Тімотеге арналған бірінші хат11 Құтқарушымыз Құдайдың және үмітіміздің Бастауы — Иса Мәсіхтің бұйрығымен Иса Мәсіхтің елшісі болған Пауылдан 2 сеніміміздегі шынайы ұлым іспетті Тімотеге дұғай сәлем. Лайым Құдай Әкеміз және Иеміз Мәсіх Иса саған рақымы мен қайырымын жаудырып, тыныштығын сыйлай берсін! 3 Македонияға барарда өтініп сұрағанымдай, сен Ефес қаласында қалып, кейбіреулердің басқа ілімдерді үйретулеріне 4 және аңыздармен, ұлан-ғайыр шежірелермен шұғылдануларына тыйым сал. Бұлар сенім арқылы білінетін Құдайдың ісіне қызмет етудің орнына көп дау-жанжал тудырады. 5 Осы бұйрықтың мақсаты — пәк жүрек, таза ар-ұждан мен шынайы сенімнен бастау алатын сүйіспеншілікті ояту. 6 Кейбір адамдар бұлардан бас тартып, көп мылжыңдыққа түсіп, адасып кетті. 7 Олар Таурат заңының ұстаздары болғылары келеді, бірақ өз айтқандарын әрі табандылықпен білдіріп жүрген пікірлерін өздері дұрыстап түсінбейді. 8 Ал тиісінше қолданылса, Таурат заңының игілікті болатынын білеміз. 9 Оның Құдай алдында ақталған біздерге емес, заң мен билікке бағынбайтындарға, зұлымдар мен күнәкарларға, қасиетсіздер мен дінсіздерге, ата-анасын не басқа біреуді өлтірушілерге, 10 бұзылғандар мен жыныстық азғындыққа түскендерге, кісі ұрлаушыларға, өтірікшілер мен жалған ант беретіндерге, яки дұрыс ілімге қайшы әрекет ететіндердің бәріне тыйым салатынын түсінеміз. 11 Осы ілім мадақталуға тиісті Құдайдың ұлы Ізгі хабарында мәлімденген. Құдай соны уағыздауды маған аманаттады. 12 Міндетімді атқаруға күш-қуат беріп келе жатқан Иеміз Мәсіх Исаға ризашылығымды білдіремін. Өйткені Ол мені сенімді болады деп бағалап, Өзіне қызмет етуге тағайындаған. 13 Бұдан бұрын Оған тіл тигізіп, қауымдарын қудалап, зорлық-зомбылық көрсеткеніммен, Иеміз маған қайырымды болды. Себебі менде әлі де шынайы сенім болмағандықтан, не істеп жүргенімді білмедім. 14 Осылай маған Иеміздің рақымы молынан төгіліп, Иса Мәсіхтен келетін сенім мен сүйіспеншілікке кенелдім. 15 «Иса Мәсіх осы дүниеге келді Құтқару үшін күнәкар кісілерді!» Бұл — дәл айтылған шынайы сөз, оны түгелдей қабылдау қажет. Күнәкарлардың ішіндегі нағыз күнәкар мен едім. 16 Ал Иса Мәсіх алдымен мен арқылы Өзінің төзімділігін толығымен көрсету үшін маған қайырымдылық танытты. Сөйтіп мені болашақта Иса Мәсіхке сеніп, мәңгілік өмірге ие болатын адамдардың бәріне үлгі етті. 17 Мәңгілік Патша — өлмес, көзге көрінбес бірден-бір Құдай мәңгі құрметтеліп, ұлылығы мадақтала берсін! Аумин. 18 Тімоте, балам менің, саған мына өсиетті аманаттаймын, ол бұдан бұрын өзің туралы Құдай Рухы білдірген хабарларға сәйкес: ізгі күресте сол хабарларға сай әрекет жасап, 19 сенімің мен ар-ұжданыңды таза ұста! Кейбіреулер ар-ұждандарынан безіп, сенімдерін құртты. 20 Олардың араларында Үменей мен Ескендір бар. Құдайға тіл тигізбеуге үйренсін деп, екеуін (қауымнан шығарып) шайтанның қолына тапсырдым.21 Ал енді, ең алдымен мынаны ескертемін: барлық адамдар үшін Құдайға сиынып, өтініштерің мен алғыстарыңды білдіріңдер. 2 Патшалар мен басқа да барлық әкімшілік иелері үшін де мінажат ету керек; соның нәтижесінде біз барлық жағдайда Құдайға ұнамды да адал болып, тыныш та бейбіт өмір сүрмекпіз. 3 Бұл игілікті әрі Құтқарушымыз Құдайға ұнамды. 4 Ол барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын қалайды. 5 Құдай — біреу-ақ, Құдай мен адамдар арасын Келістіруші де Біреу, Ол — адам (болып дүниеге келген) Иса Мәсіх. 6 Бәрін күнәнің құлдығынан босату үшін Мәсіх жанын құрбан етіп, соның төлемін өтеді. Бұған дер кезінде куәлік берілді. 7 Оны жариялау үшін уағыздаушы және елші болуға тағайындалдым. Еш өтірік емес, Мәсіх алдында нағыз шындықты айтып тұрмын: Ол мені халықтарға сенім мен шындық туралы тәлім беруге жіберді. 8 Сонымен ер адамдардың әр жерде адал қолдарын жайып, ашу-ыза, күмән және жанжалдан аулақ болып, Құдайға сиынуларын қалаймын. 9 Сол сияқты, әйелдер әдеппен әрленіп-сәнденсін: шаштарын тым баптай бермей, алтын, інжу-маржан және қымбат киімге үйір болмай, киімдері қарапайым да сыпайы болсын. 10 Оларды істеген игі істері көркейтсін. Бұл Құдайға ұнамды болуға ұмтылған әйелдерге лайық. 11 Әйелдер тыныштықпен, әр жағдайда (қауым жетекшілерінің басшылығына) мойынсұнып тәлім алсын. 12 Олардың (Құдайдың ілімі жайлы) тәлім беріп, ер адамдарға билік жүргізулеріне жол бермеймін; олар тыныш болсын. 13 Алдымен Адам ата, содан кейін Хауа ана жаратылған 14 және Адам ата емес, әйел әзәзілге алданды. Осылай ол Құдайдың бұйрығын бұзды. 15 Ал егер әйелдер сенім мен сүйіспеншілікті, қасиеттілік пен ұстамдылықты ұстанса, аналық міндетін атқарғанда (күнәнің ықпалынан) аман сақталады.31 «Егер біреу қауым басқарушысы болуға ынталанса, оның игілікті істі қалағаны». Бұл — дәл айтылған шынайы сөз. 2 Ал қауым басқарушысының ешбір кінәратсыз таза болуы қажет: ол әйеліне адал, салауатты, байсалды, әдепті, қонақжай және қабілетті оқытушы, 3 не арақ-шарапқа құмар, не ұрыншақ та емес, шыдамды, айтыс-тартыстан аулақ жүретін, ақшаға да құнықпайтын жан болуға тиіс. 4 Ол отбасына жақсы басшылық жасап, балаларын өзін құрметпен тыңдайтындай етіп тәрбиелеуі шарт. 5 Өйткені өз отбасына басшылық ете алмаған адам қалайша Құдайдың қауымын қамқорлай алады? 6 Басқарушы сенім жолына жуықта ғана түскен біреу болмауға тиіс. Әйтпесе ол әзәзіл шайтан іспетті мақтаныштан кеудесін көтеріп, Құдайдың үкіміне ұшырауы мүмкін. 7 Сондай-ақ, масқараланып, шайтанның торына түсіп кетпеуі үшін қауымнан тыс жұрттың да оған жақсы куәлік берулері керек. 8 Сол сияқты, қауым қызметшілері де байыпты, өтірік айтпайтын жандар болып, маскүнемдік пен пайдақұмарлықтан аулақ жүрулері қажет. 9 Олар бізге сенім туралы ашылған шынайы ілімдерді ұстанып, таза ар-ұжданмен өмір сүруге ұстануға тиіс. 10 Бұлар да алдымен сыналсын. Содан кейін, егер айыпсыз болса, міндеттеріне кіріссін. 11 Сондай-ақ (қауым қызметшілерінің) әйелдері де байыпты, өсек айтпайтын, салауатты, қай нәрседе де адал болуға тиіс. 12 Қауым қызметшілері әйелдеріне адал болып, балалары мен отбасыларына жақсы басшылық етулері керек. 13 Міндеттерін жақсы атқаратындар зор беделге және Мәсіх Исаға деген сенімде үлкен батылдыққа ие болады. 14 Жақын арада саған баруға үміттенсем де, осы хатты жазып отырмын. 15 Сөйтіп, егер кешіксем, сенушілердің «Құдайдың отбасының» мүшелері ретінде қалай әрекет етуге тиіс екенін сен білетін боласың. Ал Оның «отбасы» — мәңгі тірі Құдайдың қауымы; ол шындықты бағана мен тіреу іспетті көтеріп ұстайды. 16 Құдайға ұнамдылық туралы бізге ашылған мына құпияның ұлы екендігі еш шүбәсіз: Мәсіх адам болып дүниеге келді, Киелі Рух әділдігін дәлелдеді, Содан Мәсіх періштелерге көрінді, Халықтарға Ол жарияланды, Жер жүзінде Оған көбі иланды, Ол ұлылықпен көкке қабылданды.41 Құдай Рухы: «Соңғы дәуірде кейбіреулер сенімдерінен бас тартып, жалған рухтарға құлақ салып, жындар үйреткен ілімдерге еретін болады», — деп анық айтады. 2 Осындай ілімдер ар-ұжданнан әбден безген, екі жүзді өтірікшілер арқылы тарайды. 3 Олар: «Үйленуге және белгілі бір тағам түрлерін жеуге болмайды!» — деп үйретеді. Алайда сол тағамдарды Құдай Өзіне сеніп, шындықты білетіндердің шүкірлік ете отырып жеулері үшін жаратты. 4 Құдай жаратқандардың бәрі де адал; шүкірлік етіп қабылданған тамақтарға тыйым салуға болмайды. 5 Олар Құдайдың сөзін оқып, Оған сиынуымыз арқылы Оған бағышталып адал болады. 6 Осы нұсқауларды бауырластарға білдіріп, сеніміміз туралы сөздерден, ұстанған игілікті ілімнен нәр алсаң, онда Иса Мәсіхтің ізгі қызметшісі боласың. 7 Сол бір кексе әйелдердің бос аңыздарынан бойыңды аулақ ұстап, Құдайға ұнамды жүруге жаттыға бер. 8 Денені шынықтырудың біраз пайдасы бар, ал Құдайға ұнамды жүру барлық жағынан да пайдалы: Құдайдың уәдесі бойынша ол осы және болашақ өмірде де игілікті. 9 Бұл — дәл айтылған шынайы сөз; оны түгелдей қабылдау қажет. 10 Біз барлық адамдардың құтқарылуын қалайтын әрі Ізгі хабарға сенушілердің бәрін құтқаратын мәңгі тірі Құдайға сенімімізді арттық. Сол себептен жан сала еңбек етіп қорлыққа төзудеміз. 11 Осыларды нық уағыздап үйрет. 12 Ешкімнің де өзіңді жас деп менсінбей қарауына жол берме. Қайта, сенушілерге сөйлеген сөзің, мінез-құлқың, сүйіспеншілігің, сенімің және пәктігіңмен үлгі бол. 13 Мен барғанша Киелі жазбаларды оқып беріп, насихаттап сенімдерін нығайтып, тәлім берумен айналыса бер. 14 Қауым жетекшілері сенің үстіңе қолдарын қойып бата берген кезде Құдайдың Рухы білдірген хабарымен саған сыйлаған рухани дарынын елемей жүрме! 15 Осыларды орындап, өзіңді соған арна; бәрі де бұдан сенің алға басуыңды көре алсын. 16 Өзіңе де, үйретіп отырған іліміңе де мұқият ықылас аудар. Осыларды ұдайы атқара бер, сонда өзіңді және тыңдаушыларыңды күнәнің ықпалынан аман сақтайтын боласың.51 Жасы үлкен адамды сөкпе, қайта, өз әкеңе айтқандай ілтипатпен ескерт. Жас жігіттерге — туған бауырыңа, 2 егде әйелдерге — анаңа, ал қыз-келіншектерге — әпке-қарындасыңа қарағандай қарап, пәк таза болып жүр. 3 Шынымен мұқтаж жесір әйелдерді құрметте. 4 Егер жесірдің балалары не немерелері болса, онда бұлар алдымен өз отбасын қадірлеп, әке-шешелері мен ата-әжелерінің алдындағы борыштарын өтеп, өз сенімдерін іс жүзінде көрсетуді үйренсін. Өйткені бұл Құдайға ұнайды. 5 Ал шынымен мұқтаж, жалғыз басты жесірлер бар үмітін Құдайға артып, күні-түні Оған сиынып мінажат етеді. 6 Алайда тіршіліктің ләззатын ғана ойлайтын жесір әйел — тірі өлік. 7 Қауымның кінәратсыз болуы үшін осыларды насихаттап үйрет! 8 Туысқандарының, әсіресе үй ішінің, қамын ойламайтын адам сенімінен бас тартқан, ол тіпті Құдайға сенбейтіннен де жаман. 9 Жасы алпыстан асқан, күйеулеріне адал болған жесірлер ғана таңдалып, арнайы тізімге тіркелсін. 10 Олардың жасаған игі істері белгілі болулары керек, мысалы, балаларын тәрбиелеуі, қонақжайлылық танытуы, Құдайдың адамдарына қарапайым қызмет көрсетуі, бейшараларға көмектесуі, игілікті іс атаулының бәріне де өздерін арнауы. 11 Жастай жесір қалған әйелдерді бұл тізімге қабылдама. Олар тәндік құмарлықтарының жетегіне еріп, Мәсіхке берілгендігінен безсе, күйеуге шыққылары келеді. 12 Осылай олар алдыңғы уәделерін бұзып, айыпталуға душар болады. 13 Мұнан басқа, өздері жұмыс жасамайтындықтан, уақытты бос өткізіп, үй-үйді аралауды әдетке айналдырады. Олар еріншек болып қана қоймай, мылжыңмен әуестеніп, өзгенің жұмыстарына араласып, сөз қылуға болмайтын нәрселерді айтатын болады. 14 Сондықтан мен жас жесірлердің күйеуге шығып, балалы болып, үй шаруасын басқаруларын қалаймын. Солай олар дұшпанымыздың жамандауына жол бермеуге тиіс. 15 Кейбіреулері дұрыс жолдан тайып, шайтанның жетегіне еріп кетті ғой. 16 Егер сенуші (ер адамның не) әйелдің отбасында жесірлері болса, соларды қауымның иығына артып қоймай, өзі көмектессін. Сонда қауым шынымен мұқтаж жесірлерге көмектесе алады. 17 Қауымды жақсы басқаратын жетекшілер, әсіресе Құдай сөзін уағыздап, үйретуге еңбегі сіңгендер, ерекше құрмет пен қамқорлыққа лайық. 18 Себебі Киелі жазбаларда былай делінген: «Астық бастырып жүрген өгіздің аузын бума». Және: «Еңбек еткен ақысын алуға лайық». 19 Қауым жетекшілері айыпталғанда, ең аз дегенде екі-үш куәгер болмаса, соған құлақ аспа. 20 Басқаларды да сақтандыру үшін күнә жасаушыларға бәрінің алдында сөгіс бер. 21 Құдайдың, Иса Мәсіхтің және Оның таңдаулы періштелерінің алдарында саған мықтап ескертемін: осы нұсқауларды алаламай орында, еш нәрсені де біржақтылықпен істеме! 22 Адамдардың үстеріне қол қойып батаңды беруде асығыстық жасама! Әйтпесе олардың күнәларына сен де жауапты боласың. Өзіңді пәк таза ұста. 23 Айтпақшы, әлсіз асқазаныңа және жиі сырқаттануыңа бола бұдан былай тек су ғана ішпей, аздап шарап та іш. 24 Кейбір адамдардың күнәлары көзге айқын көрініп, оларды тікелей айыпталуға бастайды. Ал басқаларынікі кейінірек қана әшкереленеді. 25 Сол сияқты, кейбіреулердің игі істері де айқын көрінеді. Ал ашық білінбейтін іс-әрекеттер де жасырын қала алмайды.61 Құлдықта жүрген барлық қызметшілер қожайындарын құрмет атаулыға лайық деп есептесін! Әйтпесе Құдайдың есімі мен біздің ілімімізге жұрт тіл тигізіп жүрер. 2 Қожайындары сенуші болса, қызметшілері соларға рухани бауырласым деп тиісті құрмет көрсетпей жүрмесін! Керісінше, оларға одан да жақсы қызмет етуге тиіс. Себебі соның пайдасын көретіндер — олардың сүйікті бауырластары ғой. Осы нұсқауларды қауымға үйретіп ескерте бер! 3 Ал басқаша тәлім беріп, Иеміз Иса Мәсіхтің шынайы сөздерімен және Құдайға ұнамды өмір салтына жетелейтін ілімімен келіспеген адамдар 4 кеуделерін көтеріп, ешқандай шындықты білмейді. Олар тек сөздер туралы айтыс-тартысқа деген зиянды құмарлықпен ауырады. Бұл қызғаныш, дау-жанжал, жамандау және арам күдік тудырып, 5 ақыл-естері уланған, шындықты білуден ада болған адамдардың арасындағы үздіксіз ұрыс-керіске себепші болады. Ондайлар Құдайға ұнамдылықты байлыққа қол жеткізудің жолы деп санайды. 6 Расында да Құдайға ұнамды өмір сүріп, барға қанағат ету зор рухани байлыққа жеткізеді. 7 Бұ дүниеге ештеңе де әкелген жоқпыз, одан ештеңе алып кетпейтініміз де айдан анық. 8 Сондықтан ішер ас пен киер киім болса, соған қанағат етейік. 9 Ал баюға ұмтылғандар азғыруға ұшырап, өздерін апатқа, құрып кетуге апаратын көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтардың торына түседі. 10 Өйткені ақшақұмарлық — әр түрлі жамандықтың түп-тамыры. Кейбіреулер осыған бола сенімдерінен адасып, өздерін көптеген қайғы-қасірет пен өкінішке душар етті. 11 Ал сен, Құдайдың таңдаған адамы, мұндайлардан алшақ жүріп, әрдайым әділ, Құдайға ұнамды өмір сүріп, сенім мен сүйіспеншілікке, төзімділік пен ілтипаттылыққа ұмтыла бер. 12 Сенімнің ізгілікті мүддесі үшін жан сала күресіп, мәңгілік өмірді берік ұстан. Құдай сені осыған шақырды, өзің де көптеген куәлардың алдында Ізгі хабарды мойындадың. 13 Барлық жаратылысқа өмір сыйлаған Құдай алдында және Понти Пилат тергеген кезде Ізгі хабарды табандылықпен мойындаған Иса Мәсіх алдында саған мынаны аманаттаймын: 14 берілген нұсқауларды Иеміз Иса Мәсіхтің қайтып келіп, ұлылықпен көрінетін күніне дейін мүлтіксіз, таза орында! 15 Құдай Өзінің белгілеген кезінде Мәсіхті салтанатпен көрсететін болады. Ол — мадақталған, бірден-бір қуатты Билеуші, патшалардың Патшасы, иелердің Иесі, 16 мәңгіліктің жалғыз Иесі! Ол ешкім жақындай алмайтын нұрда тұрады, ешбір адам баласы Оны көрген де емес, көре де алмайды. Қадір-құрмет пен билік мәңгі Онікі! Аумин. 17 Осы дүниелік мал-мүлікке бай сенушілерге мынаны ескерт: олар менмен болмасын және сенімдерін өткінші байлыққа емес, Құдайға артсын! Ол адамдар рақатын көрсін деп игіліктердің бәрін сыйлайды. 18 Байлар жақсылық жасай беріп, игі істерге дарқан әрі жомарт болып, басқалармен бөліссін. 19 Осылай олар өздеріне келешек заман үшін игілікті негіз болатын рухани қазына жинап, мәңгілік, шынайы өмірді берік ұстанбақ. 20 О, Тімоте, қамқорлығыңа сеніп тапсырылғанды аман-есен сақта! Жарамсыз, бос сөздерден және «білімпаздық» деп қате аталатын, шындыққа қарсы тұратын ілімдерден аулақ бол! 21 Кейбіреулер оларды ұстанып, жариялап, сенім жолынан тайып, адасып кетті. Лайым Құдай сендерге жар болып, рақымын жаудыра берсін! (Аумин.) |