Осылай Құдайдың сөзі кеңінен тарап, Иерусалимде Мәсіхтің жолын қуушы шәкірттерінің саны көбейе берді. Діни қызметкерлердің үлкен бір тобы да Мәсіхке мойынсұнып, сене бастады. 8 Құдайдың рақымы мен құдіретіне кенелген Степан халық арасында ұлы кереметтер жасап жүрді. 9 Алайда «Құлдықтан босатылғандардың» мәжілісханасының кейбір мүшелері Күрене, Ескендірия, Кіликия және Азия өлкелерінен келген яһудилермен бірігіп алып, Степанға қарсы шығып, айтыса бастады. 10 Бірақ олар оның даналығына қарсы еш нәрсе істей алмады, себебі Степан Киелі Рухқа сүйеніп сөйлейтін. 11 Сонда олар кейбір адамдарды жасырын көндіріп: «Біз оның Мұса пайғамбарға және Құдайдың Өзіне тіл тигізіп қорлық сөз айтқанын естідік», — деп оған өтірік жала жапқызды. 12 Осылай олар халықты, басшыларды және дін мұғалімдерін еліртіп қойып, Степанға тап берді; оны ұстап алып, Жоғарғы кеңестің алдына айдап апарды. 13 Сол жерде жалған куәгерлерді алға шығарды, олар Степанға айып тағып былай деді: — Мына кісі үнемі осы киелі үй мен Таурат заңына тіл тигізіп жүр! 14 Біз оның былай дегенін естідік: «Назареттік Иса осы орынды жойып, Мұса тапсырған дәстүрлерді өзгертеді!» 15 Жоғарғы кеңесте отырғандардың бәрі Степанға көз тігіп қарап отырғанда, оның бет-жүзінің періштенікіне ұқсас екенін көрді.71 Сонда бас діни қызметкер Степанға: — Осы айтылғандар рас па? — деген сұрақ қойды. 2 Ол былай деп жауап берді: — Қадірлі ағайындар мен ақсақалдар, сөзіме құлақ түріңіздер! Арғы атамыз Ыбырайым Харан деген жерге әлі орын теппей тұрып, Месопотамия өлкесінде жүрген кезінде оған салтанатты ұлылыққа бөленген Құдай аян беріп: 3 «Сен еліңді, туған-туысқандарыңды тастап, Мен өзіңе көрсететін елге көш!» — деген. 4 Сонда Ыбырайым пайғамбар халдейлер елін тастап, Харанды мекендеді. Әкесі өлгеннен кейін Құдай оны сол жақтан сіздер қазір тұрып жатқан осы жерге көшірді. 5 Дегенмен Құдай оған бұл елден мұра бермеген, тіпті бір сүйем жер де бермеген. Алайда Ол: «Осы жерді Мен өзіңе және ұрпақтарыңа сыйлаймын», — деп уәде берген еді. Ал сол кезде Ыбырайымның баласы жоқ болатын. 6 Құдай мына тәрізді сөздер айтты: «Сенің ұрпақтарың бөтен елде жат жұрттық келімсектер ретінде тұратын болады. Олар төрт жүз жыл бойы құлдықта болып жәбірленеді. 7 Бірақ оларды құл еткен халықты Мен жазалаймын. Бұдан кейін сенің ұрпақтарың сол елден көшіп шығады» және олар Маған осы жерде ғибадат ететін болады. 8 Сол кезде Құдай Ыбырайыммен қасиетті Келісім жасап, сүндеттеу рәсімін соның белгісі қылды. Сондықтан Ыбырайым ұлы Ысқақ туғаннан кейін сегізінші күні оны сүндеттеді. Ысқақтан Жақып туып, Жақып (біздің халқымыздың) он екі рубасының әкесі болды. 9 Ал солар қызғаныштан (туған бауырлары) Жүсіпті Мысырға сатып жібереді. Бірақ Құдай жар болып, оны басына түскен қиыншылықтың бәрінен құтқарады. 10 Ол Жүсіпке даналық сыйлап, Мысырдың патшасы перғауынның ықыласына бөлейді. Перғауын оны Мысырға және өзінің бүкіл сарайына әмірші етіп қояды. 11 Бір кезде бүкіл Мысыр мен Қанахан елдері жұтқа ұшырап, қатты қиыншылық көріп, ата-бабаларымыз азық-түліксіз қалады. 12 Мысырдан астық табуға болады дегенді естіген Жақып ұлдарын сол жаққа жібереді; бұл олардың алғашқы сапары болатын. 13 Олар екінші рет сапарлап барғанда, Жүсіп бауырларына өзінің кім екенін ашады, осылайша перғауын оның шыққан тегін біліп алады. 14 Жүсіп әкесі Жақып пен барлық қандас туысқандарын — жалпы саны жетпіс бес жанды өзінің қасына көшіп келуге шақырады. 15 Содан Жақып Мысырға көшіп барады. Ол да, оның ұлдары да сол елде қайтыс болып, 16 Сихем деген жерге апарылып, қабірге қойылады. Қабірді Ыбырайым Сихемдегі Хамордың балаларынан күміс ақшаға сатып алған болатын. 17 Құдайдың Ыбырайымға берген уәдесінің орындалатын мерзімі жақындаған сайын Мысырдағы ұрпақтары өсіп, көбейе береді. 18 Бұл жағдай Жүсіп туралы білмейтін бір бөтен патша Мысырға билік құрғанға дейін созылады. 19 Сол патша халқымызға зымиян болып, аталарымызға қысымшылық көрсетеді. Ол соларды тіпті жаңа туған нәрестелерін тірі қалмаулары үшін жалғыз тастап кетуге мәжбүрлейді. 20 Осы кезде Мұса пайғамбар дүниеге келеді. Құдайдың көз алдында ерекше бала болған ол үш ай бойы ата-анасының үйінде өседі. 21 Бұлар оны амалсыздан тастап кеткенде перғауынның қызы бауырына басып, сәбиді туған баласындай тәрбиелейді. 22 Осылай Мұса мысырлықтардың бүкіл даналығын оқып-үйреніп, сөзі мен ісінің арқасында ықпалды адам болады. 23 Мұса қырық жасқа келгенде, оның жүрегінде исраилдік ұлттастарыма барып, жағдайларын көрсем деген ниет туындады. 24 Ол соларға барғанда біреуіне бір мысырлықтың қол жұмсап жатқанын байқайды. Мұса ұлттасына болысып, әділетсіздіктің есесін қайтарып мысырлық жігітті өлтіреді. 25 Мұса Құдайдың менің қолым арқылы өздеріне азаттық алып беретінін ұлттас ағайындарым түсінер деп ойлайды. Бірақ олар мұны түсінген жоқ. 26 Келесі күні екі исраилдіктің төбелесіп жатқанын көргенде Мұса оларды татуластырғысы келіп: «Жігіттер, сендер бауырлассыңдар ғой! Қойыңдар, бір-біріңді неге жәбірлейсіңдер?» — дейді. 27 Бірақ елдесін жәбірлеуші жігіт Мұсаны итеріп жіберіп: «Кім сені бізге басшы әрі төреші етіп тағайындады? 28 Сен немене, кешегі мысырлықты өлтіргендей, мені де өлтірмексің бе?» — дейді. 29 Мұса бұл сөзден шошып, қашып кетеді. Мадиян елінде жат жұрттық келімсек ретінде тұрып, екі балаға әке болады. 30 Қырық жылдан кейін Синай тауының маңындағы айдалада жүргенде, Мұсаға жанып жатқан бір тікенді бұтаның жалынынан періште аян береді. 31 Мұны байқаған Мұса көрініске қатты таңғалады. Анықтап қарауға жақындағанда ол Жаратқан Иенің: 32 «Мен ата-бабаларың Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын» деген даусын естиді. Бұдан қорқып, дірілдеп кеткен Мұсаның қарауға дәті бармайды. 33 Сонда Иеміз оған былай дейді: Аяқкиіміңді шеш! Сен тұрған осы жер киелі. 34 Мен халқымның Мысырда шеккен жәбіріне назар аударып, күңіренген ыңқылына құлақ салып келемін. Сондықтан Мен оларды азат ету үшін көктен түстім. Кәне, жүр, Мен сені Мысырға жіберемін! 35 «Кім сені бізге басшы әрі төреші етіп тағайындады?» деп бауырластары бас тартқан кісі осы Мұса еді. Бірақ тікенді бұтада аян берген періште арқылы Құдайдың Өзі оны басшы және құтқарушы ретінде жіберді ғой. 36 Осы Мұса бауырластарын бастап алып шығып, Мысырда және Қызыл теңізде, одан кейін қырық жыл бойы айдалада көшіп-қонып жүргенде, Жаратқан Иенің құдіретін көрсететін кереметтер жасады. 37 Кейін Исраилдің үрім-бұтағына: «Құдай сендерге мен сияқты бір пайғамбарды бауырларыңның арасынан шығарады» деген кісі де осы Мұса еді. 38 Синай тауының басында өзіне сөйлеген періштенің сөздерін ата-бабаларымызға айдаладағы жиналыста жеткізген кісі де осы Мұса болатын. Сол жерде ол шынайы өмірге жөн сілтейтін сөздерді бізге тапсыру үшін қабылдап алған еді. 39 Бірақ ата-бабаларымыз Мұсаны тыңдағылары келмей, кеудесінен итерді. Жүректерінің қалауы қайтадан Мысырға ауды. 40 Олар Һароннан: «Бізге алдымызда жүріп отыратын тәңір мүсіндерін жасап беріңіз! Өйткені бізді Мысыр жерінен бастап алып шыққан ана Мұсаға не болғанын білмейміз», — деп талап етті. 41 Олар сол күндері жас бұқаның мүсінін жасап, соған арнап құрбандық шалып, өз қолдарынан шыққан осы «тәңірге» қатты қуанып, көңілдерін көтерді. 42 Ал Құдай халықтан сырт айналып кетті де, оларды аспан денелеріне құлшылық етуге қалдырды. Осы туралы Пайғамбарлар жазбаларында былай деп жазылған: «Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, сендер қырық жыл бойы айдаланы кезіп жүрген ежелгі уақыттарыңда құрбандыққа мал шалып, басқа да сый-тартулар ұсынғанда соларыңды Маған бағыштадыңдар ма? 43 Жоқ, сендер (жалған тәңір) Молохтың мүсіні орналасқан шатырды және Ремфан жұлдызының бейнесін бірге алып жүрдіңдер! Бұларды құлшылық етіп табынуларың үшін өздерің жасап алған едіңдер. Сондықтан Мен сендерді жер аударып жіберемін», тіпті Бабылдан да әрі! 44 Айдалада жүрген кезінде ата-бабаларымызда Құдай олармен жасаған Келісімнің куәліктері сақталған шатыр бар болатын. Сол киелі шатыр Құдайдың берген әмірімен тура Мұса көрген үлгіге сай жасалған еді. 45 Кейін Құдай Қанахандағы халықтарды қуып жіберді. Ата-бабаларымыз Ешуаның жетекшілігімен солардың жерін иемденіп алған кезде киелі шатырды осы елге әкелді. Шатыр Дәуіт пайғамбардың заманына дейін сонда тұрды. 46 Дәуіт Құдайдың ризашылығына ие болды. Ол Жақыптың сиынған Құдайының жер бетінде мекендейтін киелі үйін салмақшы еді. Сол үшін Құдайдан рұқсат сұрады. 47 Бірақ киелі үйді салған Дәуіт емес, оның ұлы Сүлеймен болды. 48 Алайда Құдай Тағала адам салған үйлерде тұрмайды. Ишая пайғамбар Оның былай деп айтқанын жазып қалдырды: 49 «Көк — Менің «тағым», ал жер — «табан тіренішім» секілді. Сонда сендер Маған қандай үй салып бермексіңдер? — дейді Жаратқан Ие. — Яки тынығып демалатын орным қай жер болмақ?! 50 Осы әлем түгел Менің қолымнан шықты емес пе?» 51 Ей, қасарысқандар! Құдайға шын жүректен бағынбай, Оның сөзіне құлақ салмайтын сіздер болып тұрсыздар. Ата-бабаларыңызға ұқсап Киелі Рухқа әлі де қарсы шығып келе жатырсыздар. 52 Ата-бабаларыңыз пайғамбарлардың қайсысын қудаламап еді! Олар Құдайдың әділ Қызметшісінің келуін алдын ала жариялаған хабаршыларын өлтірді. Сіздер енді Соның Өзін ұстап берген сатқын, өлтірген қанішер болдыңыздар! 53 Періштелердің қызметі арқылы Таурат заңын қабылдағанмен, оны ұстанбай келесіздер! 54 Жоғарғы кеңес мүшелері мұны естігенде, жүректері қарс айырылды. Олар қатты ашуланып, Степанға тістерін қайрады. 55 Ал Киелі Рухқа кенелген Степан көкке қадала қарап, Құдайдың нұрлы салтанатын және Исаның Оның оң жағында тұрғанын көрді. 56 Содан ол: — Міне, ғажап, көктің ашылғанын және көктен келіп, сонда қайта оралған Билеушінің Құдайдың оң жағындағы құрметті орнында тұрғанын көріп тұрмын! — деп дауыстап жіберді. 57 Ал олар құлақтарын жауып алып, қатты шу шығарып, бәрі бірден Степанға бас салды. 58 Оны қаладан қуып шығарып, тас лақтыра бастады. Куәгерлер шапандарын шешіп, Саул есімді жас жігіттің алдына жинап қойды. 59 Олар тас лақтырып ұрып жатқанда, Степан: «Уа, Ием Иса, рухымды Өзіңе ала гөр! — деп сиынды. 60 Тізерлеп отыра қалған ол қатты дауыстап: — Ием, олардың бұл күнәсін мойындарына арта көрме!» — деді. Осыларды айтысымен ол жан тапсырды.81 Саул да Степанды өлтіруді қоштаған еді. Сол күннен бастап Иерусалимдегі сенушілер қауымын қатты қудалау басталды. Елшілерден басқалардың бәрі Яһудея мен Самария аймақтарына бытырап кетті. 2 Ал Құдайды қастерлейтін бірнеше кісі Степанды қабірге қойып, қатты аза тұтып жоқтады. 3 Саул болса, қауымға қырғидай тиді; үй-үйді аралап, әйелдер мен еркектерді сүйреп шығарып, түрмеге жапқызды. 4 Бытырап кеткен сенушілер ел аралап, Ізгі хабарды таратып жүрді. 5 Қауым қызметшісі Філіп Самарияның астанасына келіп, оның тұрғындарына Мәсіх туралы Ізгі хабарды жариялады. 6 Көптеп жиналған халық Філіптің уағыздарын естіп, оның Құдайдың құдіретін көрсеткен кереметтерін көргенде, барлығы бірдей Філіптің айтқандарына зейін қойды. 7 Өйткені көп кісілердің буып жүрген жындары қатты айқайлап бойларынан шығып кетті, әрі көптеген сал, мүгедек болғандар сауықтырылды. 8 Содан қала халқы зор қуанышқа кенелді. 9 Осы қалада бұрыннан сиқырлықпен айналысып келген Шимон есімді кісі тұрушы еді. Ол ұлы адаммын деп мақтанып, Самария халқын таңғалдыратын. 10 Қатардағылардан бастап атақтыларға дейін бәрі оны жоғары санап: «Мына кісіде Ұлы күш деген Құдайдың құдіреті бар!» дейтін. 11 Шимон оларды едәуір уақыт бойы сиқырлық өнерімен баурап алғандықтан, халық оны пір тұтты. 12 Ал енді Філіп Құдайдың Патшалығы және Исаның Мәсіх екендігі туралы Ізгі хабарды жариялағанда, олар соған сенді. Көптеген ер адамдар мен әйелдер (Мәсіхтің жолына түсіп) шомылдыру рәсімінен өтті. 13 Шимонның өзі де сеніп, осы рәсімнен өтіп, Філіптен бір елі қалмай қойды. Ол Құдайдың құдіретін танытатын ұлы кереметтерді байқағанда қайран қалып жүрді. 14 Иерусалимдегі елшілер «Самарияның халқы Құдайдың Ізгі хабарын қабыл алды» дегенді естігенде, оларға Петір мен Жоханды жіберді. 15 Екеуі келген соң, Киелі Рухты қабылдасын деп солар үшін сиынып мінажат етті. 16 Себебі Киелі Рух әлі олардың ешқайсысына қонбаған еді. Олар тек Иеміз Исаның атынан шомылдыру рәсімінен өткен болатын. 17 Екі елші олардың үстеріне қолдарын қойғанда, самариялық сенушілер де Киелі Рухты қабылдады. 18 Шимон елшілердің алақан тигізуі арқылы адамдарға Киелі Рух берілгенін байқағанда оларға ақша ұсынып: 19 — Маған да осындай билік беріңдерші, үстіне қолымды қойған әркім Киелі Рухты қабылдап жүрсін, — деді. 20 Петір оған былай деп жауап берді: — Құдайдың беретін дарынын ақшаға сатып аламын дегенің үшін, ақшаң өзіңмен бірге құрысын. 21 Осы қызметті атқаруға сенің қақың жоқ, себебі Құдайдың алдында жүрегің таза емес. 22 Сондықтан осы жаман қылығыңа өкініп, Құдай Иеге сиынып жалбарын! Мүмкін, Ол жүрегіңдегі қара ниетіңді кешірер. 23 Жаман қызғаныш пен әділетсіздікпен шырмалғандығыңды байқап тұрмын. — 24 Ал Шимон олардан: — Айтқандарыңның бірі де басыма келмесін деп сендер мен үшін Құдай Иеге жалына көріңдерші! — деп өтінді. 25 Екі елші халық алдында Иеміз туралы Ізгі хабарға куәлік келтіріп, уағызын аяқтағаннан кейін, Иерусалимге қайта оралып, жол-жөнекей Ізгі хабарды Самарияның көптеген ауылдарында уағыздай жүрді. 26 Бір күні Жаратқан Иенің періштесі Філіпке: «Жиналып, оңтүстікке қарай Иерусалимнен Газаға баратын елсіз жолға шық!» — деп тапсырды. 27 Содан Філіп дайындалып, жүріп кетті. Жол бойында оған бір эфиопиялық адам кез болды. Бұл Эфиопияның патшайымы Қандақидың барлық қазынасын басқаратын уәзірі екен. Ол Иерусалимге Құдайға ғибадат етуге келіп, 28 енді еліне қайтып бара жатты. Уәзір күймесінде Ишая пайғамбардың жазбасын оқып отыр екен. 29 Киелі Рух Філіпке: «Күймеге жақындап, қатарласып жүр!» — деді. 30 Філіп күймеге жүгіріп барғанда, сол кісінің Ишая пайғамбардың жазбасын оқып отырғанын естіді. Оған: — Оқығаныңыз түсінікті ме? — деген сұрақ қойды. 31 Уәзір: — Біреу түсіндірмесе, қайдан түсінейін? Күймеге мініп, қасыма отырыңызшы, — деп Філіптен өтінді. 32 Жазбадан оқып отырған жері мынау еді: Оны қой сияқты сойылатын жерге алып барды. Ол қырқылып жатқанда үні шықпайтын тоқты секілді тіс жармады. 33 Ол жәбірленіп, әділ сотталу құқығынан айырылды. Оның ұрпақтары туралы кім айтып бере алады? Өйткені Оның жаны бұ дүниеден аластатылды. 34 Уәзір Філіптен: — Өтінемін, айтыңызшы: пайғамбар осы сөздерді өзі туралы айтып тұр ма, әлде басқа біреу туралы ма? — деп сұрады. 35 Сонда Філіп Киелі жазбаның осы жерінен бастап, Иса туралы Ізгі хабарды айтып берді. 36 Жолда осылай келе жатып, олар бір суға тап болды. Уәзір сонда: — Мынау су ғой, менің шомылдыру рәсімінен өтуіме болмай ма? — деп өтінді. 37 (Філіп: — Шын жүректен сенсеңіз, болады, — деп жауап берді. Бұған ол: — Мен Исаның Құдайдың рухани Ұлы екеніне сенемін, — деді.) 38 Уәзір күймені тоқтатуға бұйырды. Екеуі суға түсіп, Філіп уәзірді суға шомылдыру рәсімінен өткізді. 39 Олар судан шыққанда, Жаратқан Иенің Рухы Філіпті білдірмей алып кетті. Содан қайтып уәзір оны көрген жоқ. Солай болса да, ол қуанышқа кенеліп, өз жөніне кетті. 40 Бұдан кейін жұрт Філіпті Азоттан көрді. Ол сол жерден ел аралап, Кесарияға жеткенше Ізгі хабарды барлық қалаларға таратып жүрді.91 Ал Саул Иеміздің жолын қуушыларды өлтірем деген қоқан-лоқысы мен қаскөйлігін әлі де жалғастырып, бас діни қызметкерге барып, жолықты. 2 Одан (Сирияның) Дамаск қаласындағы мәжілісханаларға арнап хат жазып беруін сұрады. Саул сол жерден тапқан еркек болсын, әйел болсын Исаның жолына түскендерді бұғаулап, Иерусалимге алып келмекші еді. 3 Осы ниетпен кетіп бара жатып, Дамаскіге жақындап қалғанда, оған көктен түскен жарық нұр кенеттен сәулесін төгіп жіберді. 4 Саул жерге құлап түсіп, «Саул, Саул! Неге Мені қудалайсың?» — деген дауысты естіді. 5 Саул: — Сен кімсің, Ием? — деп сұрады. Ол: — Мен сен қудалап жүрген Исамын! 6 Орныңнан тұр да, қалаға бар! Не істеуге тиіс екенің саған сол жерде айтылады! — деді. 7 Саулдың сапарлас жігіттері үндемей тұрып қалды. Себебі олар бір дауысты естігендей болғанмен, ешкімді көрмеді. 8 Саул түрегеліп, көзін ашқанда, еш нәрсе көре алмады. Сондықтан серіктері оны Дамаскіге дейін қолынан ұстап жетектеп барды. 9 Содан ол үш күн бойы көзі көрмей, еш нәр татпады. 10 Сол кезде Дамаскіде Исаның жолын қуушы Анани есімді бір шәкірті тұратын. Иеміз соған аян беріп: — Анани! — деді. Ол: — Тыңдап тұрмын, Ием! — деді. 11 — Орныңнан тұр да, Түзу даңғыл деп аталатын көшеге бар. Сол жерде Яһуданың үйінен тарстық Саул деген кісіні сұра! Қазір ол мінажат етіп жатыр. 12 Ол аянда Анани есімді біреудің кіріп келіп, көзін ашу үшін үстіне қолын қойғанын көрді, — деді Иеміз. 13 Бірақ Анани: — Уа, Ием, мен талайлардан осы кісінің Иерусалимде Саған бағышталған адамдарыңа соншама көп жамандық істегені туралы хабар алдым. 14 Ол басты діни қызметкерлерден Сенің атыңа сиынғандардың бәрін осы жерде де тұтқындауға өкілеттік алыпты, — деп жауап берді. 15 Бірақ Иеміз оған: — Бар сонда! Ол — Менің атымды басқа ұлттарға, патшаларға және Исраил халқына жариялау үшін таңдап алған қызметшім. 16 Ал Менің атыма бола қаншама азап шегуге тиіс екенін Мен оған Өзім білдіремін, — деді. 17 Анани жолға шығып, әлгі үйге кірді; Саулдың үстіне қолын қойып: — Бауырым Саул, саған жолшыбай келе жатқанда аян берген Иеміз Исаның Өзі көзің қайтадан көрсін, сен Киелі Рухқа кенелсін деп мені жіберді, — деді. 18 Сол сәтте-ақ Саул көзінен перде алынып тасталғандай, көре бастады. Ол орнынан тұрып, шомылдыру рәсімінен өтті де, 19 тамақ ішіп әлденді. Бірнеше күн бойы Саул Мәсіхтің жолын қуушылармен бірге Дамаскіде болды. 20 Көп кешікпей ол сол қаладағы яһуди мәжілісханаларында Исаның Құдайдың рухани Ұлы екенін хабарлай бастады. 21 Сонда оны тыңдағандар қатты таңғалып: «Иерусалимде Исаның атына сиынғандарды аямай өлтірген кісі осы емес пе? Бұл жерге де ол сондайларды бұғаулап, басты діни қызметкерлерге ұстап беру үшін келген жоқ па?» — десті. 22 Бірақ Саул одан бетер рухани күшейе түсіп, Исаның Құтқарушы Мәсіх екенін дәлелдеп, Дамаскіде тұратын яһудилерді әбден абыржытты. 23 Едәуір уақыт өткеннен кейін яһуди діншілдері оны өлтіруге сөз байласты, 24 алайда Саул олардың құпия ниетін біліп қойды. Әлгілер оның көзін құрту үшін күні-түні қала қақпаларында аңдып жүрді. 25 Сондықтан Исаның бірнеше шәкірті Саулды бір түні үлкен себетке салып, қаланы қоршаған қамал қабырғасындағы терезеден төмен түсіріп жіберді. 26 Содан Саул Иерусалимге барып, Исаның жолын қуушыларға қосылуға тырысты. Бірақ бәрі қорқып, оның шынымен-ақ Иеміздің жолына түскеніне сене қоймады. 27 Ал Барнаба Саулды қамқорлығына алып, елшілерге ертіп келді. Оларға Саулдың жолда Иеміздің аянын көріп, Оның сөзін естігенін және Дамаскіде Исаның атынан батыл уағыз айтқанын әңгімелеп берді. 28 Бұдан кейін Саул Иерусалимдегі сенушілермен емін-еркін араласып, Иеміз Иса туралы ашық та батыл айтып жүрді. 29 Саул грекше сөйлейтін яһудилермен де айтысып, олар мұның көзін жоюға әрекеттенді. 30 Осыны естіген бауырластар Саулды Кесарияға алып кетіп, одан әрі Тарсқа жөнелтті. 31 Осылай сенушілер қауымы бүкіл Яһудея, Ғалилея және Самария аймақтарында тыныш күндерді басынан кешті. Олар рухани күшейіп, Иемізді терең қастерлеп, Киелі Рухтың қолдауымен көбейіп жатты. 32 Осы кезде Петір елші бүкіл елді аралап жүрген болатын. Содан ол Лүддаға ылдилап барып, сонда тұратын, Құдайға бағышталған сенушілерге де соқты. 33 Сол жерде ол сегіз жыл бойы сал болып жатқан Әней есімді кісіні көрді. 34 Петір оған: «Әней, Құтқарушы Мәсіх Иса сені сауықтырады! Тұр да, төсегіңді жина!» — деді. Ол сол сәтте-ақ орнынан түрегелді. 35 Лүдда қаласы мен Шарон жазығының күллі тұрғындары Әнейдің сауығып, жүріп кеткенін көрді. Содан олар теріс жолдарынан қайтып, Иеміздің жолына түсті. 36 Иоппе қаласында Мәсіхтің жолын қуушы Табита есімді бір әйел тұратын. Табита «Елік» деп аударылады. Ол кәріп-қасерлерге көмектесіп, көптеген игі істер жасайтын. 37 Сол күндері Табита ауырып, қайтыс болды. Оның мәйітін арулап қабірге қоюға дайындап жоғарғы бөлмеге апарып қойды. 38 Мәсіхтің жолын қуушылар Петірдің Иоппеге жақын жердегі Лүддада екенін біліп, оған: «Тезірек бізге келіңізші!» — деген өтінішпен екі жігітті жіберді. 39 Петір оларға ілесіп жолға шықты. Иоппеге келген соң, оны жоғарғы бөлмеге алып барды. Сол бөлменің ішінде қайғырып жүрген жесірлер оны ортаға алып, марқұмның тірі кезінде тігіп беріп кеткен шапандары мен көйлектерін көрсетіп жылаумен болды. 40 Петір олардың барлығына бөлмеден шығуға бұйырды. Бұдан кейін тізерлеп отырып, Құдайға сиынды. Содан ол мәйітке бұрылып: «Табита, тұр!» — деді. Сонда Табита көзін ашып, Петірді көргенде түрегеліп отырды! 41 Петір оған қолын ұсынып, орнынан тұруына көмектесті. Мұнан кейін жесірлер мен басқа да сенушілерді шақырып, қайта тірілген Табитаны оларға көрсетті. 42 Бұл оқиға бүкіл Иоппе қаласына мәлім болып, көптеген кісілер Иемізге сенді. 43 Осыдан кейін Петір бірнеше күн Иоппеде Шимон есімді тері илеушінің үйінде тұрып қалды.101 Ал Саул Иеміздің жолын қуушыларды өлтірем деген қоқан-лоқысы мен қаскөйлігін әлі де жалғастырып, бас діни қызметкерге барып, жолықты. 2 Одан (Сирияның) Дамаск қаласындағы мәжілісханаларға арнап хат жазып беруін сұрады. Саул сол жерден тапқан еркек болсын, әйел болсын Исаның жолына түскендерді бұғаулап, Иерусалимге алып келмекші еді. 3 Осы ниетпен кетіп бара жатып, Дамаскіге жақындап қалғанда, оған көктен түскен жарық нұр кенеттен сәулесін төгіп жіберді. 4 Саул жерге құлап түсіп, «Саул, Саул! Неге Мені қудалайсың?» — деген дауысты естіді. 5 Саул: — Сен кімсің, Ием? — деп сұрады. Ол: — Мен сен қудалап жүрген Исамын! 6 Орныңнан тұр да, қалаға бар! Не істеуге тиіс екенің саған сол жерде айтылады! — деді. 7 Саулдың сапарлас жігіттері үндемей тұрып қалды. Себебі олар бір дауысты естігендей болғанмен, ешкімді көрмеді. 8 Саул түрегеліп, көзін ашқанда, еш нәрсе көре алмады. Сондықтан серіктері оны Дамаскіге дейін қолынан ұстап жетектеп барды. 9 Содан ол үш күн бойы көзі көрмей, еш нәр татпады. 10 Сол кезде Дамаскіде Исаның жолын қуушы Анани есімді бір шәкірті тұратын. Иеміз соған аян беріп: — Анани! — деді. Ол: — Тыңдап тұрмын, Ием! — деді. 11 — Орныңнан тұр да, Түзу даңғыл деп аталатын көшеге бар. Сол жерде Яһуданың үйінен тарстық Саул деген кісіні сұра! Қазір ол мінажат етіп жатыр. 12 Ол аянда Анани есімді біреудің кіріп келіп, көзін ашу үшін үстіне қолын қойғанын көрді, — деді Иеміз. 13 Бірақ Анани: — Уа, Ием, мен талайлардан осы кісінің Иерусалимде Саған бағышталған адамдарыңа соншама көп жамандық істегені туралы хабар алдым. 14 Ол басты діни қызметкерлерден Сенің атыңа сиынғандардың бәрін осы жерде де тұтқындауға өкілеттік алыпты, — деп жауап берді. 15 Бірақ Иеміз оған: — Бар сонда! Ол — Менің атымды басқа ұлттарға, патшаларға және Исраил халқына жариялау үшін таңдап алған қызметшім. 16 Ал Менің атыма бола қаншама азап шегуге тиіс екенін Мен оған Өзім білдіремін, — деді. 17 Анани жолға шығып, әлгі үйге кірді; Саулдың үстіне қолын қойып: — Бауырым Саул, саған жолшыбай келе жатқанда аян берген Иеміз Исаның Өзі көзің қайтадан көрсін, сен Киелі Рухқа кенелсін деп мені жіберді, — деді. 18 Сол сәтте-ақ Саул көзінен перде алынып тасталғандай, көре бастады. Ол орнынан тұрып, шомылдыру рәсімінен өтті де, 19 тамақ ішіп әлденді. Бірнеше күн бойы Саул Мәсіхтің жолын қуушылармен бірге Дамаскіде болды. 20 Көп кешікпей ол сол қаладағы яһуди мәжілісханаларында Исаның Құдайдың рухани Ұлы екенін хабарлай бастады. 21 Сонда оны тыңдағандар қатты таңғалып: «Иерусалимде Исаның атына сиынғандарды аямай өлтірген кісі осы емес пе? Бұл жерге де ол сондайларды бұғаулап, басты діни қызметкерлерге ұстап беру үшін келген жоқ па?» — десті. 22 Бірақ Саул одан бетер рухани күшейе түсіп, Исаның Құтқарушы Мәсіх екенін дәлелдеп, Дамаскіде тұратын яһудилерді әбден абыржытты. 23 Едәуір уақыт өткеннен кейін яһуди діншілдері оны өлтіруге сөз байласты, 24 алайда Саул олардың құпия ниетін біліп қойды. Әлгілер оның көзін құрту үшін күні-түні қала қақпаларында аңдып жүрді. 25 Сондықтан Исаның бірнеше шәкірті Саулды бір түні үлкен себетке салып, қаланы қоршаған қамал қабырғасындағы терезеден төмен түсіріп жіберді. 26 Содан Саул Иерусалимге барып, Исаның жолын қуушыларға қосылуға тырысты. Бірақ бәрі қорқып, оның шынымен-ақ Иеміздің жолына түскеніне сене қоймады. 27 Ал Барнаба Саулды қамқорлығына алып, елшілерге ертіп келді. Оларға Саулдың жолда Иеміздің аянын көріп, Оның сөзін естігенін және Дамаскіде Исаның атынан батыл уағыз айтқанын әңгімелеп берді. 28 Бұдан кейін Саул Иерусалимдегі сенушілермен емін-еркін араласып, Иеміз Иса туралы ашық та батыл айтып жүрді. 29 Саул грекше сөйлейтін яһудилермен де айтысып, олар мұның көзін жоюға әрекеттенді. 30 Осыны естіген бауырластар Саулды Кесарияға алып кетіп, одан әрі Тарсқа жөнелтті. 31 Осылай сенушілер қауымы бүкіл Яһудея, Ғалилея және Самария аймақтарында тыныш күндерді басынан кешті. Олар рухани күшейіп, Иемізді терең қастерлеп, Киелі Рухтың қолдауымен көбейіп жатты. 32 Осы кезде Петір елші бүкіл елді аралап жүрген болатын. Содан ол Лүддаға ылдилап барып, сонда тұратын, Құдайға бағышталған сенушілерге де соқты. 33 Сол жерде ол сегіз жыл бойы сал болып жатқан Әней есімді кісіні көрді. 34 Петір оған: «Әней, Құтқарушы Мәсіх Иса сені сауықтырады! Тұр да, төсегіңді жина!» — деді. Ол сол сәтте-ақ орнынан түрегелді. 35 Лүдда қаласы мен Шарон жазығының күллі тұрғындары Әнейдің сауығып, жүріп кеткенін көрді. Содан олар теріс жолдарынан қайтып, Иеміздің жолына түсті. 36 Иоппе қаласында Мәсіхтің жолын қуушы Табита есімді бір әйел тұратын. Табита «Елік» деп аударылады. Ол кәріп-қасерлерге көмектесіп, көптеген игі істер жасайтын. 37 Сол күндері Табита ауырып, қайтыс болды. Оның мәйітін арулап қабірге қоюға дайындап жоғарғы бөлмеге апарып қойды. 38 Мәсіхтің жолын қуушылар Петірдің Иоппеге жақын жердегі Лүддада екенін біліп, оған: «Тезірек бізге келіңізші!» — деген өтінішпен екі жігітті жіберді. 39 Петір оларға ілесіп жолға шықты. Иоппеге келген соң, оны жоғарғы бөлмеге алып барды. Сол бөлменің ішінде қайғырып жүрген жесірлер оны ортаға алып, марқұмның тірі кезінде тігіп беріп кеткен шапандары мен көйлектерін көрсетіп жылаумен болды. 40 Петір олардың барлығына бөлмеден шығуға бұйырды. Бұдан кейін тізерлеп отырып, Құдайға сиынды. Содан ол мәйітке бұрылып: «Табита, тұр!» — деді. Сонда Табита көзін ашып, Петірді көргенде түрегеліп отырды! 41 Петір оған қолын ұсынып, орнынан тұруына көмектесті. Мұнан кейін жесірлер мен басқа да сенушілерді шақырып, қайта тірілген Табитаны оларға көрсетті. 42 Бұл оқиға бүкіл Иоппе қаласына мәлім болып, көптеген кісілер Иемізге сенді. 43 Осыдан кейін Петір бірнеше күн Иоппеде Шимон есімді тері илеушінің үйінде тұрып қалды.111 Яһудея аймағындағы елшілер мен бауырластар Құдайдың Ізгі хабарын басқа ұлттың адамдары да қабылдағанын естіп білді. 2 Петір Иерусалимге қайтып келгенде, Мәсіхке сенуші яһудилер оны: 3 — Сіз сүндеттелмеген адамдарға барып, солармен бірге тамақ ішіпсіз, — деп жазғырды. 4 Сонда Петір оларға оқиғаның қалай болғанын рет-ретімен баяндап беріп былай деді: 5 — Мен Иоппе қаласында мінажат етіп отырғанда, ерекше күйге еніп аян көрдім: үлкен дастарқанға ұқсас бір нәрсе төрт бұрышынан ұсталған күйі көктен түсіріліп, қасыма төмендеп келе жатты. 6 Анықтап қарағанымда одан төрт аяқты жануарларды, жабайы аңдарды, бауырымен жорғалаушылар мен жабайы құстарды көрдім. 7 Сондай-ақ, «Петір, тұр, бұлардың біреуін сойып, же!» деген дауысты да естідім. 8 Ал мен: «Жоқ, Ием! Мен ешқашан да арам тамақ жеген емеспін», — деп жауап қаттым. 9 Ал көктен естілген жаңағы дауыс тағы да: «Құдай тазалағанды сен арам деп айтпа!» — деп бұйырды. 10 Осы үш рет қайталанып, бәрі қайтадан көкке тартылып кетті. 11 Дәл сол кезде мен тұрған үйдің алдына Кесариядан маған жіберілген үш кісі келді. 12 Киелі Рух маған ойланбастан солармен бірге кетуім керек екенін айтып бұйырды. Мына алты бауырласымыз да ілесіп барып, осылай сол адамның үйіне кірдік. 13 Ол бізге өзінің үйінде отырғанда періштенің аян беріп: «Біреулерді Иоппеге жіберіп, Шимон Петір дегенді шақырт! 14 Ол саған Ізгі хабар айтады, сол арқылы өзің де, бүкіл үй ішің де құтқарыласыңдар» дегенін әңгімелеп берді. 15 Мен оларға сөйлей бастағанда, тура о баста бізге қонғандай, олардың үстіне де Киелі Рух қонды. 16 Сонда Иеміздің мына сөзі есіме түсті: «Жақияның шомылдыру рәсімі сумен болатын, ал сендер Киелі Рухпен шомылдырыласыңдар». 17 Сондықтан, егер Құдай бізге берген сыйын Иеміз Иса Мәсіхке сенетін оларға да берсе, онда мен Құдайға қарсы келетін кіммін? 18 Яһуди сенушілері осыны естігенде тынышталып: — Сонымен Құдай басқа ұлттардың да теріс жолдан қайтып, шынайы өмірге ие болуына мүмкіндік берді! — деп қорытып, Құдайды мадақтай бастады. 19 Степан өлгеннен кейін қуғынға ұшырап, бытырап кеткен сенушілер сол екі арада Финикия өлкесіне, Кипр аралына және Сирияның астанасы Антақияға дейін барған еді. Олар Ізгі хабарды тек яһудилерге ғана уағыздап жүрді. 20 Бірақ кейбір кипрлік және күренелік сенушілер Антақияға келіп, Иеміз Иса туралы Ізгі хабарды грекше сөйлейтін басқа ұлттық адамдарға да айтып жүрді. 21 Иеміз құдіретті қолын созып мейірімді шапағатымен жарылқағандықтан, көп кісілер теріс жолдарынан қайтып, Иеміздің жолына түсті. 22 Бұл жайында Иерусалимдегі сенушілер қауымы да құлақтанып, Антақияға Барнабаны жіберді. 23 Ол келіп, сол кісілерге деген Құдайдың рақымын көрген соң қатты қуанып, бәріне: «Иемізге шын жүректен адал болыңдар!» — деп жігер берді. 24 Өйткені Барнаба Киелі Рух пен сенімге молынан кенелген жақсы кісі еді. Осылай Иеміздің қауымына көптеген адамдар қосылды. 25 Содан кейін Барнаба Саулды іздеу үшін Тарсқа барып, 26 оны тауып, Антақияға алып келді. Сол жердегі қауымда екеуі бір жылдай болып, көп кісілерге тәлім берді. Антақияда Исаның жолын қуушы шәкірттері алғаш рет «мәсіхшілер» деп аталды. 27 Осы кезде Иерусалимнен Антақияға бірнеше пайғамбар келді. 28 Солардың ішінен Агаб деген біреуі орнынан тұрып, Киелі Рухтың бүкіл жерді аштық жайлайды деген хабарын жеткізді. Осы аштық Клаудидің патшалық құрған кезінде болды. 29 Сондықтан Иеміздің жолын қуушылар әрқайсысы өзінің шамасы келгенше Яһудея аймағындағы бауырластарына жәрдем жіберуге шешім қабылдады. 30 Олар осылай істеп, жинағандарын Иерусалим қауымының жетекшілеріне Барнаба мен Саул арқылы жөнелтті.121 Шамамен осы кезде Ирод (Агриппа) патша қауымның кейбір мүшелерін тұтқындатып, зорлық-зомбылық көрсетіп, 2 Жоханның туған ағасы Жақыпты семсермен шауып өлтіртті. 3 Осы қылығы яһудилерге ұнағанын көрген ол Петірді де қолға түсірді. Бұл Ашымаған нан мейрамының кезінде болды. 4 Осылай Ирод Петірді тұтқындатқан соң, оны түрмеге жаптырып, төрт топқа бөлінген он алты жасақшыға күзеттіріп қойды да, Құтқарылу мейрамынан кейін оны халықтың алдына шығарып, соттамақ болып ниеттенді. 5 Сонымен Петір абақтыда күзетілді, ал қауым ол үшін Құдайға қызу жалбарынып сиынумен болды. 6 Ирод оны халық алдында соттайтын күнгі түнде Петір екі жасақшының ортасында екі шынжырмен байлаулы ұйықтап жатты. Есіктің алдында да қарауыл абақтыны күзетіп тұрды. 7 Кенеттен Жаратқан Иенің бір періштесі пайда болып, қапас жарқырап кетті. Періште Петірді бүйірінен түртіп оятып: «Тезірек тұр!» — дегенде, оның қолдарын байлаған шынжырлар сыпырылып түсті. 8 Періште: «Беліңді буынып, аяғыңа да ки!» — деді. Петір мұны орындағаннан кейін, періште: «Шапаныңды жамылып, маған ер!» — деп бұйырды. 9 Сонда Петір оған ілесіп, қапастан шықты. Ол періштенің істегені өңінде болып жатқанын ұқпай, аян көріп тұрмын деп ойлады. 10 Олар бірінші және екінші қарауылдан өтіп, қалаға шығатын темір қақпаға келгенде, қақпа бұларға өзінен-өзі ашыла кетті де, екеуі сыртқа шықты. Бір көшемен жүріп бара жатқанда кенеттен періште Петірдің қасынан ғайып болды. 11 Петір өзіне-өзі келгеннен кейін: «Иеміздің періштесін жіберіп, мені Иродтың қолынан және яһуди халқы күткеннің бәрінен құтқарғанын енді шынымен біліп тұрмын», — деді. 12 Осыны аңғарған ол Марқа деп те аталған Жоханның шешесі Мәриямның үйіне барды. Сол жерде көп бауырластар Құдайға сиынып мінажат етуге жиналған еді. 13 Петір сыртқы есікті қаққанда, Рода есімді қызметші қыз кім екенін білу үшін құлағын тосты. 14 Ол Петірді даусынан танып, қуанғанынан қақпаны ашпастан үйге жүгіріп барып: — Қақпаның алдында Петір тұр! — деп хабарлады. 15 Ал үйдегілер: — Есің дұрыс па өзі? — деп, оған сенбеді. Бірақ ол: — Рас, рас! — деп тұрып алды. — Бұл оның періштесі шығар, — десті олар. 16 Петір үздіксіз қағып тұрды. Ақырында олар ашып, оны көргенде, қатты таңғалды. 17 Петір сабыр етіңдер деп қолын сілтеп, Иеміздің оны түрмеден қалай шығарғанын әңгімелеп берді. «Осыны Жақыпқа және басқа бауырластарға айтыңдар!» — деп, үйден шығып, басқа жаққа кетіп қалды. 18 Таң атқанда қарауылдағылар Петірге не болғанын түсінбей, қатты састы. 19 Ирод оны іздеуге бұйырып, таппаған соң күзетшілерді тергеп, өлімге кесті. Бұдан кейін Ирод Яһудеядан астанасы Кесарияға ылдилап барып, сонда біраз уақытқа тоқтамақ болды. 20 Ол Тир мен Сидонның тұрғындарына қатты өшігіп алған еді. Екі қала өзара келісіп, өкілдерін жіберді. Бұлар патшаның уәзірі Бластты өздерін жақтауға көндіргеннен кейін: «Бітімге келейік», — деп өтінді. Себебі олардың аймағы патша елінен азық-түлік алып тұратын. 21 Белгіленген күні Ирод патшалық сән-салтанатпен киініп, мінбедегі тағына отырды да, өкілдерге арнап сөз сөйледі. 22 Жиналған халық оған: «Адам емес, құдай сөйлеп тұр!» — деп айқайлай берді. 23 Ирод Құдайға тиісті құрметті көрсетпегендіктен, Жаратқан Иенің періштесі оған дереу жаза жіберді: Ирод тірідей құртқа жем болып өлді. 24 Ал Құдайдың сөзі кеңінен тарап, сенушілердің саны өсе берді. 25 Барнаба мен Саул өздеріне жүктелген міндетті Иерусалимде орындап болып, (Антақияға) қайта оралды. Олар Марқа деп те аталған Жохан есімді жігітті де ертіп алды.131 Антақиядағы сенушілер қауымында бірнеше пайғамбарлар мен тәлім берушілер бар еді: Барнаба, Қара деп аталған Шимон, Күренеден шыққан Лұси, аймақ әкімі Ирод Антипаспен бірге тәрбиеленген Манаин және Саул. 2 Олар Иемізге ғибадат етіп, ораза тұтып отырғанда Киелі Рух: «Мен арнайы шақырған іске Барнаба мен Саулды Өзіме бағыштап шығарып беріңдер!» — деді. 3 Сонда олар ораза тұтып мінажат етіп, екеуінің үстеріне қолдарын қойып баталарын берді де, жолға шығарып салды. 4 Осылайша Киелі Рух жіберген екі елші Селеуки қаласына барып, сол жерден кемеге отырып, Кипр аралына жүріп кетті. 5 Сондағы Салами қаласына жеткен соң, олар яһуди мәжілісханаларына барып, Құдайдың сөзін уағыздады. Жохан (Марқа) бірге болып, оларға көмектесіп жүрді. 6 Бүкіл аралды аралай отырып, Паф қаласына келген олар Бар-Ешуа есімді яһудиге кездесті. Сол адам сиқыршы әрі жалған пайғамбар болатын, 7 әрі Серги Пауыл есімді арал әміршісімен дос болып жүрді. Әмірші ақылды кісі екен, ол Құдайдың сөзін естігісі келіп, Барнаба мен Саулды өзіне шақырды. 8 Бірақ әлгі сиқыршы Елүма — грек тілінде оның аты солай — оларға қарсы шығып, әміршінің Құдайдың сөзіне сенуін теріске шығаруға тырысты. 9 Сонда Пауыл деп те аталатын Саул Киелі Рухқа кенеліп, сиқыршының бетіне қадала қарап тұрып, былай деді: 10 «Ей, әзәзіл шайтанның баласы, барлық әділдіктің жауы! Сенің ішің әр түрлі өтірік пен зұлымдыққа толы. Жаратқан Иенің тура жолын теріске шығаруды қоясың ба, жоқ па? 11 Енді, міне, Иеміз саған құдіретті қолын созып, сен соқыр болып, бірталай уақыт күн сәулесін көрмей қаласың!» Сол сәтте сиқыршыны қалың тұман мен қара түнек басты. Ол қолының ұстап жетектейтін адам іздеп, сипаланды да қалды. 12 Мұны көрген әмірші Иеміз туралы ілімге таңғалып, Оған сенді. 13 Пауыл мен оның сапарластары Пафта кемеге мініп, Памфүлия аймағындағы Перге қаласына барды. Жохан (Марқа) олардан сол жерде айырылысып, Иерусалимге қайтып кетті. 14 Ал екі елші Пергеден әрі кетіп, Пісидия аймағындағы Антақияға жетті. Демалыс күні олар яһуди мәжілісханасына кіріп, жайғасып отырды. 15 Таураттан және Пайғамбарлар жазбаларынан үзінділер оқылған соң, мәжілісхана басшылары оларға: — Бауырластар, егер сендердің жамағатқа жігер беретін сөздерің болса, айта беріңдер! — деді. 16 Сонда Пауыл орнынан тұрды да, қолымен тыныштыққа шақырып, сөйлеп кетті: — Уа, исраилдіктер және Құдайды қастерлеуші басқа ұлттықтар, құлақ түрсеңдер екен. 17 Біздің Исраил халқымыз сиынатын Құдай ежелде ата-бабаларымызды таңдап алған. Халқымыздың Мысырда жат жерлік болған кезінде Ол оның күші мен санын көбейтті, соңында Өзінің керемет құдіретімен оларды сол елден алып шықты. 18 Қырық жылдай уақыт бойы Құдай айдалада көшіп-қонып жүрген оларға шыдамдылық көрсетіп, қамқорлық жасаумен болды. 19 Содан соң Ол Қанахан елінде жеті ұлтты жоқ қылып, Өзінің таңдап алған халқына солардың жерін меншікке үлестіріп берді. 20 Мұнан кейін, Самуил пайғамбар келгенше, Құдай оларға төрт жүз елу жыл бойы билерді жіберіп отырды. 21 Халық өздерінде патша болуын сұрағанда, Құдай оларға қырық жылға Бунямин руынан шыққан Қиш ұлы Саул деген жігітті берді. 22 Кейін оны тақтан түсіріп, халыққа Дәуіт пайғамбарды патшалыққа тағайындады. Құдай ол туралы мына тәрізді сөздер айтты: Мен көңілімнен шыққан адамды тауып алдым, ол — Есей ұлы Дәуіт. Сол Менің қалағанымның бәрін орындайтын болады. 23 Құдай Дәуітке уәде еткендей, оның әулетінен Исраил халқы үшін Құтқарушы ретінде Исаны шығарды. 24 Иса келместен бұрын, Жақия пайғамбар Исраил халқына: «Теріс жолдан қайтып, шомылдыру рәсімінен өтіңдер!» — деп уағыз айтып жүрген еді. 25 Өз қызметінің соңғы кезінде Жақия пайғамбар: «Сендер мені кім деп ойлайсыңдар? Мен Ол емеспін! Қараңдар, Ол менен кейін келе жатыр. Бірақ мен Оның құлы болып кебісін әперуге де тұрмаймын», — дейтін. 26 Уа, бауырластар, Ыбырайым атаның әулетінен тарағандар және Құдайды қастерлеуші басқа ұлттықтар, Құтқарылу туралы хабар бізге жіберілді! 27 Иерусалимнің тұрғындары және олардың басшылары Исаны танымай, соттады. Сол ісі арқылы олар пайғамбарлардың алдын ала айтып кеткен әрі біз әр демалыс сайын оқып жүрген сөздерін жүзеге асырды. 28 Иерусалимнің халқы мен басшылары Исадан өлім жазасын тартқызатындай кінә таба алмағанмен, Пилаттан Оны өлтіруді талап етіп, дегендерін орындатты. 29 Иса туралы Киелі жазбаларда айтылғанның бәрі жүзеге асқаннан кейін, Оның мәйіті айқыштан түсіріліп, қабірге қойылды. 30 Алайда Құдай Оны өлімнен қайта тірілтіп алды! 31 Бұдан кейін Иса Өзіне Ғалилеядан Иерусалимге еріп келген кісілерге көп күн бойы көрініп жүрді. Қазір олар халық алдында Оның куәлары болып жүр. 32 Біз екеуіміз сендерге осы Ізгі хабарды уағыздаймыз: Құдай ата-бабаларымызға берген уәдесін 33 солардың ұрпақтары — біз үшін Исаны өлімнен қайта тірілту арқылы орындады. Забурдың екінші жырында былай деп жазылған: «Рухани Ұлымсың, Мен бүгінгі күн Әке болдым Саған». 34 Құдай Исаны өлімнен тірілтіп, Оның денесін еш уақытта шірітпейтін болады. Бұны Оған мына тәрізді сөздермен алдын ала білдірген болатын: «Мен кезінде Дәуітке уәде еткен қасиетті де берік рақымымды өздеріңе көрсетпекпін» 35 Өйткені Дәуіт Забурдың басқа жырында Құдайға арнап былай деп жазған: «Қасиетті Адамыңның тәнін шірітпейсің». 36 (Ал Дәуіттің осы сөздері өзі туралы емес еді.) Себебі Дәуіт кезінде Құдайдың еркі бойынша халқына қызмет еткен соң дүниеден өтіп, ата-бабаларының қасына қойылып, денесі шіріп кетті. 37 Алайда Дәуіт айтып тұрған «Қасиетті Адамды» Құдай өлімнен қайта тірілтіп алғандықтан, Оның денесі шіріген емес. 38 Сондықтан, бауырластар, мынаны біліп алыңдар: біз сендерге Құдай күнәларыңды осы Адамның құрбандығы арқылы кешіретінін хабарлаймыз. 39 Мұса қалдырған Таурат заңын орындасаңдар да, күнәларыңнан шынайы ақтала алмадыңдар. Ал енді Исаға сенген әркім бар күнәларынан Исаның құрбан болғандығы арқылы ақталады. 40 Сонымен байқаңдар, Пайғамбарлар жазбаларындағы мына тәрізді сөздер бастарыңа келмесін: 41 Назар аударыңдар, Құдайдың айтқанын менсінбейтіндер, таңғалыңдар да ғайып болыңдар! Себебі көздерің тірі тұрғанда Мен бір істі жүзеге асырмақпын. Оны біреу алдын ала айтып берсе де, сендер сенбес едіңдер. 42 Пауыл мен Барнаба мәжілісханадан шығарда, жамағат олардан келесі демалыс күні осы тақырып туралы тағы да айтып берулерін өтінді. 43 Жиналыс тарап кеткен соң, көптеген яһудилер және Құдайды қастерлеуші басқа ұлттықтар Пауыл мен Барнабаға еріп жүрді. Бұл екеуі олармен сөйлесіп, Құдайдың рақымына сүйене берулерін мықтап ескертті. 44 Келесі демалыс күні Иеміз туралы Ізгі хабарды тыңдау үшін қала халқының бәрі дерлік жиналды. 45 Яһудилер осынша көп адамдарды көргенде, қызғанып кетіп, Пауылдың айтқандарына қарсы сөйлеп, оған тіл тигізді. 46 Сонда Пауыл мен Барнаба оларға батыл сөйлеп былай деді: — Құдайдың Ізгі хабарын алдымен сендерге уағыздауымыз керек еді. Алайда оны қабылдамай, өздеріңді мәңгілік өмірге лайықты санамайтын болсаңдар, онда басқа ұлттарға бет бұрамыз! 47 Себебі Жаратқан Ие бізге мынадай әмір берді: Сені басқа ұлттар үшін де жарық нұр болуға белгіледім. Сонда жердің түкпір-түкпіріндегі адамдарға Мен дайындаған құтқарылу жолын жария етесің! 48 Басқа ұлттардың адамдары мұны естігенде қуанып, Иеміз туралы Ізгі хабарды мадақтай бастады. Мәңгілік өмірге ие болады деп Құдай белгілеп қойғандар Мәсіхке сеніп, Оның жолына түсті. 49 Осылай Иеміздің Ізгі хабары сол аймаққа түгел тарады. 50 Бірақ яһудилер басқа ұлттардың Құдайды қастерлейтін беделді әйелдері мен қала басшыларын Пауыл мен Барнабаға қарсы арандатып қойды. Олар екі елшіні қудалап, сол өңірден қуды. 51 Содан елшілер оларға қарсы куәлік ретінде аяқтарының шаң-тозаңын қағып тастап, Қония қаласына жүріп кетті. 52 Ал Антақияда Мәсіхтің жолына түсіп, Оның шәкірттері болғандар қуанышқа және Киелі Рухқа кенелді.141 Қонияда да екі елші әдеттеріне сәйкес яһуди мәжілісханасына барды. Олардың айтқандары өте әсерлі болды, осылай яһудилер мен басқа ұлттық кісілердің көбі Иемізге сенді. 2 Ал сенбейтін яһудилер басқа ұлт адамдарын қоздырып, оларды сенуші бауырластарға қарсы өшіктіріп қойды. 3 Дегенмен екі елші едәуір уақыт сол жерде болып, Иеміз туралы батыл сөйлеп жүрді. Ол елшілерге кереметтер жасайтын құдіретті күш беріп, Өзінің рақымдылығы туралы Ізгі хабарды растады. 4 Қала тұрғындары екі жақ боп бөлініп, бір жағы сенбейтін яһудилерді, басқалары елшілерді қолдады. 5 Басқа ұлт адамдары мен яһудилердің бірсыпырасы басшыларымен бірігіп, елшілерге бірден тап беріп, азаптап, тас лақтырып өлтірмекші болды. 6 Ал елшілер бұл туралы біліп қойып, Лиқаония аймағындағы Лүстра мен Дербе қалаларына және олардың маңайына қашып кетіп, құтылды. 7 Олар сол жердегі адамдарға да Ізгі хабарды жеткізді. 8 Лүстрада екі аяғы да күшсіз бір адам тұратын. Ол туғаннан сал болып, ешқашан жүріп көрмеген еді. 9 Сол Пауылдың айтқан уағызын тыңдап отырды. Оған көзі түсіп, сауығамын деген сенімін байқаған Пауыл 10 қатты дауыстап: «Тік тұр аяғыңа!» — деді. Сол сәтте ол ұшып тұрып, жүріп кетті. 11 Пауылдың істегенін көрген халық қатты дауыспен Лиқаон тілінде айқайлап: «Тәңірлер адам кейпіне еніп, бізге көктен түсті!» — деді. 12 Олар Барнабаны Зевс, Пауылды Гермес деп атады, себебі сөз тізгіні Пауылдың қолында еді. 13 Қаланың сыртында Зевске арналған ғибадатхана бар болатын. Сондағы діни қызметкер гүлдестелермен әшекейленген бұқаларды қала қақпасының алдына алып келіп, халықпен бірге құрбандыққа шалмақшы болды. 14 Барнаба мен Пауыл осыны естігенде, көйлектерінің өңірін айыра жыртып, наразылықтарын білдірді. Көпшіліктің арасына жүгіріп барып, қатты дауыспен былай деді: 15 «Ей, азаматтар, неге бұлай істейсіңдер? Біз де сендер сияқты пендеміз ғой! Сендерге Ізгі хабарды әкелдік: түкке тұрмайтын тәңір бейнелерін тастаңдар, аспан мен жерді, теңізді және олардағы бар нәрселерді жаратқан тірі Құдайға бет бұрыңдар! 16 Құдай өткен ұрпақтардың кезінде барлық ұлттарды өз беттерімен жіберсе де, 17 Өзінің бар екендігіне істеген игі істерімен анық дәлел келтіруін тоқтатпады: Өзі аспаннан жаңбыр жаудырып, дер кезінде өнім беріп, мол азық сыйлауымен жүрегімізді қуанышқа кенелтеді». 18 Осы сөздермен олар халықты әрең дегенде тыныштандырып, өздеріне арнап құрбандық шалудан бас тартқызды. 19 Кейін Антақия мен Қониядан бірқатар яһудилер Лүстраға келді. Олар жергілікті халықты үгіттеп көндіріп, Пауылды тас лақтырып ұрып кетті. Өліп қалды деп ойлап, оны қаладан сүйреп тастады. 20 Бірақ Мәсіхтің шәкірттері қасына жиналғанда, Пауыл орнынан тұрып, қалаға қайтып барды. Келесі күні ол Барнабамен бірге Дербеге жүріп кетті. 21 Екі елші Дербе қаласында Ізгі хабарды уағыздап, көптеген адамдарды Мәсіхтің жолына түсіріп, Оның шәкірттері етті. Содан кейін Лүстраға, Қонияға және Пісидиядағы Антақияға қайта оралды. 22 Олар барлық жерлерде Мәсіхтің жолын қуушы шәкірттерінің жан дүниелерін нығайтып: «Сенімдеріңе адал болыңдар! Болашақтағы Құдай Патшалығының заманына жеткенше біз әлі де талай азап шегуге тиіспіз», — деп ескертті. 23 Елшілер әр қауымда сенушілер үшін жетекшілер таңдады. Екі елші ораза тұтып (үстеріне қолдарын қойып) мінажат етті; осылай оларды өздері сенген Иеміздің қамқорлығына тапсырды. 24 Содан кейін екі елші Пісидияны аралап өтіп, Памфүлия аймағына жетті. 25 Олар Перге қаласында Иеміздің Ізгі хабарын уағыздаған соң, Анталияға қарай ылдилап түсті. 26 Сол жерден кемеге отырып, (Сириядағы) Антақияға қайтып барды. Сондағы қауым оларды атқарып келген жұмыстары үшін Құдайдың рақымына тапсырған болатын. 27 Қайтып келген екі елші қауымды жинап, өздері арқылы Құдайдың не істегенін, әсіресе, басқа ұлттардың Мәсіхке сенуіне жол ашқанын түгел айтып берді. 28 Осыдан кейін олар бірталай уақыт сол жердегі сенушілермен бірге болды.151 Яһудея аймағынан Антақияға бірнеше кісі келіп, бауырластарға: «Егер Мұсаның дәстүрі бойынша сүндетке отырмасаңдар, құтқарыла алмайсыңдар», — деп тәлім бере бастады. 2 Пауыл мен Барнаба олармен келіспей, қызу айтысып қалды. Содан қауым Пауыл мен Барнабаға және өзге де бірнеше мүшелеріне Иерусалимдегі елшілер мен қауым жетекшілеріне барып, осы мәселе жөнінде ақылдассын деген тапсырма берді. 3 Қауым сапарға шығарған өкілдер Финикия мен Самария арқылы жүрді. Олар сол аймақтардағы бауырластарға басқа ұлттық кісілердің Құдай жолына түскендерін айтып беріп, оларды қатты қуантып тастады. 4 Өкілдер Иерусалимге жеткенде, қауым мүшелері, елшілер және қауым жетекшілері оларды жылы қарсы алды. Бұлар өздері арқылы Құдайдың не істегенін түгел айтып берді. 5 Бірақ парызшылдар тобына жатқан кейбір сенушілер орындарынан тұрып: «Басқа ұлттық сенушілерді де сүндетке отырғызып, Мұса арқылы берілген Таурат заңын орындауға мәжбүрлеу қажет!» — деп талап етті. 6 Сонда елшілер мен қауым жетекшілері осы мәселе жөнінде мәжіліске жиналды. 7 Ұзақ талқылаудан кейін Петір елші орнынан тұрып, былай деп сөз сөйледі: — Бауырластар! Құдайдың мені басқа ұлттарға Ізгі хабарды естіртіп, оған сендіру үшін ертеде орталарыңнан таңдап алғаны сендерге мәлім. 8 Тәңір адамның жүрегіндегісінің бәрін біледі; енді Ол тура бізге дарытқандай, басқа ұлттық сенушілерге де Киелі Рухты сыйға беріп, сол арқылы Өзінің оларды қабылдағанын ашық көрсетті. 9 Құдай олардың жүректерін сенімдері арқылы тазартып олар мен біздің арамызға ешбір айырмашылық қойған жоқ. 10 Олай болса, неліктен сендер Құдай тыйым салған істі еркінсіп істейсіңдер? Неге басқа ұлттық сенушілердің мойындарына ауыр жүк іспетті міндеттерді артасыңдар? Сол жүкті тірі кезінде ата-бабаларымыз да, не біз де көтере алмадық қой. 11 Қайта, басқа ұлттық сенушілер де, біз — яһуди сенушілері де тек Иеміз Исаның рақымы арқылы ғана құтқарылғанымызға сенеміз. 12 Сонда көпшілік үндемей қалды да, Пауыл мен Барнабаның өздері арқылы басқа халықтар арасында Құдайдың кереметтер жасап, құдіретін көрсетуі туралы айтқандарын тыңдады. 13 Екеуі баяндамаларын аяқтағанда, Жақып сөз алып, былай деді: — Бауырластар, сөзіме құлақ түріңдер! 14 Шимон (Петір) бізге Құдайдың ең алдымен басқа ұлттық адамдарға деген ықыласын көрсетіп, олардың арасынан Өзінің атымен аталған халқын шақырып алғаны туралы түсіндіріп берді. 15 Осы айтқандары пайғамбарлардың жазып қалдырған мына тәрізді сөздерімен үндесіп жатыр: 16 (Жаратқан Ие былай дейді:) Содан кейін Мен қайтып келіп, Дәуіттің құлап қалған үйін қайтадан тұрғызамын; оның қираған қабырғаларын қаластырып, қайта қалпына келтіремін. 17 Осылай қалған адамдар, Өзім меншігім болуға тағайындаған барлық басқа ұлттар да өз Иелері — Маған жақындауға ұмтылсын. — Бұны айтқан Жаратқан Ие оны іске асырады. 18 Бұл баяғы заманнан бері белгілі. 19 Сондықтан мен мынаны жөн деп санаймын: теріс жолдан қайтып, Құдайға бет бұрған басқа ұлттық адамдарға босқа салмақ салмауымыз керек. 20 Қайта, біз оларға хат жазып: «Адам жанын арамдайтын жалған тәңірлерден, неке адалдығын бұзудан, арам өлген малдың етінен және қаннан аулақ жүріңдер!» — деп ескертейік. 21 Себебі атам заманнан бері Мұса (арқылы берілген Таурат заңының осы ережелері) барлық қалаларда уағыздалып, мәжілісханаларда сенбі сайын оқылып келеді. 22 Сонда елшілер және қауымның жетекшілері бүкіл қауыммен бірге араларынан бірнеше кісіні таңдап алып, Пауыл мен Барнабаға ертіп Антақияға жіберуге шешім қабылдады. Содан олар бауырластардың ішіндегі беделді Барсаба Яһуда мен Сыйласты таңдап алып, соларды өкілдікке тағайындады. 23 Жіберілгендердің қолдарына мына хатты тапсырды: «Елшілер мен қауым жетекшілері — сендердің бауырластарыңнан басқа ұлттан шыққан Антақияда және Сирия мен Кіликияда тұратын бауырластарға дұғай сәлем! 24 Арамыздан кейбіреулер сендерге барып, іріткі салып, (сүндетке отырып, Таурат заңын орындау керек деп) көңілдеріңді абыржытты дегенді естідік. Ал біз оларға сондай тапсырма берген жоқпыз. 25 Сондықтан біз келісіп, адамдарды таңдап алып, сүйікті бауырластарымыз Барнаба мен Пауылға ертіп сендерге жіберуге ұйғардық; 26 бұл екеуі — өмірлерін Иеміз Иса Мәсіхке бағыштап тәуекел еткендер. 27 Қабылдаған шешімімізді сендерге ауызша түсіндіріп беру үшін Яһуда мен Сыйласты да жіберіп отырмыз. 28 Киелі Рухтың білдіруімен біз сендерге төмендегі қажетті ережелерден басқа ешқандай салмақ салмауымыз керек деп шештік: 29 жалған тәңірлерге арналған құрбандықтардан, қаннан, арам өлген малдың етінен және неке адалдығын бұзудан аулақ жүріңдер! Осы нұсқауларды ұстансаңдар, игі болмақ. Қош-сау болыңдар!» 30 Жіберілгендер жолға шығып, Антақияға жетті; бүкіл қауымды шақыртып алған соң, хатты табыстады. 31 Қауым соны оқып біткенде, ондағы жігерлендіретін тәлімге қуанып қалды. 32 Пайғамбарлық дарыны да бар Яһуда мен Сыйлас жиналған бауырластарға ұзақ сөз сөйлеп, жігерлендіріп, сенімдерін бекітті. 33 Екеуі сол жерде біраз уақыт болған соң, бауырластар оларға амандық пен тыныштық тілеп, оларды жібергендерге кері қайтаруға баталарын берді. 34 Бірақ Сыйлас сол жерде қалуға ұйғарды (ал Яһуда Иерусалимге қайта оралды). 35 Пауыл мен Барнаба да Антақияда тұрып, көптеген басқа сенушілермен бірге адамдарға тәлім беріп, Иеміздің Ізгі хабарын жеткізіп жүрді. 36 Едәуір уақыт өткеннен кейін Пауыл Барнабаға: «Біз Иеміздің хабарын уағыздаған барлық қалалардағы бауырластарға барып, олардың жағдайларын көрейік!» — деді. 37 Сонда Барнаба Жохан Марқаны да алып кеткісі келді. 38 Бірақ Пауыл оны ертуді мақұлдаған жоқ, себебі бұрынғы сапарда бұл жігіт олардан Памфүлия аймағында қалып қойып, бірге бастаған ісін жалғастырмай тастап кеткен болатын. 39 Осы мәселе айтысқа ұласып, олар бір-бірінен бөлініп кетті. Барнаба Марқаны алып, Кипр аралына кемемен жүзіп кетті. 40 Ал Пауыл Сыйласты таңдап алды. Қауымдағы бауырластары екеуін Құдай Иенің рақымына аманаттап, олар жолға шықты. 41 Екі елші Сирия мен Кіликия аймақтарын аралап жүріп, солардағы қауымдарды күшейтіп нығайтты.161 Осылай Пауыл Дербе мен Лүстраға да барды. Сол жерде Тімоте есімді Мәсіхтің жолын қуушы шәкірті бар еді. Оның шешесі Мәсіхке сенетін яһуди әйел, ал әкесі грек болатын. 2 Лүстра мен Қониядағы бауырластар Тімоте туралы жақсы пікірде болып куәлік берді. 3 Пауыл оны сапарға бірге алып шыққысы келгендіктен, алдымен сүндетке отырғызды. Мұны сол өңірдегі яһудилер үшін жасады, өйткені олар Тімотенің әкесінің грек екенін білетін. 4 Мұнан кейін Пауыл мен оның серіктері басқа қалаларды аралап, Иерусалимдегі елшілер мен қауым жетекшілері қабылдаған шешімді сенушілерге таныстырып, сақтап жүрулерін тапсырды. 5 Содан қауымдардың сенімі күшейіп, сенушілердің саны күн сайын арта берді. 6 Киелі Рух Пауылға және оның жолдастарына Азия аймағында уағыздауға тыйым салғандықтан, олар Фрүгия және Ғалатия аймақтарын аралай жүрді. 7 Олар Мүзияға жеткеннен кейін, Бітүнияға кіруге ұмтылды, бірақ Иса жіберген Киелі Рух оларға рұқсат бермеді. 8 Сондықтан елшілер Мүзиядан өтіп, Троя қаласына барды. 9 Сол түнде Пауылға бір македониялық кісі аян берді. Ол мұның алдында тұрып: «Македонияға келіп, бізге көмектесе гөр», — деп өтінді. 10 Осы аяннан кейін, Құдай бізді соларға Ізгі хабарды уағыздауға шақырып жатыр деген қорытындыға келіп, Македонияға барудың жолын іздестірдік. 11 Троядан кемемен шығып, тура Самотрак аралына, келесі күні (Македониядағы) Неаполь қаласына жеттік. 12 Содан Філіпіге тарттық, бұл — Македонияның осы өңіріндегі басты қаласы әрі римдіктердің елді қонысы. Бірнеше күн осында тұрдық. 13 Сенбі күні қала сыртындағы өзенге бардық; бұл жерде адамдар әдетте Құдайға сиынып мінажат ететін. Біз отыра қалып, жиналған әйелдермен сөйлесе бастадық. 14 Солардың арасында Лүдия есімді әйел болды, ол Тиятир қаласынан келген, қызыл мата сатушы еді. Лүдия басқа ұлттық болса да, Құдайды қастерлейтін. Иеміз оның жүрегін жібітіп, Пауылдың айтқан сөзіне құлақ түргізіп, соны қабылдатты. 15 Лүдия үй ішімен бірге Мәсіхтің жолына түсіп, шомылдыру рәсімінен өтті. Мұнан кейін ол бізге: «Егер мені Иемізге сенуші деп мойындасаңыздар, үйіме келіп, қоныңыздар», — деп қояр да қоймай өтініп, ақыры біз келістік. 16 Бір жолы біз мінажат етуге бара жатқанда, сәуегейлік жасайтын жыны бар бір малай қыз бізге кез болды. Сол қыз өзінің арам көріпкелдігімен қожайындарына көп кіріс түсіреді екен. 17 Қыз Пауыл мен бізден қалмай: «Мына кісілер — Құдай Тағаланың құлдары, олар сендерге құтқарылу жолын уағыздайды!» — деп айқайлап жүрді. 18 Ол бірнеше күн осылай етті. Ақырында Пауыл ашуланып, артына бұрылып, жынға: «Иса Мәсіхтің атынан саған бұйырамын: шық оның бойынан!» — деді. Сол сәтте-ақ жын қыздан шығып кетті. 19 Ал қыздың қожайындары өздерінің пайда көзінен айырылғанын көргенде, Пауыл мен Сыйласты ұстап алып, базар алаңындағы қала әкімшілігіне сүйреп апарды. 20 Екеуін римдік басшыларға алып келіп: «Мыналар — яһудилер, қалаға іріткі салып жүр! 21 Олар уағыздап жүрген дәстүрлерді бізге, Рим азаматтарына, қабылдап, орындауға болмайды», — деді. 22 Жиналған топ та екі елшіге қарсы шықты. Римдік басшылар олардың киімдерін үстерінен жұлып алғызып, таяқпен дүре соғуға бұйырды. 23 Оларды қатты сабап болған соң, түрмеге тастап, бастығына: «Бұларды жақсылап күзет!» — деп әмір етті. 24 Осындай бұйрық алған түрме бастығы екеуін ішкі зынданға тастап, аяқтарын ағаш қысқыштармен бұғаулап қойды. 25 Түн ортасында Пауыл мен Сыйлас Құдайға сиынып, Оны ән-жыр айтып дәріптеп мадақтады. Басқа тұтқындар мұны тыңдап жатты. 26 Кенеттен жер қатты сілкініп, түрменің іргесі шайқалып кетті. Сол сәтте барлық есіктер ашылып, бүкіл тұтқындардың аяқтарындағы шынжырлары шешіліп түсіп қалды. 27 Түрме бастығы ұйқысынан оянып, есіктердің ашық екенін көргенде, семсерін суырып алып, өзін өлтірмекші болды. Себебі ол тұтқындардың бәрі қашып кетті деп ойлады. 28 Бірақ Пауыл: — Өзіңе залал келтірме! Бәріміз осындамыз! — деп айқайлап жіберді. 29 Бастық шам жағуға бұйырып, ішке қарай тұра жүгірді де, қалшылдап-дірілдеп Пауыл мен Сыйластың аяғына жығылды. 30 Екеуін сыртқа шығарып: — Мырзалар, (Құдайдың қаһарынан) құтқарылуым үшін не істеуім керек? — деп сұрады. Олар: 31 — Иеміз Иса Мәсіхке сен, сонда өзің де, үй ішің де құтқарыласыңдар! — деді де, 32 оған және үйіндегілерге Иеміздің Ізгі хабарын айтып берді. 33 Түрме бастығы оларды түннің сол сағатында-ақ өз үйіне апарып, жараларын жуды. Өзі де, бүкіл отбасы да Иеміздің жолына түсіп, дереу шомылдыру рәсімінен өтті. 34 Екі елшіні қонақ бөлмесіне кіргізіп, дастарқан жасап, барлық үй ішімен бірге Құдайға сенгендеріне қатты қуанды. 35 Таң атқанда қаланың басшылары: «Әлгі адамдар босатылсын!» — деген бұйрықпен сақшыларды түрмеге жіберді. 36 Түрменің бастығы Пауылға мұны білдіріп: — Қаланың басшылары сендерді босатсын деген хабар жіберді. Сондықтан енді шығып, амандықпен кетіңдер! — деді. 37 Ал Пауыл сақшыларға бұрылып: — Римдік азаматтар болсақ та, олар бізді бүкіл ел алдында үкімсіз сабап, түрмеге жапты. Енді бізді жасырын қуып жібергілері келе ме? Жоқ, болмайды! Бізді өздері келіп, шығарсын! — деді. 38 Сақшылар бұл туралы қаланың басшыларына айтып берді. Пауыл мен Сыйластың римдік азаматтар екенін естігенде, әкімшілердің зәрелері ұшып, 39 түрмеге өздері келді. Олар екеуінен кешірім сұрап, түрмеден алып шығып, қаладан кетулерін өтінді. 40 Ал Пауыл мен Сыйлас босап шыққан соң алдымен Лүдияның үйіне барды. Сонда сенуші бауырластарымен кездесіп, оларды жігерлендірді. Бұдан кейін екеуі жолға шықты.171 Амфипол мен Апполонияны аралап өткеннен кейін, елшілер Салониқаға жетті. Бұл қалада яһудилердің мәжілісханасы бар еді. 2 Пауыл әдетінше мәжілісханаға барып, үш демалыс күні жамағатпен Киелі жазбаларға сүйеніп сөйлесті. 3 Пауыл соларды түсіндіріп, Құтқарушы Мәсіхтің азап шегіп өліп, содан қайта тірілуге тиісті екенін дәлелдеді. Ол: «Мен сендерге уағыздап жүрген Иса — Мәсіхтің Өзі!» — деді. 4 Яһудилердің бірнешеуі Исаға сеніп, Пауыл мен Сыйласқа қосылды. Сондай-ақ, Құдайды қастерлейтін гректердің үлкен бір тобы және көптеген беделді әйелдер де осылай істеді. 5 Ал сенбейтін яһудилер қызғаныштан ызаланып, базарда жүрген бірнеше бұзықтарды жалдап, бір тобырды жинап, қаланы дүрліктірді. Олар Ясонның үйіне шабуыл жасап, Пауыл мен Сыйласты жиналған халықтың алдына шығару үшін іздеді. 6 Екеуін таппаған соң, Ясонды және басқа бірнеше бауырластарды қаланың әкімшілеріне сүйрелеп апарып, былай деп айқай салды: «Бүкіл әлемде төңкеріс жасаушылар мұнда да келіпті! 7 Ясон оларды үйіне қондырды. Бұлар римдік патшамыздың әмірлеріне қарсы шығып, Иса деген басқа Патшаны құрметтейді!» — 8 Мұны естіген халық және қаланың әкімшілері қатты абыржыды. 9 Олар Ясонды және басқа сенушілерді кепілдік беруге мәжбүрлеп, содан кейін ғана босатып жіберді. 10 Бауырластары Пауыл мен Сыйласты дереу сол түні-ақ Береяға жөнелтіп жіберді. Олар бұл қалаға жетісімен яһудилердің мәжілісханасына барды. 11 Салониқалықтарға қарағанда мұндағылардың пейілдері кеңірек екен. Олар елшілердің хабарын бар ынталарымен қабылдап, шындығына көз жеткізу үшін күн сайын Киелі жазбаларды зерттеді. 12 Осылай олардың көбі Мәсіх Исаға сенді, араларында халыққа қадірлі грек әйелдері мен ер азаматтары да аз болған жоқ. 13 Ал салониқалық яһудилер Пауылдың Береяда Құдайдың Ізгі хабарын уағыздап жүргенін біліп алған соң, сол жерге де барып, халықты дүрліктіріп, әлек салды. 14 Бауырластары Пауылды дереу теңіз жағасына жөнелтіп жіберді, ал Сыйлас пен Тімоте Береяда қалып қойды. 15 Пауылды шығарып салушылар онымен бірге Афинаға дейін барды. Содан олар оның Сыйлас пен Тімотеге арналған: «Тезірек қасыма келіңдер!» — деген тапсырмасын алып, кері қайтып кетті. 16 Пауыл Афинада жолдастарын күтіп жүргенде, қаладағы қаптаған тәңір бейнелерін көріп, іштей қапаланып ашуланды. 17 Ол мәжілісханада яһудилермен және Құдайды қастерлейтін гректермен сөйлесіп, күн сайын базарда кездейсоқ жолыққандарымен де пікірлесіп жүрді. 18 Бір жолы эпикурей және стоик философияларын жақтайтындар да онымен айтыса бастады. Кейбіреулері: «Мына білгішсінген мылжың не дегісі келеді?» — десе, басқалары: «Ол бөтен тәңірлерді уағыздап жүрген сияқты», — деді. Өйткені Пауыл Иса және қайта тірілу туралы Ізгі хабарды жариялауда еді. 19 Олар Пауылды Ареопаг төбесіне алып барып, одан: — Сіз уағыздап жүрген жаңа ілім қандай, білуге бола ма? 20 Айтып жүргеніңіз құлағымызға оғаш естіледі, сондықтан оның не екенін білгіміз келеді, — деп сұрады. 21 Себебі барлық афиналықтар мен сол жерде тұратын шетелдіктер бір жаңалық естуге немесе айтып беруге құштар болатын. 22 Сонда Пауыл Ареопагтың ортасында тұрып, жиналғандарға былай деді: — Уа, афиналық адамдар! Сіздердің барлық жағынан да айрықша діншіл екендеріңізді байқадым. 23 Қасиетті орындарыңызды аралап, қарап жүргенде «Бейтаныс құдайға» деген жазуы бар құрбандық үстелін де көрдім. Өздеріңіз танымасаңыздар да, құрметтеп жүрген сол Құдай туралы сіздерге хабарлап жүрмін. 24 Ол — әлемді және ондағының бәрін жаратқан Құдай, көк пен жердің Иесі! Сондықтан Ол адамның қолынан шыққан киелі үйлерде тұрмайды. 25 Құдай пенделердің Өзіне қызмет етуіне де зәру емес. Қайта, Оның Өзі барлығына өмір, дем және қажеттінің бәрін сыйлайды. 26 Ол бір адамнан адамзаттың бар ұлттарын таратып, оларды бүкіл жер жүзіне мекендеткен және олардың мерзімдері мен тұратын жерлерінің шектерін белгілеп қойған. 27 Құдай бұны адамдар Өзін іздесін, мүмкін, қарманып жүргендей іздестіріп, тауып алсын деп істеді. Ол әрқайсымыздан алыс емес, 28 себебі «Оның арқасында біз өмір сүріп, әрекет жасап, тіршілік етіп жүрміз». Сол сияқты кейбір ақындарыңыз да: «Біз Оның ұрпағымыз» деген. 29 Ал енді біз Құдайдың рухани ұрпағы болсақ, Оның болмысы алтын, күміс не тас мүсінге ұқсайды деп ойламайық! Бұлар — адамның өнері мен тапқырлығынан туындаған бейнелер ғана. 30 Өткен дәуірлерде Құдай мұндай ұғымсыздыққа сабырлылық көрсетті, алайда қазір Ол барлық жердегі адамдардың бәріне де теріс жолдан қайтуды бұйырады. 31 Себебі Ол осы дүниені әділдікпен соттайтын күнін белгілеп, сотты жүргізетін Кісіні тағайындап қойды. Барлық адамзатқа мұның дәлелі болсын деп, Құдай сол Кісіні өлімнен қайта тірілтіп алды! 32 Өлімнен қайта тірілу туралы естігенде кейбіреулері оларды мазақтаса, өзгелері: — Бұл туралы сізді тағы да тыңдаймыз, — деді. 33 Сонымен Пауыл орталарынан кетіп қалды. 34 Ал кейбір адамдар оған қосылып, сенімді қабылдады. Бұлардың арасында Ареопаг қоғамының мүшесі Дионис, сондай-ақ, Дамар есімді әйел және бірнеше басқалар да болды.181 Бұдан кейін Пауыл Афинадан шығып, Қорынт қаласына бет алды. 2 Сол жерде ол Ақила есімді понттық яһудиге тап болды. Ол әйелі Прискиламен жақында Италиядан келген екен. Себебі Клауди патша барлық яһудилердің Рим қаласынан кетуін бұйырған еді. Пауыл ерлі-зайыпты екеуімен кездесуге барды. 3 Олар әріптес болғандықтан, бірге тұрып, бірге жұмыс істеді. Ортақ кәсіптері шатыр жасау еді. 4 Әр сенбі сайын Пауыл мәжілісханадағы жамағатпен сөйлесіп, яһудилер мен гректерді Ізгі хабарға сендіруге ұмтылды. 5 Македониядан Сыйлас пен Тімоте келген соң, Пауыл өзін түгелдей уағыз жұмысына арнап, яһудилерге Исаның Құтқарушы Мәсіх екеніне куәлік келтірумен болды. 6 Ал яһудилер оған қарсы шығып, тіл тигізгеннен кейін, Пауыл үстіндегі киімдерінің шаң-тозаңын қағып тастап, оларға былай деді: «Қандарың өз мойындарыңда! Менің ар-ұжданым таза! Қазірден бастап басқа ұлттарға барамын». 7 Пауыл осыны айтты да, мәжілісханадан шығып, соған көршілес тұрған Тит Иусттың үйіне барды. Тит Иуст Құдайды қастерлейтін басқа ұлттық адам еді. 8 Мәжілісхана басшысы Кірісп және оның бүкіл үй іші Иемізге сенді. Пауылдың уағызын тыңдаған көптеген басқа қорынттықтар да сенімді қабылдап, шомылдыру рәсімінен өтті. 9 Бір түні Иеміз Пауылға аян беріп: «Қорықпа! Үнсіз қалмай айта бер! 10 Мен саған жар боламын. Ешкім де саған бас салып зиян келтіре алмайды, өйткені бұл қалада Менің халқым көп», — деді. 11 Сондықтан Пауыл бір жарым жыл сол жерде қалып, Құдайдың Ізгі хабарын уағыздап жүрді. 12 Ал Галлио Ахая өлкесінің әміршісі болғанда, діндар яһудилер бәрі бір адамдай Пауылға қарсы шықты. Оны сот алдына алып барды да: 13 — Мына кісі адамдарды заңға қайшы жолмен Құдайға құлшылық етуге үгіттеп жүр, — деп айыптады. 14 Пауыл енді сөйлейін дегенде, Галлио яһудилерге қарап былай деді: — Ей, яһудилер, егер оны белгілі бір қылмыс жасап, зұлымдық істеді деп айыптасаңдар, шағымдарыңа құлақ асар едім. 15 Ал бұл жерде бір ілім, атақтар және өз заңдарың туралы айтыс болып жатқандықтан, оны өздерің қараңдар! Мұндай мәселеге мен төрелік еткім келмейді. 16 Осымен Галлио оларды соттан қуып жіберді. 17 Сонда (гректердің) бәрі мәжілісхана басшысы Состенді ұстап алып, сот алдында сабап тастады. Ал Галлио бұған көңіл де бөлген жоқ. 18 Пауыл тағы едәуір күн Қорынтта аялдағаннан кейін бауырластарымен қоштасып, (жақын маңдағы) Кеніхрея қаласына барды. Сонда ол Құдай алдында ант бергендіктен шашын алғызып тастады. Мұнан кейін Прискила мен Ақиланы ертіп кемемен Сирияға қарай жүріп кетті. 19 Олар Ефеске жеткенде, Пауыл Прискила мен Ақиланы сол қалаға қалдырып кетті. Өзі мәжілісханаға барып, яһудилермен сөйлесті. 20 Олар Пауылдың осында ұзағырақ болуын өтінді, бірақ ол бұған келіспей: 21 «(Алдағы мейрамды қалайда Иерусалимде өткізуім керек. Ал) Құдай қаласа, сендерге кейінірек қайтып келемін», — деді. Осылай Пауыл олармен қоштасып, кемемен Ефестен жүріп кетті. 22 Кесарияға жеткен соң, ол (Иерусалимге) өрлеп барды. Сонда қауымдағылармен сәлемдесті, содан (Сириядағы) Антақияға қарай бағыт алды. 23 Бұл қалада біраз болып, тағы да жолға шықты; Ғалатия мен Фрүгия аймақтарын аралап, Иеміздің жолын қуушы шәкірттерінің бәрін жігерлендіріп, сенімдерін нығайтты. 24 Сол екі арада Ефеске Аполлос есімді ескендіриялық яһуди келді. Ол Киелі жазбалардан молынан хабардар, сөзге шебер, парасатты кісі болатын. 25 Иеміздің жолы туралы негізгі тәлім алған Аполлос Жақияның шомылдыру рәсімін ғана білсе де, Иеміз Иса туралы қызу сөйлеп, ұқыпты үйрететін. 26 Аполлос мәжілісханада батыл сөйлей бастады. Оны тыңдаған Прискила мен Ақила үйіне шақырып, оған Құдайдың ізгі жолын толығырақ түсіндіріп берді. 27 Аполлос Ахаяға бармақшы болғанда, бауырластарымыз оны қолдап жігерлендірді. Олар сол аймақтағы Мәсіхтің шәкірттеріне арнап сәлемхат жазып, оны жылы қабылдауларын өтінді. Аполлос Ахаяға жеткен соң Тәңір Иенің рақымымен Ізгі хабарға сенгендерге зор көмек көрсетті. 28 Себебі ол ашық айтыстарда Исаның Құтқарушы Мәсіх екенін Киелі жазбаларға сүйене отыра дәлелдеп, сенбейтін яһудилердің ой-пікірлерінің дұрыс еместігін әшкереледі.191 Аполлос Қорынтта болған кезде, Пауыл Кіші Азияның таулы өңірлерін аралап жүріп, соңында Ефеске жетті. Сол жерде ол Иеміздің бірнеше шәкірттеріне кездесті. 2 Пауыл олардан: — Сендер сенген кезде Киелі Рухты қабылдадыңдар ма? — деп сұрады. Шәкірттер: — Киелі Рухтың бар екендігі туралы естіген де емеспіз, — деп жауап берді. 3 Ал Пауыл: — Кімнің суға шомылдыру рәсімінен өттіңдер? — деп сұрады. Олар: — Жақияның рәсімінен, — деп жауап қайтарды. 4 Сонда Пауыл былай деп түсіндірме берді: — Жақия адамдарды теріс жолдан қайтарып шомылдыру рәсімінен өткізгенде оларға: «Менен кейін келетін Кісіге сеніңдер!» деп айтты. Сол Кісі Иса болатын. 5 Шәкірттер осыны естігенде Иеміз Исаның атымен шомылдыру рәсімінен өтті. 6 Пауыл үстеріне қолын қойғанда, оларға Киелі Рух қонды; содан бұлар бөтен тілдерде сөйлеп, Құдайдың хабарларын жеткізе бастады. 7 Олардың барлығы шамамен он екі ер адам еді. 8 Пауыл үш ай бойы мәжілісханаға барып, именбей, емін-еркін уағыз айтып, адамдармен сөйлесіп, Құдай Патшалығы туралы шындыққа сенерліктей дәлел келтіріп берді. 9 Алайда кейбіреулері қасарысып, Иемізге сенгісі келмей, Оның ізгі жолына ел алдында тіл тигізе бастады. Сонда Пауыл бұлардан бөлініп кетті де, Иеміздің шәкірттерін олардан айырып алды. Бұдан былай ол Тиран есімді кісінің дәрісханасында күн сайын тәлім беріп жүрді. 10 Бұл екі жылға созылып, яһудилер болсын, гректер болсын Азия аймағының барлық тұрғындары Иеміз туралы Ізгі хабарды естіді. 11 Құдай Пауыл арқылы айрықша құдіретті кереметтер де жасады: 12 адамдар тіпті Пауылдың жұмысқа киген алжапқышын немесе беторамалын алып, науқастардың үстіне жапқанда, олар ауруларынан айығып, бойларын буған жындарынан құтылды. 13 Ал ел аралап, адамдардан жындарын қуып шығарушы кейбір яһудилер жын буғандар үшін дұға оқып, Иеміз Исаның атын қолдана бастады: — Саған Пауыл уағыздап жүрген Иса арқылы бұйырамын, — деді. 14 Яһуди бас діни қызметкер әулетінен шыққан Скеуаның жеті ұлы осылай істеп жүрді. 15 Алайда бірде жын бұларға жауап беріп: — Исаны білемін, Пауыл да маған таныс, ал сендер кімсіңдер? — деді. 16 Содан жыны бар кісі оларға бас салып, жерге жығып, бәрін де жеңіп шықты. Ағайындылар сол үйден жалаңаш, ұрылған-соғылған күйі қашып шықты. 17 Бұл оқиға Ефесте тұратын барлық яһудилер мен гректерге мәлім болып, бәрін үрей биледі. Ал Иеміз Исаның даңқы арта түсті. 18 Сенушілердің көбі келіп, күнәлі іс-әрекеттерін ашық мойындады. 19 Бақсы-балгерлікпен айналысып келгендердің бірсыпырасы сиқырлық кітаптарын әкеліп, барлығының көз алдында өртеп жіберді. Кітаптардың құнын есептегенде, елу мың күміс теңге болды. 20 Иеміздің Ізгі хабары осылай кең тарап, құдіретін көрсетті. 21 Осы оқиғалардан кейін Пауыл Киелі Рухтың жетелеуімен (грек елінің) Македония мен Ахая өлкелері арқылы Иерусалимге баратын шешімге келді. «Сонда болғаннан кейін Римге де соғуға тиістімін», — деді. 22 Көмекшілерінің арасынан Тімоте мен Ераст екеуін Македонияға жіберіп, өзі тағы біраз уақыт Азия аймағында қала тұрды. 23 Сол кезде (аймақ орталығы) Ефесте Иеміздің жолына қарсы үлкен толқу болып жатты. 24 Деметір есімді күміс зергері жергілікті шеберлерге әйел тәңір Артемидаға арналған киелі үйдің күміс кейіптерін жасатып, олардың көп кіріс келтірулеріне жағдай туғызған еді. 25 Деметір шеберлерді және олардың көмекшілерін жинап алып, оларға былай деді: — Уа, ер азаматтар, біздің жақсы тұрмысымыздың осы кәсібімізге байланысты екенін білесіңдер. 26 Сендер мына Пауыл дегеннің Ефесте ғана емес, тіпті бүкіл Азиядағы көптеген кісілерді өз дегеніне көндіріп, адастырып жүргенін естіп-көріп жүрсіңдер. Ол адамдарға: «Қолдан жасалған тәңірлер шынайы құдай емес» дегенді айтып жүр. 27 Бұл біздің кәсібіміздің жақсы атына ғана қауіп туғызбай, ұлы әйел тәңір Артемидаға арналған ғибадатхана да өз беделінен ада болып, тіпті Азия мен бүкіл дүние жүзі табынатын әйел тәңірдің өзі де ұлы даңқынан айырылып қалады! — 28 Осыны естігенде зергерлерді ашу кернеп, олар: — Ефестің Артемидасы даңқталсын! — деп айқайлай бастады. 29 Бүкіл қала қозғалысқа түсті. Адамдар Пауылдың Гай мен Арыстарқ есімді македониялық серіктерін ұстап алып, сүйрелеп, бәрі бір адамдай ойын-сауық алаңына қарай лап қойды. 30 Пауыл халық алдына шыққысы келіп еді, бірақ сенушілер оны жіберген жоқ. 31 Пауылмен достасқан Азия аймағы әкімшілігінің кейбір уәкілдері де оған алаңға жоламасын деген ескерту жіберді. 32 Алаңда жиналғандардың біреулері анау деп, біреулері мынау деп айқайлап, шым-шытырық болды. Көпшілігі тіпті бұл жерге не үшін жиналғандарын білген де жоқ. 33 Яһудилердің ұсынысымен Ескендір тобырдың ішінен алға шығарылды. Ескендір қолымен тыныштыққа шақырып, халыққа арнап сөз сөйлемек болды. 34 Ал жиналғандар оның яһуди екенін білгенде, бәрі бірауыздан екі сағат бойы: — Ефестің Артемидасы даңқталсын! — деп айқайлап тұрып алды. 35 Ақыр соңында қаланың хатшысы халықты тыныштандырып, былай деді: — Уа, ефестік ер азаматтар! Ұлы Артемиданың «аспаннан түскен бейнесінің» және оған арналған ғибадатхананың сақтаушысы — Ефес қаласы! Соны әлемдегі кім білмейді?! 36 Бұл — даусыз нәрсе ғой! Сондықтан тыныштық сақтап, еш ағаттық істемегендерің дұрыс! 37 Мына кісілерді осында алып келдіңдер. Олар ғибадатхананы тонаған да емес, әйел тәңірімізге тіл тигізген де емес. 38 Егер де Деметір мен оған еріп келген шеберлердің біреудің үстінен шағымдары болса, сол үшін сот мәжілістері және аймақ әміршілері бар. Олар өзара арыз-шағымдарын сонда апарсын! 39 Ал тағы басқа мәселені көтергілерің келсе, ол заңды мәжілісте шешіледі. 40 Бүгінгі оқиғаға байланысты «көтеріліске шықтыңдар» деген айып басымызға төніп тұр. Себебі осы толқу жөнінде бізді ақтап алар еш сылтау жоқ. Хатшы осылай деп, жиналысты таратып жіберді.201 Бүлік басылғаннан кейін Пауыл Иеміздің шәкірттерін шақырып алды. Оларды жігерлендіре сөйлеп, қоштасып, Македонияға бет алды. 2 Пауыл өзінің жүрген жолындағы аймақтардан өтіп шығып, сонда тұратын сенушілерге зор жігер берген уағыздар айтып берді. Содан ол оңтүстік Грекияға барып, 3 сонда үш ай болды. Пауыл кемемен Сирияға кетер алдында өзіне яһудилер қастандық жасамақ деген хабар алды. Сондықтан ол (құрлықпен) Македония арқылы қайтуға шешім қабылдады. 4 Оған Азия аймағына дейін береялық Пирдің ұлы Сопатер, сондай-ақ салониқалық Арыстарқ пен Секунд, дербелік Гай мен Тімоте және азиялық Түхік пен Трофим еріп жүрді. 5 Бұлар алға озып кетіп, бізді Троядан тосып алды. 6 Ашымаған нан мейрамынан кейін Філіпіден кемемен шығып, бес күнде Троядағы соларға жеттік. Осы қалада жеті күн аялдадық. 7 Жексенбі күні біз жергілікті сенушілермен бірге нан үзу рәсімін орындауға жиналдық. Пауыл олармен сөйлесіп, уағыз айта бастады. Келесі күні жол жүретіндіктен, оның уағызы түн жарымына дейін созылды. 8 Біз отырған жоғарғы бөлмеде көп шам жанып тұрды. 9 Ашық терезенің алдында Еутіх есімді жас жігіт отырған еді. Пауылдың сөзі ұзаққа созылып кеткен соң, Еутіх қатты ұйықтап кетіп, үшінші қабаттан құлап түсті. Оны жерден көтеріп алғанда, денесінде жан жоқ екен. 10 Пауыл төмен түсіп, жігіттің үстіне жата қалып, құшақтап: «Уайымдамаңдар, ол тірі!» — деді. 11 Бұдан кейін Пауыл қайта көтеріліп, қауыммен бірге нан үзу рәсімін орындап, тамақ ішті. Таң атқанша солармен әңгімелесіп отырды да, қоштасып, сапарға шығып кетті. 12 Ал жас жігітті бұған дейін үйіне аман-есен алып кеткен еді. Бұл сенушілерге үлкен дем берді. 13 Ал біз болсақ, алға кетіп, кемемен Асқа жеттік. Осы қаладан Пауылды мінгізіп алуымыз керек еді. Өзі Асқа дейін жаяу жүргісі келгендіктен, осылай болсын деген болатын. 14 Аста оны кездестіріп, кемеге мінгізіп, Мітілин қаласына аттандық. 15 Келесі күні одан шығып, Хиос аралының маңына бардық. Бір күн өткен соң Самос аралына, тағы бір күннен кейін Мілит қаласына жеттік. 16 Азия аймағына барып келуге уақытты өткізіп алмау үшін, Пауыл Ефес қаласына соқпайын деп шешкен еді. Себебі ол мүмкіндігінше Алғашқы өнім мейрамын Иерусалимде қарсы алуға асықты. 17 Сондықтан ол Мілиттен Ефеске кісі жіберіп, сол қаладағы қауымның жетекшілерін Мілитке шақыртты. 18 Бұлар қасына келген соң, Пауыл оларға былай деп сөз сөйледі: — Мен Азияға алғаш келген күннен бастап, араларыңда қалай тұрғанымды өздерің білесіңдер. 19 Еш мансап қумай, кішіпейілдікпен, көз жасымды төгіп, яһудилердің қастандықтарының кесірінен болған ауыр азапқа қарамастан, Иемізге қызмет етіп келдім. 20 Ел алдында және жеке үйлерде уағыз айтып, тәлім беріп жүргенде сендерге пайда болатын еш нәрсені қалдырмай, бәрін түгел айттым. 21 Яһудилер мен гректерге: «Күнәларыңа өкініп, Құдайға бет бұрып, Иеміз Иса Мәсіхке сеніңдер!» деп ескерттім. 22 Қазір Киелі Рухтың жетелеуімен Иерусалимге бара жатырмын, онда неге душар болатынымды білмеймін. 23 Тек әрбір қалада Киелі Рух мені түрме мен азаптардың күтіп тұрғанын білдіреді. 24 Бірақ мен өз жанымды ойламай, тиісті өмір жолыммен жүре отырып, Иеміз Исаның маған тапсырған ісін аяқтасам, Құдайдың рақымы туралы Ізгі хабарды уағыздап жеткізсем болғаны. 25 Менің білетінім мынау: өзім араласып жүріп, Құдайдың Патшалығы туралы уағыз айтқан сендердің бәрің мені енді көрмейсіңдер. 26 Сондықтан бүгін сендерге салтанатты түрде ешкімнің қанын мойныма жүктемеймін деп мәлімдеймін. 27 Себебі мен уағыз айтқанда ештеңені жасырмай, Құдайдың еркін түгел жарияладым. 28 Енді өздеріңе де, Киелі Рух басқарушы етіп қойған барлық қауымға да қараңдар! Шопан қойын қалай бақса, сендер де Құдай Иеміздің өз қанын төгіп, иемденген қауымына солай қамқор болыңдар! 29 Мен кеткен соң, жауыз қасқырлар келіп, қойларды аямайтынын білемін. 30 Тіпті өз араларыңнан да жалған ілімдерді уағыздап, Иеміздің шәкірттерін теріс жолға азғырушылар шықпақ. 31 Сондықтан сақ болыңдар! Күн-түн демей, үш жыл бойы үзбестен әрқайсыңа нұсқау беріп, көз жасымды төккенім естеріңде болсын. 32 Ал енді сендерді Құдайға және Оның рақымын білдіретін сөзіне аманаттаймын. Өздеріңді нығайтып, Өзіне бағышталған барлық адамдарымен бірге сендерге де уәде еткен жарылқауларын қиямет күні беруге Оның құдіреті жетеді. 33 Мен ешкімнен алтын-күміс, киім-кешек дәметкен емеспін. 34 Өзімді және көмекшілерімді осы екі қолыммен жұмыс істеп, асырағанымды білесіңдер. 35 Сендерге ауыр еңбек ете жүріп, «Алғаннан гөрі берген бақытты» деген Иеміз Исаның сөзін есте ұстап, мүсәпірлерге жәрдемдесу керек екенін ұдайы үлгі етіп көрсеттім. 36 Пауыл осылай дегеннен кейін жиналғандардың бәрімен бірге тізе бүгіп, мінажат етті. 37 Барлығы да қатты жылап, оны құшақтап бетінен сүйді. 38 Оларға айрықша ауыр тигені оның «мені енді көрмейсіңдер» дегені болды. Содан кейін олар Пауылды кемеге шығарып салды.211 Олардан айырылысқаннан кейін біз теңізге қайта шығып, тура жүзе отырып Қос аралына, ертеңінде Родосқа, ал одан Патараға жеттік. 2 Сол қаладан Финикия еліне тіке баратын бір кеме тауып алып, соған отырып, жүріп кеттік. 3 Кипр аралы көрінгенде, оны оңтүстік жағынан айналып өтіп, Сирияға беттедік те, Тирге келіп тоқтадық. Себебі кеме сол қалаға жүгін түсіретін еді. 4 Иеміздің жолын қуушы шәкірттерін тауып алып, олармен жеті күн болдық. Киелі Рухтан хабар алған олар Пауылға «Иерусалимге бармай-ақ қойыңыз» дей берді. 5 Әйтсе де, сол күндер өткен соң сапарымызды әрі қарай жалғастырдық. Сенушілердің бәрі әйелдерімен, бала-шағасымен бізді қаланың сыртына дейін шығарып салды. Жаға бойында тізе бүгіп мінажат еттік. 6 Бір-бірімізбен қош айтысқаннан кейін біз кемеге отырдық, ал олар үйлеріне қайтты. 7 Тирден шығып, Птолемайс қаласына жеткен соң, мұндағы бауырластармен амандасып, бір күн бірге болдық. 8 Ертеңіне Кесарияға бардық. Сол қалада біз Иерусалим қауымының жеті қызметшісінің бірі — Ізгі хабарды уағыздаушы Філіптің үйіне түсіп, сонда қалдық. 9 Оның тұрмысқа шықпаған төрт қызы да пайғамбарлық сөз айтады екен. 10 Біз Кесарияда бірнеше күн болғаннан кейін, Яһудея аймағынан Агаб есімді пайғамбар келді. 11 Ол қасымызға келіп, Пауылдың белбеуін алып, сонымен өз аяқ-қолдарын байлады да: — Киелі Рух былай дейді: осы белбеудің иесін Иерусалимдегі яһудилер дәл осылай байлап, басқа ұлт адамдарының қолына ұстап береді, — деді. 12 Осыны естіген біз және жергілікті бауырластар Пауылдан: — Иерусалимге бармай-ақ қойыңыз, — деп өтіндік. 13 Бірақ ол: — Неменеге жылап, жүрегімді ауыртып тұрсыңдар? Мен Иеміз Исаның атын жариялау үшін Иерусалимде қол-аяғымды байлатпақ түгіл, жанымды қиюға да дайынмын, — деп жауап берді. 14 Оны көндіре алмағаннан кейін, біз тынышталып: — Иеміздің еркі болсын! — дедік. 15 Осыдан кейін біз жолға дайындалып, Иерусалимге қарай өрледік. 16 Кесариядан бірнеше бауырластар еріп, бізді бастапқы кезден бері Иеміздің жолын қуып келген Мынасон есімді кипрлікке алып барды. Бізге соның үйінде қонуға тура келді. 17 Иерусалимге жеткенде, сондағы бауырластар бізді құшақ жая қарсы алды. 18 Ертеңіне біз Пауылмен бірге Жақыпқа бардық, қауымның барлық басқа жетекшілері де сонда жиналды. 19 Олармен сәлемдескен соң Пауыл өзінің қызметі арқылы Құдайдың басқа ұлттар арасында не істегенін егжей-тегжейлі айтып берді. 20 Оны тыңдап болған соң, бәрі Құдайды дәріптеп мадақтады. Содан кейін олар Пауылға былай деді: — Уа, бауырласымыз, мынаны білесің: сан мыңдаған яһудилер Иемізге сенеді, барлығы да — Таурат заңын қызу жақтап, қатаң ұстанушылар. 21 Олар сен туралы: «Шетелде тұратын күллі яһудилерге: Мұса арқылы берілген Таурат заңынан бас тартып, балаларыңды сүндеттемеңдер, басқа да әдет-ғұрыптарымызды ұстамаңдар деп үйретіп жүр» деген хабар алды. 22 Ал бұған не істейік? Халықтың сенің осында екеніңді біліп, жиналатыны сөзсіз. 23 Сондықтан айтатынымызға құлақ сал! Арамызда назир антын берген төрт кісі бар. 24 Соларды ертіп алып, тазару рәсімін бірге жаса. Сондай-ақ шаштарын алдырулары үшін қажетті құрбандықтың құнын өзің төле. Сонда бәрі сен туралы естігендерінің жалған екеніне, қайта, өзіңнің де Таурат заңын орындап жүргеніңе көз жеткізетін болады. 25 Ал басқа ұлттық сенушілерге келсек, біз қабылдаған шешіміміз туралы жазып жібердік қой: олар жалған тәңірлерге арналған құрбандықтардан, қаннан, арам өлген малдың етінен және неке адалдығын бұзудан аулақ жүруге тиіс. 26 Сонымен Пауыл келесі күні әлгі кісілерді ертіп алып, бірінші тазару рәсімінен бірге өтті. Содан кейін ғибадатханаға барып, тазару мерзімінің аяқталып, әрқайсысы үшін құрбандық шалынатын күнді діни қызметкерге хабарлады. 27 Тазару мерзімінің жеті күні аяқталар шақта, Азия аймағынан келген яһудилер Пауылды ғибадатханада көріп, халықты оған қарсы айдап салды. Олар Пауылды ұстап алып, былай деп айқайлады: 28 «Уа, исраилдік ер азаматтар, келіп, көмектесіңдер! Мына кісі барлық жерде біздің халыққа, Таурат заңымызға және осы жерге қайшы ілімін таратып жүр. Оның үстіне өзге ұлт адамдарын ғибадатханаға кіргізіп, киелі жерді арамдады! 29 Себебі олар осының алдында Пауылдың қалада ефестік Трофиммен бірге жүргенін көріп, сол шетелдікті ғибадатхананың ішкі ауласына алып келген екен деп ойлады. 30 Бүкіл қала толқып, халық жан-жақтан ағылып жиналды. Олар Пауылға бас салып, оны ғибадатханадан сүйреп шығарды. Сол заматта-ақ ғибадатхананың қақпалары жабылып қалды. 31 Олар Пауылды өлтірмекші болып жатқанда, Рим әскерінің мыңбасына: «Бүкіл Иерусалим бүлік шығарып жатыр!» — деген хабар жетті. 32 Ол дереу жасақшылар мен жүзбасыларын алып, тобыр жиналған жерге қарай асықты. Әлгі адамдар мыңбасы мен жасақшыларды көргенде, Пауылды ұрып-соғуларын доғарды. 33 Мыңбасы жақындап келіп, Пауылды тұтқынға алды да, екі шынжырмен қол-аяғын бұғаулауға бұйырды. Бұдан кейін адамдардан Пауылдың кім екенін, оның не істегенін сұрады. 34 Жиналған тобырдың ішінен біреулері анау деп, біреулері мынау деп айқайлап жатты. Осындай у-шуда жөнді жауап ала алмаған соң, мыңбасы Пауылды қамалға айдап әкетуге әмір етті. 35 Пауыл баспалдаққа жетіп қалғанда, ашулы халық қыспаққа алғандықтан жасақшылардың оны көтеріп жүрулеріне тура келді. 36 Өйткені үлкен тобыр артынан қалмай: «Оны өлтіріңдер!» — деп айқайлай берді. 37 Жасақшылар Пауылды қамалға кіргізейін дегенде, ол мыңбасына тіл қатып: — Сізге бір сөз айтуға бола ма? — деді. Анау қатты таңғалып: — Сен грекше білесің бе? 38 Демек, сен біраздан бұрын көтеріліс ұйымдастырып, төрт мың қарақшыны айдалаға жетелеп кеткен мысырлық емессің ғой? — деп сұрады. 39 Пауыл: — Жоқ, мен яһудимін, Кіликияның танымал қаласы Тарстың азаматымын. Маған халыққа арнап сөз сөйлеуге рұқсат етсеңіз екен, — деді. 40 Әскербасы рұқсат берген соң, Пауыл баспалдақ сатысында тұрған күйі қолын жоғары көтеріп, халыққа белгі берді. Тыныштық орнағанда, оларға еврейше сөзін бастады:221 — Уа, бауырластар және ақсақалдар! Өзімді алдарыңызда ақтайтын сөзіме құлақ салыңыздар! — 2 Пауылдың еврейше сөйлегенін естігенде олар бұрынғыдан бетер тынышталып тыңдай қалды. Сонда Пауыл былай деді: 3 — Мен яһудимін, Кіликияның Тарс қаласында тудым, бірақ осы қалада өсіп, атақты Гамалиелден тыңғылықты тәлім алдым. Ата-бабаларымыздың Таурат заңын мұқият сақтай отырып, осы тұрған өздеріңіз сияқты Құдайдың құрметі үшін жан-тәніммен ұмтылдым. 4 Сол жолға түскендерді өлгендерінше қудаладым, оларды еркек болсын, әйел болсын шынжырмен бұғаулап, түрмеге жапқыздым. 5 Бұл ісіме бас діни қызметкер мен бүкіл Ақсақалдар кеңесі куә. Мен солардан тіпті Дамаскідегі бауырларымызға арналған хат алып, сондағыларды тұтқындап, Иерусалимге айдап әкеліп, жазалау үшін сол жаққа бардым. 6 Жолда Дамаскіге жақындап қалғанда, түске жақын кенеттен көз қарықтырар нұр маған көктен сәулесін шашып жіберді. 7 Содан жерге құлап түскенімде, маған: «Саул, Саул! Мені неге қудалайсың?» — деген дауысты естідім. 8 «Сен кімсің, Ием?» — деп сұрадым. Ол: «Мен сен қудалап жүрген назареттік Исамын», — деді. 9 Қасымдағы серіктерім сәулені көрсе де, маған Сөйлегеннің даусын түсінбеді. 10 Содан кейін мен: «Ием, не істеуім керек?» — деп сұрадым. Иеміз маған: «Орныңнан тұр да, Дамаскіге бар! Сол жерде Менің саған істеуге белгілеп қойғанымды айтады», — деді. 11 Жарқ еткен нұрлы салтанаттан көзім қарығып соқыр болып қалғандықтан, серіктерім мені қолымнан жетектеп жүрді. Осылайша Дамаскіге жеттім. 12 Сол жерде Анани деген біреу қасыма келді. Өзі Таурат заңын мұқият ұстанатын, қаладағы барлық яһудилерге сыйлы кісі екен. 13 Анани жақындап: «Саул бауырласым, көзің ашылсын!» — деді. Сол сәтте-ақ оны көрдім. 14 Анани маған тағы былай деді: «Ата-бабаларымыздың Құдайы сені Өзінің еркін білсін, әділ Кісісін көріп, Соның аузынан шыққан сөзін естісін деп таңдап алған болатын. 15 Өйткені сен барлық адамдарға көріп-естігенің туралы куә болып тұрасың. 16 Енді нені тосып бөгеліп отырсың? Орныңнан тұрып, Иеміздің атын айтып сиынып, шомылдыру рәсімінен өтіп күнәларыңнан арыл!» — деді. 17 Содан мен Иерусалимге қайтып келіп, ғибадатханада мінажат етіп тұрғанда, ерекше күйге еніп, 18 Оны көрдім. Ол маған: «Тезірек Иерусалимнен кет, себебі олар сенің Мен туралы куәлігіңді қабылдамайды», — деді. 19 Мен Оған: «Ием, Саған сенгендерді түрмеге жауып, мәжілісханаларда қамшылап соқтырған мен екенімді олар біледі. 20 Сенің куәгерің Степанның қаны төгіліп жатқанда, мен оны өлтіргендерді жақтап, шапандарын күзетіп қастарында тұрдым ғой», — дедім. 21 Ал Иеміз маған былай деді: «Жолға шық, мен сені алысқа жіберемін, басқа ұлттарға!» 22 Жиналған халық осыған дейін Пауылды тыныш тыңдап тұрған еді. Бірақ ол соңғы сөздерін айтқанда, олар: — Бұл адам жер бетінен құртылсын! Ол енді тірі жүрмесін! — деп айқайлап кетті. 23 Олар осылайша шулап, шапандарын шешіп, шаңды аспанға атып жатқан кезде, 24 мыңбасы Пауылды қамалға кіргізсін деп бұйырды. Оны қамшылап соғып, халық неге айқайлап қарсы болып жатқанын одан сұрастырып біліп алуға әмір етті. 25 Жасақшылар оның аяқ-қолдарын байлап болып, қамшылайын деп жатқанда, қасында бақылап тұрған жүзбасынан Пауыл: — Соттың үкімінсіз-ақ Римнің азаматын қамшылап соғуыңызға бола ма? — деп сұрады. 26 Жүзбасы осыны естігенде, мыңбасына жүгіріп барып: — Не істейін деп жатырсыз? Мына кісі Римнің азаматы екен! — деп мәлімдеді. 27 Әскербасы Пауылға келіп: — Айтшы, шынымен Римнің азаматысың ба? — деп сұрады. Ол: — Иә, азаматымын, — деп жауап берді. 28 Сонда мыңбасы: — Мен осы азаматтығымды көп ақшаға сатып алдым, — деді. — Ал мен туғаннан Римнің азаматымын, — деді Пауыл. 29 Оны қинап тергемекші болғандар дереу әрірек шегініп тұрды. Пауылдың Рим азаматы екенін білгенде, оны байлатып тастаған мыңбасы да қорқып кетті. 30 Келесі күні әскербасы Пауылды босатып, яһудилердің оны не үшін айыптайтынын анық білу үшін басты діни қызметкерлер мен Жоғарғы кеңес жиналсын деп бұйырды. Содан кейін Пауылды қамалдан алдыртып, солардың алдына тұрғызып қойды.231 Пауыл Жоғарғы кеңеске тіке қарап: — Бауырластар! Бүгінге дейін мен Құдай алдында ар-ұжданым кіршіксіз таза өмір сүріп келдім, — деді. 2 Ал бас діни қызметкер Анани Пауылдың қасында тұрғандарға оны аузынан ұруға бұйырды. 3 Сонда Пауыл оған: — Әктелген қабырға, сізді Құдай ұрады! Осы жерде мені Таурат заңы бойынша соттау үшін отырғанмен, заңды бұзып мені ұрғыздыңыз, — деді. 4 Қасында тұрғандар: — Құдайдың бас діни қызметкеріне ұрсуға қалай батылың барады? — деп ескертті. 5 Пауыл былай деп жауап берді: — Бауырластар, оның бас діни қызметкер екенін білмедім! «Халқыңның басшысына балағат сөз айтпа!» деп (Тауратта) жазылған ғой. 6 Жоғарғы кеңестің бір бөлігінің саддукейлер, ал қалғандарының парызшылдар екенін білген Пауыл дауыстап: — Бауырластар, мен парызшылмын, парызшылдар әулетіненмін де. Өлгендердің қайта тірілуіне үміт етіп жүргенім үшін сотталып жатырмын! — деді. 7 Осы сөзден кейін парызшылдар мен саддукейлер айтысып қалды да, жиналғандар екіге бөлініп кетті. 8 Себебі саддукейлер ешқандай қайта тірілу де, періштелер де, рухтар да жоқ десе, парызшылдар бұлардың бәрін мойындайды. 9 Жиналыс айғай-шуға ұласты. Парызшылдардың кейбір дін мұғалімдері орындарынан тұрып: — Бұл кісіден ешқандай жамандық таппай тұрмыз. Оған бір рух немесе періште аян берген болса (біз Құдайға қарсы шықпаймыз)! — деп қызулана айтысты. 10 Айтыс үлкен жанжалға айналып, мыңбасы олар Пауылды паршалап тастар деп қауіптенді. Содан ол жасақшыларға төмен түсіп, оны әлгілердің араларынан күшпен алып шығып, қамалға апаруға бұйырды. 11 Сол түні Иеміз Пауылдың жанында пайда болып: «Батыл бол! Маған Иерусалимде куә болғаныңдай, Римде де куә болуға тиістісің», — деп аян берді. 12 Келесі күні таңертең бірсыпыра яһудилер жасырын жиналып, Пауылды өлтірмейінше ешқандай нәр татпаймыз деп қарғанып ант берісті. 13 Бұл ант байланысқан топта қырықтан аса адам бар еді. 14 Олар басты діни қызметкерлер мен рубасыларына барып: — Пауылды өлтіргенше нәр татпаймыз деп қарғанып ант берістік. 15 Сонымен Жоғарғы кеңес ретінде мыңбасына хабарлап: «Пауылдың ісімен жақынырақ танысқымыз келеді» деген сылтаумен оны өздеріңізге әкелдіріңіздер. Ал біз оны осында жеткізбей жолшыбай өлтіруге дайын тұрамыз», — деді. 16 Бұл қаскүнемдік туралы Пауылдың жиен інісі біліп қойды. Ол қамалға кіріп, Пауылға барды да, осы туралы хабарлады. 17 Пауыл бір жүзбасын шақырып алып, оған: «Мына жас жігітті мыңбасына апарыңызшы, оған айтатын хабары бар», — деді. 18 Жүзбасы бозбаланы ертіп мыңбасына кіріп: — Әлгі тұтқын Пауыл мені шақыртып алып, мына жас жігітті өзіңізге әкелуімді өтінді. Оның сізге айтатын бірдеңесі бар екен, — деді. 19 Мыңбасы жігіттің қолынан ұстап, оңашаға шығарып: — Маған не айтайын деп едің? — деп сұрады. 20 Ол: — Яһудилер өзара келісіп, Пауылдың ісін одан да мұқият тексеру сылтауымен оны ертең Жоғарғы кеңеске апаруыңызды сұрамақ. 21 Ал сіз бұған келіспесеңіз игі болар еді. Өйткені олардың қырықтан аса адамы оны жол бойы торуылдап аңдып отырады. Бұлар Пауылды өлтірмейінше ешқандай нәр татпаймыз деп анттасты; енді келісіміңізді күтіп, дайын отыр, — деді. 22 Мыңбасы жас жігітке ескертіп: — Маған осыны айтқаның туралы ешкімге де тіс жарма! — деп қайтарып жіберді. 23 Содан ол жүзбасылардың екеуін шақырып алып: «Кешкі сағат тоғызға екі жүз жауынгер, жетпіс атты әскер және екі жүз мергенді Кесарияға баруға дайындаңдар! 24 Пауылға мінуге көлік дайындап, әмірші Феликске аман-есен апару жағын қадағалаңдар!» — деп бұйырды. 25 Содан соң төмендегідей хат жазды: 26 «Жоғары мәртебелі әмірші Феликске Клауди Лүсиден сәлем! 27 Мына кісіні яһудилер ұстап алып, өлтірейін деп жатқан сәтте мен оның Рим азаматы екенін біліп, жасақшылармен үстінен түсіп, құтқарып алдым. 28 Не үшін айыптайтындарын білмек болып, оны солардың Жоғарғы кеңесіне алып бардым. 29 Сонда аңғарғаным, олар мұны өз заңдары туралы даулы мәселелерге бола айыптайды екен. Бірақ оған өлім жазасына кесетіндей немесе түрмеге жабатындай ешбір кінә таққан жоқ. 30 Мен оған қарсы астыртын әрекет ұйымдастырылғанын біліп қалып, оны дереу сізге жіберіп отырмын. Айыптаушыларға тағатын кінәларын өзіңізге апаруға бұйырдым. Қош-сау болыңыз!» 31 Жасақшылар бұйрықты орындап, Пауылды сол түні Антипатрис қаласына жеткізді. 32 Келесі күні тұтқынды атты жасақпен әрі қарай жөнелтіп, өздері қамалға қайтып кетті. 33 Кесария қаласына келісімен атты жасақ хатты тапсырып, Пауылды әміршіге табыс етті. 34 Әмірші хатты оқып, Пауылдан қай аймақтан екенін сұрап, Кіликиядан екенін біліп алды: 35 «Сені айыптаушыларың келгенде тергеймін», — деп шешіп, оны Ирод атындағы сарайда ұстауға бұйырды.241 Бес күннен кейін бас діни қызметкер Анани бірнеше рубасылармен және Тертулла есімді сөзге шешен заң қызметкерімен бірге Пауылды әміршінің алдында айыптау үшін Кесарияға келді. 2 Пауыл ішке шақырылғаннан кейін, Тертулла оған қарсы айыптау сөзін былай деп бастады: 3 — Уа, жоғары мәртебелі әмірші Феликс! Сіздің қамқорлығыңыздың арқасында біздің ел бейбіт өмір сүріп, халқымыздың тұрмысы жақсара түсуде. Мұны әрқашан да және барлық жерде алғыс айта отырып мойындаймыз. 4 Ал уақытыңызды босқа алмайын. Бізге мейірімділік көрсетіп, біразырақ уақыт сөзіме құлақ түруіңізді өтінемін. 5 Біз мына кісіні індеттей қауіпті, дүние жүзіндегі яһудилердің ішінде бүлік бастаушы әрі «Назареттіктер» деген діни бағыттың жетекшісі деп таптық. 6 Ол тіпті ғибадатхананы арамдауға ұмтылған кезде оны ұстап алдық, (өз заңымыз бойынша соттамақ болдық. 7 Бірақ мыңбасы Лүси оны үлкен зорлықпен қолымыздан тартып алып, өзіңізге жолдады да, 8 айыптаушыларына сізге баруға бұйырды.) Тергеген кезде не үшін кінәлайтынымызды сіз оның өз аузынан естисіз. 9 Яһуди басшылары да мұнымен келісіп, айыптауға қосылып, айтылғанның бәрін растады. 10 Әміршінің берген белгісі бойынша, Пауыл жауап беріп былай деді: — Сіздің көп жылдан бері осы елде сот екеніңізді білгендіктен, өзімді алдыңызда ақтай алатыныма қуанамын. 11 Осыдан он екі күн бұрын ғибадат ету үшін Иерусалимге келгеніме өзіңіз көз жеткізе аласыз. 12 Не ғибадатханада, не мәжілісханаларда, не қалада ешкім менің біреумен айтысып тұрғанымды, я болмаса, ел ішіне іріткі салып жүргенімді көрген емес. 13 Айыптаушылар маған қазір таққан кінәларын еш дәлелдей алмайды. 14 Бірақ мен ата-бабаларымыздың Құдайына олар діни бағыт деп атаған жол бойынша қызмет етіп, Таурат пен Пайғамбарлар жазбаларындағылардың бәріне де сенетінімді мойындаймын. 15 Құдай қиямет күні сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілтеді деп күтіп, мен де олар сияқты Оған үмітімді артамын. 16 Сондықтан әрдайым Құдай алдында да, адам алдында да ар-ұжданымның таза болуы үшін ұмтылып келемін. 17 Осы жолы Иерусалимге халқым үшін қайыр-садақа беріп, Құдайға құрбандық шалу мақсатымен, араға ұзақ жыл салып, келдім. 18 Ғибадатханада тазару рәсімінен өтіп жатқан кезімде қасыма жиналған халық та, айғай-шу да болған жоқ. 19 Ал Азия аймағынан келген бірнеше яһудилер сонда болды. Олардың маған тағатын айыбы болса, онда осы жерге сіздің алдыңызға келіп, мені айыптаулары керек еді. 20 Я болмаса, мұнда отырған кісілер Жоғарғы кеңестің алдында айыпкер ретінде тұрғанымда менен қандай кінә тапқандарын айтсын. 21 Мүмкін, менің кінәм сол жерде болғанда: «Өлгендердің қайта тірілуіне үміт етіп жүргенім үшін бүгін алдарыңызда сотталып жатырмын!» деп дауыстап айтқан сөзім болар. 22 Иеміздің жолы туралы жақсы білетін Феликс істің қаралуын басқа күнге ауыстырып: «Мәселелеріңді мыңбасы Лүси келгенде шешемін», — деді. 23 Содан соң ол жүзбасына: «Пауылды қамап ұста, бірақ көбірек еркіндік бер! Жақындарының келіп, қамқорлық жасап тұруларына тыйым салма!» — деп бұйырды. 24 Бірнеше күннен кейін Феликс Друзилла есімді яһуди әйелімен қайтып келді де, Пауылды шақыртып алып, Мәсіх Исаға сену туралы айтқандарын тыңдады. 25 Бірақ Пауыл әділдік, ұстамдылық және болашақ қиямет соты туралы айта бастағанда, Феликс үрейленіп: «Енді бара бер, реті келгенде, сені тағы шақыртып аламын», — деді. 26 Ол өзін босату үшін пара берер ме деп үміттеніп, Пауылды жиі-жиі алдыртып, сөйлесіп отырды. 27 Екі жылдан кейін әмірші Феликсті Порси Фест ауыстырды. Яһудилерге жағынғысы келген Феликс Пауылды түрмеден шығармай кетті.251 Фест өзінің Яһудея аймағының әміршісі қызметіне кіріскеніне үш күн өткенде, Кесариядан Иерусалимге өрлеп барды. 2 Иерусалимде оның алдына басты діни қызметкерлер мен басқа да беделді яһудилер келіп, Пауылға тағатын айыптарын айтып берді. 3 Содан олар: «Пауылды Иерусалимге ауыстырып берсеңіз екен», — деп, әміршіден жақсылық жасауын сұрады. Өйткені олар жолда оған шабуыл жасап, өлтіртпек болды. 4 Ал Фест Пауылдың қазір Кесариядағы түрмеде отырғанын, өзінің жақын арада сол жаққа қайта баратынын айтты. 5 «Сондықтан орталарыңыздан өкілеттілер менімен бірге барып, егер жаңағы кісінің істеген қылмысы болса, оған сол жерде айып тағуларыңызға болады», — деп шешті. 6 Фест солармен бірге шамамен сегіз-он күн Иерусалимде болған соң, Кесарияға қайтып келді де, бір күннен кейін соттың орындығына отырып, Пауылды алдыртты. 7 Пауыл кірген соң, Иерусалимнен келген яһудилер оны қоршап алып, көптеген ауыр-ауыр айып тақты, бірақ оларын дәлелдей алмады. 8 Ал Пауыл өзін ақтап сөйлеп былай деді: — Мен не яһуди халқының заңына, не ғибадатханаға, не римдік патшаға қарсы ешқандай қылмыс жасаған жоқпын! 9 Яһудилерге жағынғысы келген Фест Пауылға жауап ретінде: — Сен Иерусалимге барып, тағылған айып бойынша сол жерде менің көз алдымда сотталуға келісесің бе? — деген сұрақ қойды. 10 Ал Пауыл: — Мен мұнда Рим патшасы сотының алдында тұрмын, сондықтан осы жерде сотталуым керек. Яһудилерге ешқандай әділетсіздік істеген жоқпын, оны өзіңіз жақсы білесіз. 11 Мен кінәлі болып, өлімге қиятындай қылмыс жасаған болсам, онда өлімнен бас тартпас едім. Ал егер мыналардың таққан кінәлары жазықсыз болса, онда ешкім мені бұлардың қолына ұстап бере алмайды. Римдік патша алдында сотталуымды талап етемін, — деп жауап қатты. 12 Сонда Фест ақылшыларымен кеңесіп: — Римдік патша алдында сотталуды талап еттің бе, ендеше патша алдына барасың! — деп шешті. 13 Бірнеше күннен кейін әмірші Фестке сәлем беріп құттықтау үшін Агриппа патша қарындасы Берникемен Кесарияға келді. 14 Олар сонда бірнеше күн болған кезде, Фест Агриппа патшаға Пауылдың ісі туралы былай деп мәлімет берді: — Осында Феликс түрмеде қалдырып кеткен бір кісі бар. 15 Мен Иерусалимде болған кезімде яһудилердің басты діни қызметкерлері мен рубасылары оған айып тағып, үкім шығаруымды сұрады. 16 Мен оларға: «Айыпталушы айыптаушылармен кездеспей және өзін қорғауға мүмкіндігі болмай тұрып, адамды жазаға бұйыру римдіктердің салтына қайшы келеді», — деп жауап қаттым. 17 Содан олар осы жерге келген соң, мен еш кешіктірмей келесі күні соттың орындығына отырып, әлгі кісіні алдырттым. 18 Айыптаушылар шығып сөйлеп, оған қарсы мен күткендей ешқандай айып тақпай, 19 олардың өз тәңіріне табынуларына қатысты мәселе бойынша, сондай-ақ өліп қалған, бірақ Пауыл «Ол тірі» деп нығарлап айтқан Иса есімді Біреу туралы айтысып қалды. 20 Мен бұл мәселе жөнінде не істерімді білмей, Пауылдан: «Иерусалимге барып, сонда сотталуға келісесің бе?» — деп сұрадым. 21 Бірақ ол өзінің ісін патша иеміз шешсін деп талап еткен соң, мен оны патшаға жібергенше түрмеде ұстауға бұйырдым. 22 Сонда Агриппа: — Ол кісіні тыңдағым келеді, — деді. Фест: — Оны ертең-ақ тыңдайсыз, — деп жауап берді. 23 Келесі күні Агриппа мен Бернике сән-салтанатпен сарайдағы қабылдау залына келді. Олармен бірге мыңбасылар және қаланың атақтылары болды. Әміршінің бұйрығымен Пауыл сол жерге әкелінді. 24 Содан Фест сөз алып, былай деді: — Агриппа патша және бізбен бірге отырған мырзалар! Алдарыңызда Иерусалимдегі және осы жердегі бүкіл яһуди халқы тірі қалдырмау керек деп маған қатты дауыстап өтініш жасаған адам тұр. 25 Ал мен оның өлім жазасына кесер қылмысы жоқ деп таптым. Бірақ өзі римдік патшаның сотын талап еткендіктен, оны соған жөнелтпек болып шештім. 26 Ал енді, тақсыр иеге ол туралы жазатын нақты мәліметім жоқ. Сондықтан оны сіздердің алдарыңызға, әсіресе, өзіңізге, Агриппа патша, алдырып отырмын. Тергеу соңында мен қандай мәлімет жазып беретінімді білсем деймін. 27 Тұтқынды айыбын көрсетпей Римге жіберу, менің ойымша, ақылға сыймайтын іс.261 Агриппа Пауылға: — Өзіңді ақтап сөйлеуге рұқсат, — деді. Сонда Пауыл қолын созып, қорғау сөзін бастады: 2 — Жоғары мәртебелі Агриппа патша, бүгін сіздің алдыңызда тұрып, яһуди басшыларының таққан айыбына қарсы өзімді қорғап сөйлеп тұрғаныма қуанамын. 3 Өйткені сіз яһудилердің барлық әдет-ғұрыптары мен даулы мәселелерін жақсы білесіз. Сондықтан сөзіме шыдамдылықпен құлақ түрсеңіз екен деп өтінемін. 4 Жас кезімнен бастап Иерусалимде тұрып, халқым ішінде қандай өмір сүріп келе жатқаным яһудилердің бәріне мәлім. 5 Олар мені көптен бері таниды; егерде шындықты мойындағылары келсе, менің парызшыл ретінде дініміздің ең қатал бағытын ұстанатындардың қатарына жатқанымды біледі. 6 Бүгін сот алдында тұруымның себебі — Құдайдың бір кезде ата-бабаларымызға берген уәдесіне үміт артуым. 7 Осы уәденің орындалуына халқымыздың он екі руы да күндіз-түні Құдайға қызмет етіп үміт етеді. О, патшам, бүгін яһудилер мені содан үміткер болғаным үшін айыптап отыр. 8 Сіздер неге Құдайдың өлгендерді қайта тірілтуіне сенбейсіздер? 9 Рас, баяғыда мен де назареттік Исаға қарсы күресуді міндетім деп ойладым. 10 Иерусалимде осымен айналысып, бас діни қызметкерден арнайы өкілеттік алып, Құдайдың қасиетті адамдарының көбін түрмеге жаптырдым. Олар өлім жазасына кесілгенде, бұған да келісіп, дауыс беріп отырдым. 11 Барлық мәжілісханаларды аралап жүріп, сондайларды талай рет азапқа салып, оларға Иеміздің атын қорлатуға тырыстым. Ашу-ызаға кернелгенім сонша, оларды шетелдік қалаларға барып та қудаладым. 12 Бірде осы мақсатпен бас діни қызметкерден өкілеттік пен тапсырма алып, Дамаскіге бара жатыр едім. 13 Уа, патша, сонда мен жолда келе жатып түс кезінде күн сәулесінен де жарық, көктен түскен нұрды көрдім. Оның сәулесі өзіме де, серіктеріме де түсті. 14 Бәріміз жерге құлап түстік. Сол кезде бір дауыстың маған еврейше: «Саул, Саул, Мені неге қудалайсың? Сен Иеңе қарсы шығып азапқа қаласың», — дегенін естідім. 15 Мен: «Сен кімсің, Ием?» — деп сұрадым. Иеміз маған: «Мен сен қудалап жүрген Исамын. 16 Орныңнан тұр! Мен сені Өзіме нөкер қылу үшін келдім. Бұдан былай сен Менен көргеніңе және саған кейін көрсететіндеріме басқалар үшін куә болуға тиістісің. 17 Сені өз халқыңа да, басқа ұлттарға да жіберемін әрі олардың жасайтын қастандықтарынан құтқарамын: 18 олар қара түнектен нұрға, әзәзіл шайтанның құлдығынан Құдайға бет бұрулары үшін сен олардың көздерін аш! Сонда олар Маған сеніп, күнәлары кешіріліп, Құдай халқының арасынан өз орындарын алады», — деді. 19 Міне, осы себептен мен, Агриппа ағзам, маған көктен аян беріп, Бұйырғанға бағынбай тұра алмадым. 20 Керісінше, алдымен Дамаск пен Иерусалимнің, одан кейін бүкіл Яһудея аймағының тұрғындары мен басқа ұлт адамдарына да: «Теріс жолдан қайтып, Құдайға бет бұрыңдар, әрі соған лайықты іс істеңдер!» деп уағыз айтып жүрдім. 21 Яһудилердің мені ғибадатханада ұстап алып, өлтіргілері келген себебі, міне, осы. 22 Құдай қорғап-қолдап келгендіктен, мен күні бүгінге дейін берік тұрып, үлкен-кіші бәріне куәлік етемін. Мұса мен басқа да пайғамбарлар келешекте болады деп алдын ала айтып кеткендерді ғана үйретіп жүрмін. 23 Атап айтқанда, Құтқарушы Мәсіх азапталып, ең бастысы болып өлімнен тіріліп, Исраил халқына және басқа ұлттарға жарық нұрды жариялауға тиісті болды. 24 Пауыл өзін ақтап, осылай сөйлеп тұрғанда, Фест қатты дауыстап: — Есің дұрыс емес, Пауыл! Көп оқып, ақылыңнан адасқансың! — деді. 25 Пауыл оған: — Есім дұрыс, қадірлі Фест, мен ой елегінен өткен шынайы сөздерді айтып тұрмын! 26 Патша ағзам мұның бәрін біледі. Сондықтан оған бұларды еркін баяндап тұрмын. Болған жайттардың ешқайсысы одан жасырын емес, соған сенімдімін, себебі олар тасада өткен жоқ. 27 Агриппа патша, сіз пайғамбарлардың айтқандарына сенесіз бе? Оларға сенетіңізді білемін, — деді. 28 Сонда Агриппа Пауылға: — Аз уақыттың ішінде мені де мәсіхші болуға көзімді жеткізбексің бе? — деді. 29 Пауыл оған: — Аз ба, көп пе, әйтеуір бір уақытта өзіңіз де, мені бүгін тыңдап тұрғандардың бәрі де бұғауланған күйімнен басқа дәл мен сияқты болсаңыздар екен деп Құдайдан сұраймын, — деді. 30 Пауыл осыны айтқанда патша орнынан көтерілді; онымен бірге әмірші, Бернике және залда отырғандар түгел тұрды. 31 Олар шығып бара жатқанда, бір-біріне: — Мына кісі не өлімге кесер, не түрмеге жабар қылмыс жасаған жоқ, — десті. 32 Агриппа да Фестке: — Римдегі патша сотын талап етпегенде, мұны босатып жіберуге болар еді, — деді.271 Сонымен біздің Италияға баратынымыз шешілген соң, Пауыл мен бірнеше басқа тұтқындар римдік патша атындағы әскер бөлімінің Юли есімді жүзбасына табысталды. 2 Адрамитилық кемеге мініп, теңізге шықтық. Ол жол-жөнекей Азия аймағының кемежайларына кіретін болды. Бізге Салониқадан шыққан македониялық Арыстарқ ере жүрді. 3 Келесі күні Сидонға жеттік. Жүзбасы Пауылға жақсы қарап, оған достарына барып келіп, солардың оның сапар кезіндегі қажеттерін қамтамасыз етулеріне рұқсат берді. 4 Сидоннан әрі қарай кетіп, алдымыздан қарсы соққан желден қашып, Кипр аралының ық жағымен жүрдік. 5 Теңізді Кіликия және Памфүлия өлкелерін бойлай кесіп өтіп, Лүкия аймағындағы Мүраға жеттік. 6 Сол қаладан жүзбасы Италияға бет алған ескендіриялық кемені тауып алып, бізді осы кемеге мінгізді. 7 Көп күн бойы ақырын жүріп отырып, зорға дегенде Книд қаласының маңайына жеттік. Жел қарсы соққандықтан, Крит аралының ық жағымен, Салмон қаласының маңына жеттік. 8 Жағалаумен жүре отырып, әзер дегенде Ласея қаласына жақын Сұлу кемежай деген жерге бардық. 9 Осы екі арада талай уақыт артта қалып, тіпті яһудилердің күзгі оразасы өтіп кеткен еді. Сондықтан кемемен жүзу қауіпті бола бастады. Сол себептен Пауыл оларға ескертіп: 10 «Ер азаматтар, біздің сапарымыз жүк пен кеме үшін ғана емес, өз өміріміз үшін де қауіпті де өте зиянды болайын деп тұрғанын білемін», — деді. 11 Бірақ жүзбасы Пауылдың сөзінен гөрі кеменің жүргізушісі мен иесіне көбірек сенді. 12 Оның үстіне кемежай қыстауға онша ыңғайлы болмаған соң, кемедегілердің көпшілігі әрі жүре беріп, қыстау үшін қалайда Феникске жетіп алайық деген шешім қабылдады. Өйткені сол криттік кемежай оңтүстік-батыс пен солтүстік-батыс желдеріне қарсы орналасқан. 13 Оңтүстіктен баяу жел соғып тұрғанда, олар мақсатымызды орындай аламыз деген оймен зәкірлерін көтеріп алып, Критті жағалап жүзіп кетті. 14 Аз уақыттан кейін арал жақтан Солтүстік-шығыс деп аталатын қара дауыл соғып, 15 кемемізді сүйрей жөнелді. Дауылға қарсы тұрар шамамыз болмаған соң, кемені толқынға тапсырып, кете бардық. 16 Клауда деген кішкентай аралдың ық жағымен жүрген кезде, зорға дегенде кеме артындағы байлаулы қайықты үстіне тартып, шығарып үлгердік. 17 Бұдан соң теңізшілер кемені кендір арқанмен белдіктеп байлап қойды. Олар Сирт қойнауындағы бір таяз жерге қайраңдап қалудан қауіптеніп, желкендерді түсірді. Осылай кеме қалқып жүре берді. 18 Дауылдан әбден ұрылып-соғылып, теңізшілер келесі күні жүктің біразын түсірсе, 19 үшінші күні өз қолдарымен кеменің керек-жарағын лақтырып тастауға мәжбүр болды. 20 Бірнеше күн бойы не күн, не жұлдыз көрінбеді. Ал дауылдың долданғаны сондай, құтқарыламыз ба деген үмітіміз үзіле бастады. 21 Көптен бері ешкім нәр татпаған соң, Пауыл ортаға шығып: — Ей, ер азаматтар! Мені тыңдап, Криттен шықпауларың керек еді; сонда осындай қатерге бас тігіп, зиян шекпеген болар едіңдер. 22 Ал енді батылданыңдар деп ескертемін, себебі ешқайсыңның өмірлерің қиылмайды, тек кеме ғана құриды. 23 Неге десеңдер, өзім қызмет етіп, Соның меншігімін деп жүрген Құдайымның бір періштесі өткен түні қасымда пайда болып былай деді: 24 «Қорықпа, Пауыл! Сен римдік патшаның алдына баруға тиіссің! Біліп қой: Құдай тілегіңді ескеріп, сапарластарыңды өлімнен аман алып қалады». 25 Сондықтан, азаматтар, батыл болыңдар! Маған қалай айтылса, солай болады да деп Құдайға сенемін. 26 Бірақ біз бір арал маңындағы бір таяз жерге қайраңдап қалуға тиіспіз, — деді. 27 Адрия теңізінде сандалып жүргенімізге он төрт күн болғанда, түн ортасында кемешілер құрлыққа жақындағанымызды шамалады. 28 Олар өлшеуішті суға түсіріп, судың жиырма құлаш терең екендігін анықтады; сәлден кейін тағы өлшеп, он бес құлаш деп тапты. 29 Жартасқа соғылып қалудан қауіптенген теңізшілер кеменің артынан суға төрт зәкір тастап, таңның атуын асыға күтті. 30 Алдыңғы жақтан да зәкір тастаймыз деп сылтауратқан теңізшілер қайықты суға түсіре бастады. Бірақ олар мұны кемеден қашып кету үшін істеді. 31 Сол себепті Пауыл жүзбасы Юли мен жасақшыларға: «Егер мыналар кемеде қалмаса, сендерге құтқарылу жоқ», — деп ескертті. 32 Сонда жасақшылар қайықты байлап қойған арқандарды кесіп, оны теңізге құлатты. 33 Таң атар алдында Пауыл адамдарды бір нәрсе жеп алуға шақырып: «Бастарыңа қауіп төніп, нәр татпай жүргендеріңе бүгін он төрт күн болды. 34 Сондықтан жүрек жалғап алыңдар деймін. Бұл құтқарылуларың үшін қажет. Ешқайсыңның бір тал шашың да түспейді». 35 Пауыл осылай деп, бір нанды алды да, бәрінің көзінше Құдайға шүкірлік айтты; бір жапырағын үзіп, жей бастады. 36 Содан адамдар жігерленіп, тамақтанып алды. 37 Кемеде жалпы саны екі жүз жетпіс алты кісі едік. 38 Бәріміз тойып алған соң, теңізшілер кемені жеңілдету үшін жүк қоймасында қалған астықты теңізге лақтырып тастады. 39 Таң атқанда олар келген жерді таныған жоқ. Жағасы жайлы шығанақты көріп, мүмкін болса, кемені сол жерге тақап тоқтатуға ұйғарды. 40 Зәкірлердің арқандарын кесіп, теңізге тастады да, кеменің рулін байлаған қайысты босатып, алдыңғы желкенді жоғары көтеріп, жағаға бет алды. 41 Алайда бір таяз жерге тап болып, кеме қайраңдап, тұмсығы құмға терең батып, қимылдамай қалды. Ал артын лықсыған толқындар соққылап, сындыра бастады. 42 Тұтқындар жүзіп қашып кетпесін деп, жасақшылар оларды өлтіріп тастамақ болды. 43 Бірақ Пауылды аман алып қалғысы келген жүзбасы олардың ниетін іске асыруларына тыйым салып: «Жүзе білетіндер бірінші болып теңізге секіріп түсіп, құрлыққа жүзіп барсын! 44 Ал қалғандары тақтайларды және кеменің басқа да бөлшектерін қарманып, жағаға жетсін!» — деп бұйырды. Осылай барлығы да аман-есен жағаға жетіп алды.281 Енді құтқарылғаннан кейін біз аралдың Мальта екенін білдік. 2 Тұрғындары айрықша адамгершілік танытып, от жағып, бізді өздеріне шақырды. Себебі жаңбыр жауып, күн суытып кеткен еді. 3 Пауыл бір құшақ отындық ағаш жинап әкеліп, отқа тастағанда, шыбықтардың арасынан ыстыққа шыдамаған бір улы жылан атып шығып, оның қолынан тістеп, жабысып алды. 4 Жергілікті тұрғындар оның қолындағы салбыраған жыланды көргенде бір-біріне: «Мынау сөзсіз кісі өлтірген бір қанішер болар. Теңізден құтылған оны «әділет тәңірі» тірі қалдырмас», — деді. 5 Бірақ Пауыл жыланды отқа лақтырып жіберіп, ешқандай зиян шекпеді. 6 Айнала тұрғандар енді Пауылдың денесі ісіп кетеді немесе өліп, жерге бір-ақ құлайды деп, едәуір уақыт күтіп тұрды; бірақ оған ештеңе болмағанын көрген соң, ойларын өзгертіп: «Мынау бір тәңір болар!» — десті. 7 Жақын маңда арал әкімшісі Публи дегеннің меншікті жері бар екен. Сол кісі бізді қабылдап, үш күн бойы жылы қабақ танытып, үйінде қонақ қылды. 8 Публидің әкесі ыстығы көтеріліп, іші өтіп, төсек тартып ауырып жатыр екен. Пауыл оның бөлмесіне барып, Құдайға сиынып, үстіне қолын қойды да, ауруынан сауықтырып жіберді. 9 Содан кейін тағы басқа ауырып жүрген, осы туралы естіген арал тұрғындары да Пауылға келіп, айығып кетіп жатты. 10 Сол үшін олар бізге көп құрмет көрсетіп, сапарымызды әрі қарай жалғастырарда қажет нәрсенің бәрімен қамтамасыз етті. 11 Үш айдан кейін біз аралда қыстап қалған, диоскурлардың таңбасы бар ескендіриялық кемеге мініп, теңізге шықтық. 12 Сиракузға тоқтап, бұл қалада үш күн аялдадық. 13 Сол жерден айналып жүріп, Региге бардық. Бір күннен кейін сапарымызды жалғастырып, оңтүстіктен соққан желмен екінші күні Путеолға жеттік. 14 Бұл жерден сенуші бауырластарымызды тауып алдық. Олар бізден жеті күн қастарында қалуымызды өтінді. Содан кейін Римге жол тарттық. 15 Сол қаладағы бауырластар біз туралы хабар алып, «Аппи базары» мен «Үш қонақүй» деген жерлерге дейін келіп, алдымыздан шықты. Пауыл оларды көргенде Құдайға шүкірлік айтып, жігерленіп қалды. 16 Біз Римге келген соң (жүзбасы тұтқындарды патша сарайы сақшыларының бастығына тапсырды, ал) Пауылға бір күзетші жасақпен бірге жеке үйде тұруға рұқсат берілді. 17 Үш күннен кейін Пауыл яһудилердің беделділерін өзіне шақырып алды. Жиналған соң, оларға былай деді: — Қымбатты бауырластар! Халқымызға, ата-бабаларымыздың әдет-ғұрыптарына қарсы ешқандай жамандық жасамасам да, Иерусалимде тұтқындалып, римдіктердің қолына тапсырылдым. 18 Бұлар ісімді тексеріп, өлім жазасына кесетіндей кінәм болмаған соң, босатып жібергілері келді. 19 Бірақ яһуди басшылары бұған қарсы шыққандықтан, римдік патша сотын талап етуге мәжбүр болдым. Ал мұнымен мен өз халқымды айыптайын деп отырған жоқпын. 20 Осы себепті бетпе-бет сөйлесу үшін өздеріңізді шақыртып алдым. Өйткені берген уәдесін Құдай орындайды деген Исраилдің үміті үшін мен осы кісенмен бұғауланып жүрмін. — 21 Олар бұған: — Біз Яһудея аймағынан сіз туралы ешқандай хат алған жоқпыз. Бірде-бір бауырлас ресми түрде немесе жеке өз атынан жаманат хабар айтып келген де емес. 22 Енді сізден өз ойыңызды естігіміз келеді, өйткені осы алған бағытыңызға әр жерде де қарсы сөйлеушілердің бар екенін білеміз, — деді. 23 Яһуди беделділері Пауылға бір күнді белгілеп қойды. Сол кезде олар оның үйінде алғашқыдағыдан да көп болып жиналды. Пауыл таңертеңнен кешке дейін оларға Құдайдың Патшалығы туралы дәлел келтіріп, Мұса арқылы берілген Таурат заңына және Пайғамбарлардың жазбаларына сүйене отырып, оларды Иса туралы сендіруге тырысты. 24 Ол кейбіреулерін айтқанына сендірді, ал басқалар сенбей қалды. 25 Содан олар өзара келісе алмай, екіге бөлініп кетті. Қоштасарда Пауыл оларға салмақтап былай деді: — Киелі Рухтың Ишая пайғамбар арқылы ата-бабаларыңызға мына тәрізді айтқаны тауып айтылған сөз: 26 Осы халыққа барып, мына хабарды жеткіз: Естисіңдер, бәрібір түсінбейсіңдер, көресіңдер, бәрібір аңғармайсыңдар! 27 Себебі бұл халықтың жүректері қасарысқан сезімсіз, құлақтары керең, олар көздерін жұмып алған. Әйтпесе олар көздерімен көріп, құлақтарымен естіп, жүректерімен түсініп, теріс жолдарынан қайтар еді. Сонда Мен оларды рухани дертінен сауықтырар едім. 28 Біліп қойыңыздар: сондықтан да Құдай құтқарылу жайлы хабарды басқа ұлттарға жіберді, олар оны зейінмен тыңдайды. — 29 (Пауыл осыны айтқаннан кейін, келген яһудилер бір-бірімен қатты айтысып, тарап кетті.) 30 Ал Пауыл өзінің жалдап алған үйінде толық екі жыл тұрып, өзіне келгендердің бәрін де қабылдап отырды. 31 Оларға Құдай Патшалығын еш бөгетсіз, батыл уағыздап, Иеміз Иса Мәсіх туралы тәлім беріп жүрді. |